Аймақтар • 24 Қазан, 2019

Обырмен күресте орнықты бағдарлама керек

212 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында Дүниежүзілік онкологиялық саммит өтті. Аталған жиынға Обырды бақылау жөніндегі халықаралық одақтың президенті (UICC), Иордания Хан­шайымы Дина Майред қатысты. Біз елордаға келген саммиттің мәртебелі мейманына халықаралық одақтың қызметі жайлы бірнеше сауал қойған едік.

Обырмен күресте орнықты  бағдарлама керек

– Аса мәртебелі Ханшайым, сіздің осы қатер­лі аурумен күрес жолына түсуіңізге ұлыңыздың ақ қан ауруына шалдығуы себеп болғанынан хабардармыз. Халық­ара­лық одақтың жетекшісі ретінде сізге әлем бойынша онколог­иялық аурулар мәселесіндегі проблемалар бес саусақтай аян. Бүгін­де обырдан төнген қауіп қаншалықты ауыр? Әңгімені осы тақырыпта өрбітсек...

– Ұлымның қатерлі дертке ұшырауы және оны жеңу жо­лындағы күрес мені осы жауап­кершілігі өте ауыр жол­ға салды. 1997 жылы 2 жасар балам лейкемиямен ауырғанда Иорданияда заман мен уақыттың талабына сай клиникалар бол­ғанымен, ұлымды емдеуде жақсы нә­тижеге жете алмайтынымызды білдік. Сондықтан АҚШ пен Ұлыбританияға сапар шектік. Қазір баламның жа­сы 24-те, әлхамдулла, сыр­қа­тынан жазылып кетті. Осы жағдайдан соң өз елі­міз­де ауруды неліктен же­ңе алмадық деп сауал қой­дық. Ал жоғарыдағы ел­дер­дің тәжіри­бесінен бай­қа­ғанымыз, онда жоғары дә­­режелі, халықаралық стан­дарттарға жауап бере­тін кли­ника жұмысын ұйым­дастыратын білікті менедж­мент қалыптасқан екен. Со­нымен Иорданияға да медицинада білікті менеджмент керектігін ұғынып, соған мән берген едік, аз жылдың ішінде біраз жетістікке жет­тік. Ал әлемде бұл дерттің құр­сауына түскендер саны өте көп және жылдан-жылға артып келеді. 2018 жылы 18 млн адамға жаңадан обыр диагно­зы қойылып, 9,6 млн адам осы сыр­қаттан көз жұмған. Бұл қаншама ресурс, қандай ауыр қайғы?!

2018 жылғы онкоауруларды саралай келгенде қай жыныстың адамдары да өк­пе, асқазан, ішек, бауыр обы­рына шалдығатыны, әйел­дерде жатыр мойыны, ер­лерде қуық обыры көбірек бо­латыны анықталды. Назар аударатын басты мәселе – дүние салғандардың 70 па­йызын орта және ортадан табысы төмен елдердің азаматтары құрайды екен. Ал жоғары дамыған мемлекеттерде обырдан көз жұму саны әлдеқайда төмен.
Халықаралық одақ бар­лық науқастардың, мейлі ол қай елдің, дамыған ба, дамушы ма, иә кедей мемлекеттің азаматы ма, бәрібір, онколо­гия­лық аурудан емделуде бір­дей жетістікке жетіп, ажал тырнағынан аман қалу үшін бірдей мүмкіндіктерге же­­туі жолында күреседі, сол жолда тер төгіп келеді.

– Өзіңіз айтқандай, ал­­пауыт елдердің обырды жең­удегі нәти­желері жо­­ға­ры. Ал өзге жұртқа оған жету үшін қандай қадам­дар керек?

