Қоғам • 24 Қазан, 2019

Әлеуметтік бастамалар қолдау тапты

369 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жастардың өздері өмір сүретін ортаны жақсартуға бағытталған 100 әлеуметтік бастамасы қолдауға ие болды. Мамыр айынан басталған «Jasa» жобасы Жастар жылының аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асты.

Әлеуметтік бастамалар қолдау тапты

Аталған жоба бойынша еліміздің барлық өңірінен жастар өздері тұратын ауданның немесе ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігіне өзгеріс алып келуге тырысқан екен. Қатысушылар көше спортына арналған алаң­ды жабдықтау, жаңа аялдама тұрғызу, қоқыс тастайтын жә­шіктер орнату, ауыл аллея­сына жарық тарту сияқты өз ауласына қажетті түрлі ур­­ба­нистикалық шешімдерді ұсынған. Нәти­жесінде 600 жастың 100 жобасына шағын грант берілетін болды. Аталған жобаны ұйымдастыруға Аза­маттық бастамаларды қол­дау орталығы мен Жастар қызмет­керлер қауымдастығы атсалыс­ты.

«Бұл жобада біз екі мақ­сатты көз­дейміз. Біріншісі қыз­меткер жас­тардың құзы­реттілігін арттыру болса, ал екін­шісі – жастардың әлеу­меттік жобаларына қолдау көр­сету. Шілде айында 600 жасты іріктеп алдық. Олар 5-6 кі­шігірім топтармен өз жоба­ларын да­йын­дады. Біз жас­тардың азаматтық ұс­­та­нымын дамытып, өздері тұрып жат­қан жергілікті мекендердегі әлеу­меттік, экологиялық мәсе­ле­лер­ді байқап, шешім­де­рін ұсынғанын көздедік. Осы­­лай­ша топтар өңірлердегі тәлім­гер­лерімен бірге өздерін қоршаған ортаға қандай да бір өзгеріс алып келуге тырысты», деді Жастар қызметкерлер қауым­дастығының өкілі Айдар Хамит.  

Жалпы, жоба екі бағытта жүзеге асы­рылды. Ұйымдастырушылар ең үздік әлеуметтік бастамаларды ірік­теп қана қоймай, барлық өңір­ден қатысушыларға өз бастамаларын дайын­дауға көмектесіп, бағыт-бағ­дар берген тәлімгерлерді де даяр­лаған. Нәтижесінде барлығы 68 жас­­тар ісі жөніндегі қызметкерлер таң­­­­далып, арнайы оқытудан өтті. Тәлім­­герлердің бірі Ақтөбе облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлнәр Кабиеваның айтуынша, қатысушыларды ауыл жастары мен­ жұмыссыздар қатарынан таң­дау­ға ты­­рысқан. «Республика бойын­ша тәлім­гер­лерге іріктеу болды. Жастар­мен тіке­лей жұмыс істегендіктен қызығу­шылық та­нытып, өтінім бердім. Оқу үш түр­лі кезеңде жүзеге асты. Ақтөбе облысы бо­йынша таңдалған 5 тәлімгердің бірі бол­дым. Біздің өңірде іріктеуден өткен 72 жас қатысушы бар, олардан 14 топ құрадық. Менің жетекшілігімде болған үш топ дайындаған жобалар грант иеленді», деді Г. Кабиева.

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауда­ны­ның Қарақұдық ауылының қаты­сушылары футбол алаңын салуды ұсынған. Тәлімгердің айтуынша, олар жергілікті әкімшілікпен байланысып, аумағы мен жер телімі бойынша келісіп қойған, енді тек грантты күтіп отыр. Қатысушылар осылайша ауыл балаларының бос уа­қытын пайдалы өткізуі мен спортпен шұ­ғылдану мәселесін шешуді көздейді. Ыр­ғыз ауданынан қатысып жатқан өзге екі топ жеңіп алған қаражатын Ұ.Құлымбетов атындағы саябақты жөн­деуге жұмсамақ. Бір топ саябақтың ішін­дегі тозған орындықтарды ретке кел­тіріп, қоқыс жәшіктерін орнатуды және саябақты абаттандыруды қолға алғысы келеді. Ал екіншісі саябақ жанынан дене шынықтыруға, жаттығуға арналған спорт алаңын жасақтауды қолға алып отыр. Осылайша жастар аудан тұрғындарына жаңа демалыс орнын сыйламақ. «Жыл соңында өтетін фестивальде 100 жобаның ішінен үздік атанғандарының авторлары марапатталады. Ал біз тәлімгер ретінде жобамыз үздіктер қатарына іліксе қуанар едік. Сондай-ақ жоба әрі қарай жалғасын тапса жастар мен өңірлер үшін пайдалы болмақ. Келесі Волонтерлер жылында да өнімді жобаларды жүзеге асырамыз деп сенеміз», деді Ақтөбе облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Г.Кабиева. 

