Аймақтар • 23 Қазан, 2019

Зерендіде Дүйсен биге ескерткіш ашылды

1054 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қара сөздің қаймағын қалқыған, ел ішіндегі дау-шарды әділ шешіп, ынтымағын бекемдеген, батырлығымен қол бастаған Дүйсен би Есенберліұлына қойылған ескерткіштің ашылуы өзгеше бір өңді шара болды.

Зерендіде Дүйсен биге ескерткіш ашылды

Зеренді өңіріндегі Қошқарбай тауының етегін жайлаған, Қарауыл Дүйсен биден тараған тоғыз  ауылдың тұрғындары бас қосып, кешегі ел тұтастығы, қазақтың ауызбірлігі жолында қияпат тер төккен қасиетті аталарының есімін тағы бір жаңғыртты. Абылай хан заманында әділ би, әскери қолбасшы болған Дүйсен би ескерткішінің ашылу салтанатының өзі кейінгі ұрпақ үшін өміршең өнеге, әдемі үлгіге айналды.

–2011 жылы атамыздың аруағын тебірентіп үлкен жиын өткізген болатынбыз. Ескерткіш орнату жайлы бір арман жүрегімізде жүретін. Ең қиыны бейнесі. Ал, өмірі, тағылымды ісі ел жадында. Ақылдасып, көңілдегі нобаймен кескінін бейнеледік. Жүзден артық адам сараптауға қатысты. Ұрпақтары қаражат жинап, ата атын ардақтап, осындай бір игілікті іс істедік,–дейді өлкетанушы ғалым Қасымхан Құсайынов.   

Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламалы заманда халқына қамқор болған Дүйсен би туралы тарихи деректер ауыздан-ауызға көшіп, кейінгі ұрпағына жетті. Ел қамын ойлаған игі ниет, зор еңбек ешқашан ескірмейді ғой. ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардың тоғысында өмір сүрген Дүйсен би Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жанында жерленген. Қасиетті жерден бір уыс топырақ әкелініп, ескерткіш түбіне салыныпты. Ескерткіштің ашылу рәсіміне жиналған жұрт іргедегі би ұрпақтары тұратын  Айдарлы ауылының білім ошағындағы кемеңгер тұлға Қарауыл Дүйсен бидің мұражайын аралап көрді. 

Жиналған жұрттың әрқайсысы асылдарын ардақтап, ұлыларын ұлықтауға жол ашқан «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының мәні мен мазмұны терең әрі елдің ертеңгі игілігіне бағытталғандығын жүрек түпкірімен сезініп отырғандықтарын жеткізді.