Атақты ғалым, қазақ тіл білімінің ауыр жүгін қаршадай кезінен қажымай, талмай, иығына салып көтеріп келе жатқан, өмірі мен қызметі өнеге болып, тағдыры аңызға айналған осы бір қайсар бітімді жанмен өмірде де, ғылымда да шұрқырап табысып, біріміз – апа, біріміз – сіңлі; біріміз – ұстаз, біріміз – шәкірт болып жүруге бұйыртқан Ұлы Жаратушыға, қазақтың Тіл дейтін қасиетті әлеміне іштей алғыс айтамын. Ұлы Жаратушы мен Ана тіліміз бізді табыстырмаса, мен Рәбиға апай тәрізді қазыналы тұлғамен бірге жүрер ме едім, жүрмес пе едім?!
Аты ауызға ерте ілігіп, халық құрметіне бөленген осынау аяулы жанмен алғаш кездескен сәтім есімнен кетпейді. Бәрі қаз-қалпы жадымда.
Рәбиға апай Ұлттық ғылым академиясы алдындағы биік тепкішекпен түсіп келе жатты. Атын естігеніммен, жолығып көрмеген, бірақ есімі ел аузында жүрген атақты ғалымның еңбектерін жақсы білетін болғандықтан, күте тұрып, ығысып, сәлем бердім. Апай маған жылы шырай танытып, бұрылып сәлемімді алды. «Сәлемет пе, айналайын» деді. Өтіп бара жатып, әлдебір танысын көргендей қарайлап, тоқтап барып, ілгері жүріп кетті. Одан әрі баруға менің де дәтім жетіп, жүрегім дауаламады... Ұзап кеткенше, артынан қарап тұрдым.
Біздің халқымызда жақсы адам көрсе, тегін қоса сұрайтын әдет бар. Рәбиға Сәтіғалиқызы – текті жерден шыққан адам. Ғалымның өмірі мен тағдырының кейінгіге сабақ болар бір тұсы – өткен ғасыр сойқанын кішкентай кезінде көруі, зұлмат дәуірдің қаталдығы мен әділетсіздігін жан-жүрегімен сезініп, мектеп қабырғасында жүргенде «халық жауының қызы» атануы.
«Алашым», «жұртым» деп бастары жадыға түскен, халқымыздың Батыс өңіріндегі Алаш қозғалысының жетекшілері болған Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхаметов, Иса Қашқынбаев, Шынтас Қаратаевтармен 1917-1920 жылдары пікірлес, мақсаттас, идеялас болған Сәтіғали Құтқожиннің артында қалған екі ұлы ( Шафқат, Хамит) мен екі қызының ( Рәбиға, Роза), жары Жеңіс Қалауқызының көрмегені жоқ.
Біздің «тектіден қалған тұяқ» деп отыруымыздың бір себебі, тіпті басты себебі де осы. Әділетсіздік пен аярлықты, азғындық пен сатқындықты көзімен көріп, намыс пен қайсарлық қанатында қайралып жүріп өскен Рәбиға апайға бір сүйсінетініміз жиырмасыншы ғасырдың осынау «ұлы жүгенсіздігіне» баға беруде асығыс пікірге бармай, «атылған да, атқызған да» қазақтың өзі екені туралы қынжылып, күйзеліп айтқан әңгімесінің сан куәсі болдық.