Ал Жамбыл облысынан келген тә­лімгер, Байзақ ауданы Жастар ресурс­тық орталығының қызметкері Нұржан Есір­генов жобаға тәжірибе жинап, мен­торлық, тренерлік дағдыларын дамыту үшін қатысуға ниет білдіріпті. «Жамбыл облысынан ұсынылған 8 жобаның 6-ы соңғы кезеңге өтіп грант ұтып алды. Мен осы жеңіске жеткен 6 жобаның бар­лығының басы-қасында болып, жас­тарға мүмкіндігінше кө­мектесуге тырыстым», дейді ол. Жо­балардың барлығы Байзақ ауданында қараша айының соңына дейін жүзеге асырылуы тиіс. Аудандағы таулы аймақтардың бірінде тұратын балалар мектепке басқа ауылға автобуспен барады екен, алайда халықаралық маңызды жол бойында және темір жол торабында орналасқан Үшбұлақ ауылында аял­дама жоқ. Сол ауылдың балалары оқушылар үшін жаңа аялдама тұрғызып бермек. Тәлімгердің айтуынша, тағы екі жоба басқа ауыл­дарға тасымалданып оқитын шалғай ауылдардың балаларына арнап мектеп жанынан аялдама салуды көздейді. Жобалар арасында туған ауылын көр­кейтіп, саябағын ретке келтіретін тағы екі жоба бар екен. Сондай-ақ эко­логиялық мәселені шешуге бағыт­т­ал­ған «Қолшатырға қоқыс сал» жобасы арқылы қатысушылар қоқыс жәшіктерін ерекше қолшатыр пішінде жасап, балаларды жақсы әдетке осылайша қызықтыруға тырысыпты.

Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Жастар ресурстық орталы­ғының бас­шысы Әділ Ыбрахим жобаның ауыл­дық мекендерді өзг­ер­туге жастарға мүм­кіндік беруі қызық­тырғанын айтады. Сон­дай-ақ  жоба рес­публикадағы жастар ісі саласында қызмет­ ететін жас­тардың білік­тігін арттыруды мақсат етуімен ерек­ше дейді ол. Бұл барлық аймақтағы әріп­тестердің танысып-білісуіне және өзара тәжірибе алмасуына таптырмас алаңға айналған. Қызылорда облысынан жалпы 7 жоба жеңімпаз атанған. Оның бірі Шиелі ауданында пластик қалдықтарын қайта өңдейтін мекеме салуды көздейді. Тәлімгердің айтуынша, бұл жобадан ұтып алған шағын грант кейбір қатысушылардың үлкен бастамаларына жол ашатын бастапқы инвестиция, жобаны жүзеге асыру барысында қатысушылар өзге қаражат көзін тартуға құқылы. Тағы бір баста­мада қатысушылар осы Шиелі ауда­нында велотұрақ жасауды қолға алмақ көрінеді. Ал Қармақшы ауданы Бірлік ауылының жастары орталықта ескірген спорт алаңын қайта жөндеуге қаражат сұраса, Төменарық ауылының жас­та­ры көше спортына арналған алаң соқ­қылары келеді. Жеңіске жеткен келесі бір жоба бойынша Жаңақорған кен­тінің өзінде орталық алаңда 50 метр­лік жарық шамдар орнатылады. Ұйым­дастырушылардың айтуынша, грант ұтып алған жобалардың ерекшелігі – бастамаларда жеке бас­тың мүддесінен қоғамның мүддесі жоғары қойылған. Бұл жобалардың жү­зеге асуы жергілікті тұрғындардың игі­лігі үшін ғана емес, ту­ған жерін жақсартуға титтей де бір өзгеріс алып келгенін сезінетін жастар үшін және осылайша айналаңды өзгерту өз қо­лыңда екенін түсінетін кейінгі ұрпақ үшін маңызды.