Аймақтар • 23 Қазан, 2019

Ақмоланың астығына сұраныс мол

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Диқан қауымның көңілін күпті еткен астық үшін арпалыс та аяқталды. Ендігі шаруа қамбаға құйылған дәнді електен өткізіп, сұрыптап, кептіру.

Ақмоланың астығына сұраныс мол

Биыл астыққа сұраныс мол. Бағасының өсуі де содан. Қазіргі күні алқаптағы жұмыстар аяқталғанымен, элеваторлардағы қауырт істің көрігі қыза түсуде. Биыл Есіл ауданының диқандары 440 мың гектар егістік алқабына дән тұқымын сіңірген болатын. Күзгі орақтың нәтижесі белгілі болып отыр. Шығымдылығы шамамен гектарына 10 центнер. Жаздағы қуаңшылық пен қыркүйектегі сүмбілені ескерсек, бұл көрсеткіш те жаман емес.

–Есіл элеваторы – сонау тың игеру жылдарының сарқыты. Дала төсін еңбек әуеніне бөлеп, ел ырыздығы үшін тыңғылықты еңбек еткен диқандар енді еңбек майданын астық сақтайтын кәсіпорындарда өрістетіп жатыр. Бұл элеватордың іргетасы сонау 1964 жылы қаланыпты. Содан бері үздіксіз қызмет етіп келеді. 84 мың тонна астық қабылдауға қауқарлы. Әрбір маусымның өз ерекшеліктері бар. Мәселен, биыл алқаптан жеткізілетін астық дымқыл болғанымен, есесіне қамырлылығы жоғары,– дейді «Есіл-Дән» серіктестігінің жетекшісі Қайрат Айтықов.  

Серіктестік жетекшісінің айтуына қарағанда, тәулігіне бір жарым мың тоннаға дейін астық тасымалдануда. Дән кептіріліп, сұрыпталғаннан кейін еліміздің оңтүстік аймағына, Орта Азия мен Иран мемлекеттеріне жөнелтіледі.

Үстіміздегі жылы элеватор кептіру мен сұрыптауға арналған құрал-жабдықтардың біраз бөлігін жаңартыпты. Жұмыстың өнімді болуына бұл да сеп.

–Техникалық қамтамасыз ету бағытында биыл қыруар іс атқардық. Астықтың сапасын анықтайтын зертхана жаңартылды. Астық тазалайтын сепораторлар 50 процентке заманауи қондырғылармен алмастырылды. Осындай ілкімді істің арқасында тез тазарлап жатырмыз,–дейді бас инженер Захан Қырықбашев.

Астықтың қамырлылығы, ақуыз салмақ бөлігі мен дымқылдылық тәрізді сапаларды зертханадағы сараптау өте дәл көрсетеді. Осы бір қауырт шақта күні-түні элеваторда еңбек етіп жатқан 55 адамның жұмысы дәл осы жерден басталады.

Ырыс ысырапсыз жиналса, диқан қауымның ақ еділ еңбегінің ақталғаны.