Аймақтар • 21 Қазан, 2019

Меценаттың мырзалығы

385 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жезқазған қаласында Қазақстан халқы Ассам­блеясының «Қайырымдылық кер­уені» акциясы аясында өңірге аты мәш­һүр ме­ценат Бекзат Алтынбеков көп балалы отбасыларға толымды тарту жасап, сый-құрмет көрсетті. Бұл жолы жомарт жан ұсынған көмекке үйінде тоғыз баласы бар Ахметовтер мен алты бала өсіріп отырған Бейсенбаевтар отбасылары ие болды.

Меценаттың  мырзалығы

Негізі «Қайырымдылық керуені» Жез­қазған қаласында біраз жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан шарапатты шара. Меценаттың айтуынша, биылғы акция көпбалалы отбасыларға құрмет көрсетуді алдына мақсат етіп қойған екен.

–Негізі, бірнеше отбасының әлеуметтік жағдайын жан-жақты қарастырып, ірік­теу­ден өткіздік. Олардың ішін­де таңдау көмекке зәру бол­ғанымен де, үйішілік ын­тымағы айрандай ұйып отырған ша­ңырақтарға түсті, – деген меценат көп­балалы Ахметовтер мен Бейсенбаев отбасыларына «Егемен Қазақстан» газеті атынан әрқайсысы 100 мың теңге тұратын қалы кілемдерді тарту етті. Сондай-ақ аталған отбасылардың балаларына маусымдық киім-кешек алғанға деп 100 мың теңге көле­мінде ақшалай көмек көрсетілді.  Бұдан бөлек, екі үйге  жеміс-жидек пен азық-түлікке толы себеттер сыйға тартыл­ды. 

Биылғы «Қайырымдылық керуені» акциясы ел газеті «Егемен Қазақстанның» 100 жылдық мерейтойы аясын­да өткендіктен, меценат Бекзат Алтынбеков Жез­қаз­ған-Ұлытау өңірінің мәде­ни өміріне өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген «Ақ әжелер» ансамблінің мүшелеріне тамаша тарту жасады. Жомарт жүректен ұсынылған жеміс-жидек толы себеттен бөлек, 10 өнер­паз әженің әрқайсына бас басылымның  бір жылдық жазылым купондары табыс етілді.

–Біз әжелеріміздің отбасында, жалпы қазақтың әр шаңырағында ел жаңалығын жеткізетін «Егемен Қазақстан» газетінің болғанын қалаймыз. Сол себепті алдағы уақытта да көмекке мұқтаж қарияларымыз бас басылымды жыл бойы оқып тұруы үшін газетке тегін жаздырып отыратын боламыз, – деді меценат.

Қарағанды облыстық мәс­ли­хатының депутаты, об­лыстық «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы, Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Бекзат Алтынбеков 15 жылдан бері қайырымдылық істерімен айналысып келеді. Жомарт жанның жа­қын­да ғана жоғары деңгейде өткен «Тұлға» сыйлығын тапсыру шарасы көп ша­руасының бірі ғана. «Тұлға» демекші, меценат бұл сыйлықтың ресми түрде бекітіліп, арнайы дирекциясы мен қоры құрылып, алдағы уақытта ақпарат, өнер, білім салалары бойынша жыл са­йын дәстүрлі түрде тапсырылып тұратынын мәлім етті.

Еске салсақ, Бекзат Алтын­бековтің же­ке бастамасымен биыл тұңғыш рет өткен «Тұлға» сыйлығының тапсырылу салтанаты ел газеті «Егемен Қазақстанның» 100 жыл­дық мерейтойына арналды.

 

Қарағанды облысы,

Жезқазған қаласы