Сондай әңгіменің бірі еріксіз еске түседі. «Бір күні жолдасым Шахаң (Шахан Мусин ағамыз): «Бүгін Сібірде жер аударылып жүргенде танысқан бір адамды кездестірдім. Сонау батыс өлкеден (Маңғыстаудан болар) Алматыға келіпті, жасалып жатқан Қазақ энциклопедиясына материалдар сұрап шақырыпты. Аты-жөні Алшын Меңдіғалиев. Үйге шақырып келдім, өзіңмен таныстырайын» – деді. Айтулы күні күткен қонағымыз келді. Туып-өскен жерімді, әке-шешемді айтқан кезде: «Түй, айналайын, Сәтіғали Құтқожиннің қызы ма едің?! Онымен мен 20-жылдарда екі рет бірге (сірә, бір ауданда дегені болу керек) қызмет еттік қой!» – демесі бар ма?! Мен бұл кісі жаңылысып, басқа біреумен шатастырып отырған жоқ па екен деп, кабинетке жүгіріп барып, әке-шешеміздің 1926 жылы төрт баласымен бірге түскен фотосуретін алып келіп көрсеткенімде, суретті қолына алып ұшып түрегелді. Бойы екі метрдей өте биік ірі адам еді, тіп-тік боп тұра келіп: «Ассалаумағалейкум, Сәтекем!» дегенде, мен толқып кетіп, жылап жібердім. Неше жыл тұрсам есімнен, ұйықтасам түсімнен кетпейтін папамның атын дауыстап атаған адамды бірінші рет естуім ғой. Әкеммен көріскендей әсер етті, көпке дейін есімді жия алмадым... Алшекең де, Шахаң да жұбатқан жоқ... Біраз үнсіз қалдық...» дейтін апайдың жүрекжарды әңгімесінен қандай ізгілік пен тектіліктің таңғажайып лебі есіп тұр десеңізші!
Рәбиға Сыздықтың ұстанымы ұлтына, ұлттық құндылықтарға берген серт секілді. Бұл қасиет ол кісінің бойына сүйекпен біткен. Рәбиға апай талантты тануға, ұлыны ұлықтауға бейім тұрады және оны үнемі айтып отырады.
«1970 жылдың бас кезі-ау деймін. Үйде Шахаңа, маған жақын біраз сыйлас адамдар қонақ болып отырған-ды... Сол сыйлы қонақтардың біреуі – атақты ақын Хамит Ерғалиев өзінің қарқынды дауысымен: «Егер, сендер, тіл мамандары, Ахмет Байтұрсыновты ақтап, еңбегі мен есімін елге қайтармасаңдар, алып жатқан атақтарыңның да, шығып жатқан монографияларыңның да құны бес тиын!» деп айқайлап жіберді. Отырғандар үнсіз қалды... Мен де онша ренжіп, қапаланғаным жоқ. Бұл Хакеңнің аузымен айтылған қазақ зиялыларының талап-арманы деп түсіндім...» деген ғалым сөздерінде қаншама замана шындығы жатыр.
Әлбетте, бұл сол тұстағы жалғыз тілші ғалымдардың ғана алдында тұрған мәселе емес еді. Бұл ұлт пен қоғамның көкірегіне тас болып байланған намыс пен ақиқаттың мәселесі еді.
Өрті қалың жиырмасыншы ғасырдың елең-алаң басы Әлихан, Ахмет, Мұстафа, Тұрар, Міржақып секілді алаштың ұлы көсемдері бастаған саясат майданында жан алысып, жан берісіп жатқан кезде шыр етіп дүние есігін ашқан перзенттің пешенесіне «алаш арыстарына тәуекел айтып, ара түсу» бақыты жазылыпты. Талай «мен» деген ұлт перзенттерінің іші қазандай қайнағанмен, уақыт айтуға дәрмен бермеген тұста Ахаң секілді ұлт көсеміне «араша сұрап», оның тіл ғылымындағы орны туралы ойып өз сөзін айтқан алғашқы ғалым, тұңғыш тұлға осы Рәбиға Сыздық болатын.
