Қоғам • 24 Қазан, 2019

Көшбасшы көргенді болуы керек

522 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Түрлі ұжымдарда қызметкерлер арасында қалыптасатын қарым-қатынастар әртүрлі болады. Кей жерлерде ол жайлы, адамдардың бір-біріне деген қимас жанашырлығы қалыптасса, тағы бір жерлерде ол қиындап, неше түрлі қысастықтар қолдан туып жатады.

Көшбасшы көргенді болуы керек

Күнделікті өмірде байқа­май­мыз, ұжымдағы адамдар арасындағы қаты­нас негізінен басқарушылардың ілти­паты мен пейіліне байланыс­ты болады. Кеңпейілді басшы болып, адамгершілігі зор болса, бағыныш­тыларына да сондай мінез қалыптасып, айналаның бәрінде жағымды, жайлы қатынас орнайды. Ондай жер­­дегі адамдар көңілді, жұ­мыс­қа да ынтасы зор болады. Осындай мінез жаппай қалып­­тас­қан­дықтан, еңбектің жетіс­тіктері де зор болады.

Өзіміздің өмірімізде көр­ген сондай басшының бірі туралы айта кеткіміз келіп отыр. 

Кезінде Қызылжар қала­сында бүкіл­одақтық абыройы бар «Союзце­линвод» деген ауыз су тартатын трест болды. Оны бірінші күнінен құрып, жиырма бес жыл басқарған қазақтың нарқасқа азаматы – Қаттай Бектасұлы Кен­шінбаев марқұм еді. Трест жалғыз Қазақстан емес, бір шеті Қап тауы, Орталық Азия елді мекендеріне дейін 16 мың шақырымның құбы­рын тартып, Гиннестің рекордтар кітабы­на да енген. Жалғыз су құбырын ғана емес бұл трест Петропавл қаласында жүз­деген тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар тұрғызды. Егер Қаттай ағаның орнында басқа бір ұлттың адамы болса ол Еңбек Ері атағын да, тіпті лениндік сыйлықты да  алған болар еді. Амал не, ол жылдары қазақ басшыларына деген салқын көзқарас өрістеп тұрған. Әсіресе, біздің солтүстікте қиын еді ғой. Сондықтан оны құрметтеу тек төрт рет орден берумен ғана шектелген. Тіпті орнына қызыққандар да көп бол­ға­нын білеміз, бірақ ағамыз «құры­ғын­а қылау салдырмай» дегендей 25 жыл бір орнында отыра алды. Сөйтіп қазақ азаматының инженерлік ақыл-ойы да басқалардан кем емес екенін дәлелдеп берген.

Біздің бұл жерде айтайын дегеніміз Қаттай Кен­шін­баевтың еңбегі емес, ұжы­мында қалыптастыра білген адам­гершілік ахуал еді. Трестің дәуір­леп тұрған жылдарында оған барған әр­бір адам өзінің қадірін сезініп, мар­қайып қалатын. Өйткені бастық­тың ілтипатымен қа­лып­тас­қан тәртіптен бар­лық қызметкерлер сыпайы, кез келген адамға құрақ ұшып, жылы қабақ таныта­тын. Келген жан бірден адамгер­шілік жылылықты сезінетін.

Ол кездегі кәсіпорындар адамды, оның қасиеті мен қадірін екінші орынға сырып, бірінші орынға жос­парды орындау мақсатын алға қоятын еді ғой. Қайт­се де жоспардан қалып қой­мау, оны уақытында орындау мін­дет болатын. Барлық құрмет, сыйақы, тіпті еңбекақы да соған байланып қалған. Егер жоспар орындалмаса соның бәрі адыра болып, мақ­таудан, құрметтеуден қағыласың. Тек жос­парды орындағанда ғана жақсы бас­тық, жақсы қызметкер, жақсы маман атанасың. Басқа дүние көзге ілін­бейді. Осындайға басы-бойымен бері­ліп кеткен бастықтар адамгершілік қа­т­ынас­тарды, сыпайылық­ты қайт­сін. Барлық ақыл-ойын, күш-жігерін жос­парды орындауға бағыттап, ащы дауыс­тары да шығып жататын.

Тек Кеншінбаев сияқты текті, асыл адамдар ғана адам­гершілікті алға қоя біл­ген еді. Көргенді адам көлденең сөзге бармай, тек ақыл-оймен, білім-бі­лік­пен ғана жол табатын. Соның өзі­­мен ол таудай қиындықтарды еркін еңсеріп, кәсіпорны үнемі алда жүре­тін. Әрі жоспарды орындап, әрі адам­гер­шілікті сақтап, тіпті оны бар­лық ұжымына да еге білген ол сол заман­дағы айрықша жан еді.

Ағаның өзі де сондай қарапайым болатын. Бір­де «өзіңіз туралы айтып бері­ңізші, сіз феномен адамсыз ғой» дегенімде, ол жымиып күліп, кейін айтармын деп әңгі­мені басқа тақырыпқа айнал­дырып жіберген еді.

Суырылған шешен де емес екенін көргенбіз. Мін­берден сөйлегенде дауы­сы қарлығып, тамағын жиі кенеп тұратын. Көсемдік көрегендігі де көзге түскен емес. Тек оның ішкі жан дү­ние­сі­нің қуаты күшті болған сияқты. Соны­мен бірге ол өз мамандығын жетік меңгерген еді. Егер ол аяғын сәл ғана шалыс басқан болса итеріп қалу­ға дайын тұрғандар ол кезде көп бола­тын. Ауқымды ойлай білетін ой-жү­йе­сі де өзі атқарған алып істерді еркін меңгеруге мүмкіндік берген болуы керек. Трестің табы­сы жыл өткен сайын артып, оның де­меу­шілік қарымы арта берген. 

Жуырда бір танысым: «сен білесің бе, біздің облыста ең алғашқы «Джип» машинасын Кеншінбаев алды ғой. Миллионер кеңшардың директоры неміс Паль одан кейін алған», деді. Осыны естігенде «қайран Қаттай ағай-ай, сіз бұл жерде де қазақтың намысын қолдан бермеген екенсіз-ау» деп мен тебіреніп қалдым.

Қазір «табысты лидердің» қандай қасиеттері болу керек деген сауалға интернет бетінде жүздеген жауаптар жүреді. Соның бірінде көш­бас­шының ең басты қасиеті – жұмыстан тыс уа­қыт­та бағыныштылармен жылы, дос­тық қатынас орнатудың маңызы зор еке­нін жазады. Қаттай ағаның қолас­тын­да істегендер де оның ұжыммен бір­ге болып, жиі-жиі табиғат аясына шы­ғып тұратындарын жазады. Сон­дайда ағамыз бағыныш­тыларының тұр­­мыс­тық хал-ахуалдарын сұрап, жа­қын әң­гімелесіп, қиын­шылық көріп жүрген­дерге міндетті түрде көмек жасай­тынын айтады.

Біздің облыста алғашқы отба­сы­лық балалар үйін ашу қолға алынғанда да оларға арналған коттеджді Кеншін­баев салдырып берген еді. Қай жерде жаңа­дан ашылған игілікті іс болса, соның басында Қаттай аға жүретін.

Қазір осындай басшылар бар ма деген сұрақты өзімізге жиі қоямыз. Әрине, бір кезде дамудың локомотиві жоспар болса, қазір үлкен табыс. Қайтсе көп ақша табамыз деген басшылар басқаны ойламайтын секілді. «Бар жақсы байлықтан да, биліктен де, бар істі ақша бұзар киліккенде» деп Абай данышпан тегін айтпаған ғой.

Солтүстік Қазақстан облысы