Президент • 24 Қазан, 2019

Елбасы – Цукуба университетінің Құрметті докторы

213 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Жапонияға сапары барысында Цукуба университетінің Құрметті докторы атағы берілді.

Елбасы – Цукуба университетінің  Құрметті докторы

Жапонияның беткеұстар беделді білім ордасы Цукуба университетінде салтанат құрған марапаттау рәсімінде Елбасы Жапония мен Қазақстан арасында екіжақты достық қарым-қатынас пен жемісті серіктестік орнағанын атап өтті.

–Ең алдымен, Жапония еліне бесінші рет сапарлап келгеніме қуаныштымын. Мен де Акихито император секілді осы жылы өз өкілеттігімді тоқтаттым. Токиоға Қазақстанның Тұңғыш Президенті және Елбасы лауазымымен алғаш келіп тұрмын. Хэйсэй дәуірінде Жапонияға жасаған сапарларымда императормен және үкіметпен екіжақты халықаралық байланыс мәселелерін талқылау барысында өзара келісімге келе білдік. Қазақстан мен Жапонияның дипломатиялық қарым-қатынасы Нарухито император тұсында да жемісті болатынына сенімдімін. Жапония – Қазақстанның Азиядағы басты серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы қарым-қатынас кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық деңгейіне жетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Архив-2025» бағдарламасы аясында Қазақстан мен Жапонияның бірлескен жұмыс жоспарларын қарастырғаннан кейін, Елбасы жапондық тарапқа жылы қабылдауы мен жемісті ынтымақтастығы үшін алғыс айтты.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылу барысына да тоқталды.

–«Рухани Жаңғыру»  бағдарламасының негізгі элементтерінің бірі – «Архив-2025» жобасы. Бұл ежелгіден қазіргі заманға дейінгі барлық отандық және шетелдік мұрағаттардағы іргелі зерттеулерді қамтиды. Мен Жапония Үкіметіне және Мәдениет агенттігінің төрағасына осы бағдарламаны жүзеге асыруда көрсеткен қолдауы үшін алғысымды білдіремін. Соның арқасында біз электронды білім кеңістігін құрып, деректерді мұрағаттау саласындағы алдыңғы қатарлы жапондық тәжірибеге ие боламыз, – деді Елбасы.

Жапонияның Мәдениет агенттігі Қазақстанда мұрағат деректерін цифрландыру бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыруға мүдделі. Жобаның нәтижесі бірыңғай электронды кітапханада жинақталған, цифрландырылған кітап, мұрағат, музей қорлары негізінде электронды білім кеңістігін қалыптастыру болмақ.

Жапон тарапы зерттеу, мұрағат деректерін есепке алу және сақтау технологияларын беруге, зерттеу әдістерімен бөлісуге және материалдарды цифрландыруға дайын екендіктерін білдірді.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Цукуба университеті өзінің терең тарихымен танымал әлемдік деңгейдегі білім беру және зерттеу орталығы саналатындығын ерекше атап өтті.

–Мен үшін Жапонияның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі Цукуба университетінің Құрметті докторы атағына лайық болу – үлкен мәртебе. Аталған университет – терең тарихымен танымал әлемдік деңгейдегі білім орталығы. Цукуба – Нобель сыйлығының лауреаттары ең көп шыққан жапон университеттерінің қатарында. Сіздің университетіңіз қазақстандықтар арасында да үлкен сұранысқа ие. Біздің 105 студентіміз Цукуба дипломын алды. Олардың көпшілігі – «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары. Жапонияға 2016 жылғы сапарымда Токай университетінің Құрметті докторы атанған едім. Жапонияның тарихы терең, беделді ғылыми-зерттеу орталықтарының қолдауы – қазақ еліне деген құрметтің белгісі, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Бұған қоса Елбасы еліміздің білім саласындағы жетістіктеріне тоқтала келіп, Қазақстанда білім беру мен жас­тар саясатын дамытуға үлкен мән беретіндігін айтты.

–Өз тарапымнан Қазақстанда әрқашан білім беру мен жастар саясатын дамытуға үлкен мән бергенімді атап өткім келеді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша мыңдаған қазақстандық мемлекет қолдауымен әлемнің үздік жоғары оқу орындарында тегін білім алды. Елдегі білім деңгейін көтеру мақсатында халықаралық талаптарға сай заманауи Назарбаев және Қазақ-Британ техникалық университеттері секілді жоғары оқу орындары мен барлық өңірде дарынды оқушыларды қабылдайтын зияткерлік мектептер салынды. Аталған жоғары оқу орындарының түлектері Кремний алқабында Google, Microsoft, Apple секілді компанияларда қызмет етеді. Әлемнің жүздеген үздік оқулықтары қазақ тіліне аударылды. Мұның барлығы – бүгінгі қиын ахуалда қазақ елінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында жасалған қадамдар. 2019 жыл Қазақстанда Жастар жылы деп жарияланды. Бұл бастама еліміздің жастарына мүмкіндігі мен әлеуетін толығымен жүзеге асыруға серпін берді. Сондай-ақ елімізде Назарбаев университеттің негізінде Astana Business Campus және Алматыда «Алатау технопаркі» секілді екі зияткерлік-инновациялық кластер жұмыс істейді. Нақты ғылыми-өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру үшін жоғары технологиялық компаниялар мен университеттер жұмылдырылған. Елімізде білім беру мәдениеті қоғамның ажырамас бөлігіне айналғаны бізді қуантады, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Цукуба мен Қазақстан университеттерінің арасында ғылыми-академиялық салада серіктестік жолға қойылғанын алға тартып, Жапония тарапын Қазақстанның технологиялық парктерімен сенімді байланыс орнатуға шақырды. Сөз соңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті барлық қатысушыларды император Нарухитоның таққа отыруымен және Жапонияда Рейва дәуірінің басталуымен құттықтады.