Ұлт көсемдері мен алаш арыстарының әлі ақталмаған кезі. Соған қарамай, 1977 жылы Октябрь революциясының 60 жылдығына арналып өткен республикалық конференция ел есінде Рәбиға Сәтіғалиқызының ересен ерлігімен қалды... Ұлттық түркологияда қазақ тілі ғылымын дамытуға үлестерін қосқан арғы-бергідегі миссионер ғалымдардың орны жайлы баяндамасын аяқтай келіп, ғалым ешкім ойламаған, күтпеген соныға түрен салды. Сондағы сындарлы сөздің желісі мынандай болған: «Енді бір пікір айтуға рұқсат етіңіздер, бұл пікірді мен өз жауапкершілігіме алып, ғалым ретінде де, коммунист ретінде де дәлелдеп беремін!.. Қазақтың ұлттық тіл білімі Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерінен басталады, оның саяси, идеологиялық жағынан кім екенінде жұмысым жоқ, ал ғылымға келгенде, шындықты айтуымыз керек. Ахмет Байтұрсынов «Тіл – құрал», «Баяншы», «Тіл танытқыш» сияқты еңбектерімен қазақ тілінің фонетика-грамматика саласын дұрыс жүйелеп берді, қазақ тілін үйрететін терминдер жасады, араб жазуын қазақ тіліне икемдеп реформалады». Рәбиға Сыздықтың биік мінберден айтқан батыл ой, байсалды пікірі тағылымы терең, тарихи сөз болып ұлт жылнамасына осылай кірді.
Екінші менің есімде қалған тағы бір сәт.
Бұл да көптомдықты оқып отырып, қойын дәптеріме түскен, реформатор зерттеуші, табанды ғалымның ғылым дүниесін өрістетудегі концепциялық бағыт-бағдарын жинақтаудағы, тіл білімінің ұлттық жаратылысын тарихи сабақтастықта қарастырудағы жүргізген жүйелі жұмысын бағалауға, тұлға табиғатын тануға себі тиеді-ау деген өмір мен ғылым хақындағы ойлар ағысына назар бұрғым келеді.
«Ғылымды ұлы Абай тілін зерттеуден бастауыма, одан әрі әдеби тіліміздің бірнеше ғасырлық даму тарихына үңілуіме, қазақ сөзінің барша сырына: семантикалық қозғалысына, этимологиясына, көркемдік құдіретіне, қолданыс мәдениетін зерттеуге баруымның себеп-уәждерін іздесем, бұл жолда жөн сілтеген, үлгі-өнеге көрсеткен ұстаздар, үлкендер, өнегелі жандар болған екен. Солардың бірегейі – ұлы Мұхтар Әуезов», – дейді ғалым ағынан жарылып.
Жүйрік атаулыны құлын кезінен таныған қазақтың ұлы суреткерінің Рәбиға апайға қатысты мына бір өмір үзігін аттап өткіміз келмейді. «1953 жылы әрбір бітімі өзге, кесек туындының оқырман қауымын да бір сілкінте келері аян. «Абай жолы» эпопеясы жайында қилы пікірлер айтылып, қызу талқыланып жатқан шақ. Осындай жиындардың бірінде мәжіліске төрағалық етіп отырған, сол кездегі Жазушылар одағының председателі Ә.Жаймурзинге залдағы Мұхаңнан тілдей қағаз келіп түседі: «Абдрахим! Егер Құтқожина деген әйел бала сөз сұраса, берсең жақсы болар еді. Ол бір өте ақылды және мәдениетті жас. Мұхтар»... (Рәбиға апайдың тұрмыс құрғанға дейінгі фамилиясы Құтқожина болатын). Арада 25 жыл өткен соң, 1978 жылы 24 декабрьде КазГУ-дегі Әуезов күнінде Ә.Жаймурзин Мұхаң жайлы естелігін айта келе, жоғарыдағы жайтты да әңгімелеп, осы кешке шақырылған филология ғылымдарының докторы, ғалым Р.Сыздықоваға Мұхаң қолтаңбасын табыс еткен...».
Сарғайған газет бетінен алынған осынау жолдардың төркінінде жатқан, уақыт дейтін қатал сарапшының сынынан сүрінбей өткен 70 жылдың кескіні мен мінезін қалай аңғармауға болады?! Ұлы суреткер бойында қабілет-қарымы мен дарыны мол жасты қалай дәл танып, дәл көрген?!
Ғұлама суреткердің айтқаны келді.
