Қазақстан • 21 Қазан, 2019

Биометриялық төлем жүйесі де жақын

463 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада «Астана LRT» ЖШС Face pay биоме­триялық мәлімет­тер ар­қылы жолақы төлеу­дің жаңа тәсілі туралы бас­пасөз мәслихатын өт­кіз­ді. Шара барысында жаңа төлем жүйесінің ерек­шеліктері айтылды.

Биометриялық төлем жүйесі де жақын

Жоба жасаушыларының ай­­туын­ша, Face PAY –  био­метрия­лық мәліметтермен басқару жү­йесі. Бұл әртүрлі міндеттерді адам­­дарды тану функциясы ар­қылы шеше алады. «Астана LRT» ЖШС үшін бұл бастама – жолақы төлеудің электронды жүйесін жолаушыларға ыңғайлы етудің тағы бір мүмкіндігі. Компания қо­ғам­дық көлікті және оның төлем жүйесін дамытуда әрқашан жаңа мүм­кіндіктер үшін ашық. Қазір төлемнің жаңа тәсілі техникалық тестілеуден өтуде. Face PAY жү­йе­сінің артықшылықтары: жеңіл­детілген және ыңғайлы төлем, 60 минут ішінде тегін ауы­сып отыру, билеттеуді автоматтандыру, бағ­дар­лық көлікті мониторингілеу, жо­лаушылар ағынын талдау, гео­лока­ция бо­йынша тарифтеу, клиент­­ті санат­тандыру, автокөлікті есепке алу, сапарларды нақтылау. Face PAY арқылы қоғамдық көлікте жол ақысын төлеу үшін telegramда @facepay_bot бот бағдарламасын та­бу, ЖСН нөміріңізді тіркеу, суретке түсу, банк картасын енгізу керек.

Жолаушы өз деректерін пай­далануға рұқсат берген­нен кейін, жабдық орна­тылған автобусқа кіріп, жол ақысын төлей алады. Билет дереу telegram-ға келеді. Әзірлеушілер хабарлағандай, пай­даланушылардың жеке деректері сенімді қорғалады.

«Биометриялық (бет-бейне арқылы) төлеу жүйесі біздің серік­тестеріміз IPAY және ForteBank-пен жасаған қанат­қақ­ты жобамыз. Осы жобаның тестілеу нұсқасын 1 апта бұрын қалалық 10 және 5-автобустарда жүргізуді бастадық. Қазір осы төңіректегі жұмыстарды жал­­ғастыру үстіндеміз. Қанат­қақты жоба бізге басталған істің кемшілігін немесе артық­шы­лығын анықтап, оның толық­тыратын, болмаса алып тастайтын жерлерін саралауға мүмкіндік береді. Қазір «Астана LRT» ЖШС көптеген төлем жүйелерін ен­гізіп отырғаны белгілі. Оның ішінде карта, банктік карта, соны­мен қатар смс хабарламалар арқылы төлейтін 8 бағдарлама бар екенін айта кету керек. Бұл жерде тұр­ғын­дар қоғамдық көлікте өзіне ың­ғ­айлы түрін пай­далану арқылы жолақысын төлейді. Бұған дейін Қытайда Alibaba компаниясы тамақтану орындарына арналған Alipay деген атаумен төлем жүйесін енгізген болатын. Сонымен бір­ге Ұлыбританияда метро жо­ла­қысын төлеу үшін бастаған жүйе толық іске асырыл­маған. Ал біздің қоғамдық көліктегі био­метриялық төлеу жүйесі ал­ғаш­қы жоба деп айта аламыз», деді «Астана LRT» ЖШС бас­қару­шы директоры, басқарма мү­шесі Дәурен Нұралиев.

Айта кететін тағы бір жайт, 2018 жылдан бастап елорда қо­ғамдық көліктері толықтай элек­тронды төлем жүйесіне көш­кен болатын. Сол жылдың қыр­­күйе­гінен бастап SMS және QR-код арқылы жолақысын төлеу енгізілді. Ал «Senim», «Ipay», «SMSBAS», «OYBY» мо­бильдік бағдарламаларының ерек­шеліктері – ұялы телефон ар­қылы жолақысын дереу төлеуге мүмкіндік береді.