Қоғам • 22 Қазан, 2019

Үлкен көлемдегі есірткі тәркіленді

387 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің есірткіге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткі сатады деген күдікпен Аққайың ауданының орталығы Смирнов кентінің 50 жастағы тұрғынын ұстады.

Үлкен көлемдегі есірткі тәркіленді

Басқармаға түскен жедел ақпарат бұрын сотталған тұрғынның есірткі сатумен айналы­са­тынын астыртын жеткізген. Осы хабармен келген полиция қызметкерлері үйді тінту барысында «спейс» атты синтетикалық психотропты заттың бір реттік 600 дозасын тауып, тәркіледі. Бұл химиялық есірткінің үлкен көлемі деп саналады. Ұсталған адам оны қалташықтарға бөліп, сатуға дайындап қойғаны да белгілі болып отыр.

Бұл туралы журналистерге облыстық поли­ция департаментінің есірткіге қарсы күрес басқармасының бастығы, полковник Жандос Басыбаев хабарлады. Сонымен бірге ол ұсталған адамның үйінен этил спир­тінің флакондары, ақ түсті белгісіз ұнтақ­тар, қалташықтардағы дәріханалық шөп­тер және т.б. табылғанын айтты. Күдікті осы­лар­дың бәрін араластырып, психотроптық заттар дайындаған. Қазір осы заттардың бәрі сараптамаға жіберілген.

Ұсталған күдіктінің үстінен Қылмыстық Кодекстің 297-бабының екінші тармағы бо­йынша қылмысты іс қозғалып, уақытша ұстау оқшаулағышына отырғызылды.

Осы жылдың 9 айында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша есірткіге қатысты құқық бұзу бойынша 151 бұзушылық тіркелген. Соның ішінде 96 қылмыс, 55 ауыр және аса ауыр қылмыс деп бағаланған. 34 факті бо­йынша есірткі сатушылық қылмысы тіркелген. Есірткіге қарсы күрес қызметкерлері барлығы 393 кило есірткілік заттар тәркілесе, соның 114 грамы героин, 93 грамы кокаин және 1 килограмнан артығы синтетикалық есірткілер болған. Қылмысты іске тартылған адамдар саны 94-ке жеткен.

 

Солтүстік Қазақстан облысы