Спорт • 22 Қазан, 2019

«Барыс» овертаймда басым түсті

247 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорданың «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) ая­сындағы кезекті тур ойынын «Ба­рыс Аренада» Мәскеу облысының «Витязь» командасына қарсы өткізіп, 3:2 есе­бімен басым түсті.

«Барыс» овертаймда  басым түсті

Соңғы екі ойында қарсыластарынан овертаймда жеңілген жерлестеріміз бұл жолы қосымша уақытта жеңіске жетті. «Барыс Аренаға» жиналған 8 мың жанкүйер 5 голдың куәсі болды. Матчтағы есепті бірінші қонақ команданың ойыншылары ашты. Алғашқы минутта Александр Семин мергендігімен көзге түскенімен, «Барыс» сапынан Антон Сагадеев жылдам голмен қарымта қайтарды. Үзілістен кейін Дастин Бойд «Барысты» есепте алға шығарса, үшінші кезеңде Александр Семин ойындағы екінші шайбасын соғып, таблодағы көрсеткішті теңестіріп кетті. Сөй­тіп ойын тағдыры овертаймда шешілді. Қосымша уақыттың 3-минутында Дастин Бойд дубль авторы атанып, командасына маңызды жеңіс сыйлады.

Бүгінге дейін 18 кездесу өткізген «Барыс» тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде үшінші орында келеді. Жерлестеріміздің қоржынында 26 ұпай бар. Енді «Барыс» командасы алдағы үш ойынын сыртта өткізеді. Бүгін Минскінің «Динамо» командасымен кездессе, 24 қазанда «Локомотив» (Ярославль), 26 қазанда «Ақ Барс» (Қазан) клубымен ойнайды.