– Обырға қатысты картина әр елде әрқалай. Сол се­бепті әр мемлекеттің оны­­­­мен күресте өз бағ­дар­­ла­­масы болуы керек. Қа­зақстанда мұндай бағдар­лама жасалғанына көз жеткіздік және ауруды ерте анықтау үшін тегін скрининг өткізіліп, оған мемлекет тарапынан 4 млрд тең­ге қаражат бөлінеді екен. Соған қарамастан, Қа­зақ­стан мен Иордания көр­сет­­­кіштері деңгейлес, 50 па­­­йыздың маңайында. Бұл Батыс Еуропа елдеріндегі іспетті ауруды жеңуде жетпей жатқан дүниелер бар деген сөз. Соның ең негізгісі, халықтың құлағына дұрыс ақпарат жетіп, обырдың жеңуге болатын дерт еке­нін ұғынуы. Бұл үшін ауру­дың алдын алып неме­се енді басталып келе жат­қанда тұншықтыру керек. Сондықтан тұрғындар жылына ең болмағанда бір рет денсаулықтарына мән бе­руі, тексеріліп тұруы өте ма­ңыз­ды. Ал Қазақстанда мұндай жағдай жасалған, азаматтар тегін скриниг­тен өте алады. Саммитте әлем­де обырды сапалы түр­де ерте диагностикалау, аза­мат­тардың емделуіне жұм­­­салатын қаржылық шы­ғын­дарды бақылау, не­ғұр­лым халықтың көп бө­лігін тексеруден өткізуді қам­ту жайында көптеген ке­лелі ой­лар айтылды, мәсе­лелер көтерілді.

– Обырды бақылау жө­­нін­дегі халықаралық одақ­­қа мү­ше­лікке кірудің бел­гілі бір талаптары бар ма?

– Обырды бақылау жө­ніндегі халықаралық одақ (UICC) әлем бойынша осы аурумен кү­ресетін халық­аралық ұйым. Негізі 1993 жыл­ы Женевада қа­лан­ған одақ­­тың қазіргі таңда 170 мем­­лекеттен 1100 мүше ұйым­­­­дары бар. Олардың қа­­та­рында көптеген клиника­лар, үкіметтік ұйымдар, аза­мат­тық қоғам, емдеу меке­мелерін көруге болады. Біз олардың бәрімен ты­ғыз қарым-қатынас құ­рып, Жер планетасы жұрт­шы­лығының назарын проб­­ле­маларға аударып, обыр­ды жеңу жолындағы кү­рестің әділетті әрі сапалы жү­руіне мүдделілік танытамыз. Одақ­тың БҰҰ-да кеңес­шілік мәр­тебесі бар.

Сонымен бір­­ге біз ДДСҰ-мен және Обыр­ды зерттеу жөніндегі ха­лық­аралық агент­тікпен, МАГАТЭ-мен, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жө­ніндегі басқарма­сымен ты­ғыз байланыс орнат­қанбыз.

Біз әлем көшбасшы­ла­рына егер еліңізде обырмен күресте нақты жоспар, бағдарлама болмаса, клиникалар халықаралық стандарттармен емдей алмаса, оны­ ұйымдастыра білетін менедж­мент құрмасаңыз жақ­с­ы нәтиже мен көрсет­кіш­­ке қол жеткізуге үміттен­бе­ңіз дей­міз.
Одақтың президенті ре­тінде мен көптеген елдерге, оның ішін­де бақуатты, ор­та деңгейдегі және одан да тө­мен мемлекеттер­ге бардым. Әрине, қатерлі аурумен күре­суге қаражат керек. Бұл аз қаражат емес. Егер Иор­да­­­ния­­ның мысалында айтар болсам, біздің елде обырмен күресте жақсы нәтижелер бере­тін JCI стандарты бо­йын­ша аккредитация жасал­ды. Ал Қазақстанның Ден­сау­лық сақтау министрі Ел­жан Біртановпен әңгі­ме­лес­­кенімде, елдегі бірқа­тар кли­никалардың осы стан­дартты ие­ленгенін айт­ты. Енді елде­гі онкоорта­лықтардың осы стандарттарды алуына күш салу керек. Бұл – ауруды жеңудің кепілі дер едім.