Қазақ тіл білімінің абырой-беделін, тарихы мен тағылымын өзінің кемел білімді монографиялық зерттеулерімен байытқан академик қазақ ұлты мен қоғамының санаулы тұлғалары санатынан өз орнын алды.
Біздің пайымдауымызда, Рәбиға Сәтіғалиқызы – ұлт үшін де, ұрпақ үшін де, әрі-беріден соң, тәуелсіз мемлекетіміз үшін де маңызы зор қазақ тіл білімін өлшеусіз биікке көтерген ересен еңбек пен орасан ойдың иесі. Иесі дейтініміз академик-ғалым әлемі ұлт тарихын тани отырып, ұлт руханиятының белдеулі дәуірлерін әдеби тілдің қалыптасу, даму кезеңдерімен ұштастырады. Тіл ұлттың жаны, жүрегі екенін тың ой-пікірмен, дәйекті сөз үлгілерімен алға тартады. Тілші өзінің осынау іргелі, жүйелі зерттеу кеңістігін бір-бірімен өзара байланысты концепциялық биікке көтереді. Ғалымның зерттеу нысандарының өзі қазақ тілінің әр алуан салаларын қамти келіп, барлығы бір ортақ ұстанымға негізделе отырып, қазақ әдеби тілінің ғылыми - методологиялық, стилистикалық, прагматикалық, тарихи семантикалық, этимологиялық ерекшеліктерін ашып талдаған бірбүтін, біртұтас тілдік жүйе болып табылады.
Қазақтың бай тарихы арғы замандарда қалай өрбіді? Ортақ түркілік дәуірдің ізі мен таңбасы қазақтың әдеби тілінде қалай және қандай іргелі тарихи ескерткіштерімізде көрініс тапты? Ғалымның пікіріне жүгінсек, басынан заманалардың алуан түрлі сұрапылын өткізген ұлт тарихы – ұлт тілінің, соның ішінде бірте-бірте дамып, өрістеген дегенге саяды.
Бұл айтылған концепциялық принциптерді ғылыми айналымға енгізу үшін, бірінші кезекте, табанды ізденіс пен терең білім, екінші кезекте, көз майын тауысып, күндіз-түні талмай отыратын еңбек, сонымен қоса зерттеу нысаны мен ұлт тіліне деген шексіз сүйіспеншілік керек еді. Жылдар осы мақсатқа жұмсалды. Соның нәтижесінде, яғни ұлы Абайдың сөзімен айтар болсақ, «ақырын жүріп, анық басқан» еңбек пен ізденіске толы жылдардың арқасында «Абай шығармаларының тілі», «Абайдың сөз өрнегі», «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Сөздер сөйлейді», «Сөз құдіреті», «Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы», «Ясауи «Хикметтерінің» тілі», «Тілдік норма мен оның қалыптасуы» тәрізді іргелі еңбектер дүниеге келді.
Біздің бүгінгі мақалада басты меже еткен ойымыз да, айтпақ сөзіміз де осы іргелі еңбектерге ортақ тақырып – ұлттық тіл мен ұлт тарихының тұтастығы! Қазақ ойы мен Қазақ сөзінің киесі.
Ұлт, ұлттық тіл, ұлттық тарих, ұлттық тәрбие, ұлттық тағылым, ұлтжандылық дейтін қанатты ұғымдар – Рәбиға Сәтіғалиқызының күллі өмірінің, көзқарасының, мақсат-мүддесінің басты ұстанымы. Сондықтан да болар ғалым өзінің алдына мақсат етіп қойған межелі концепциясының үдесінен шығу жолында бірде танымы терең, білімі мол кәсіби тарихшыдай болып ғасырлар қойнауын кезсе, енді бірде қазақтың ұлттық әдебиетінің арғы-бергі дәуірлерінің білгірі ретінде сөз дейтін құдіретті әлемнің сиқыры мен сырын шексіз игерген хас шебердің өзіндей талдау жасайды. Бейнелі сөздің астарынан қазақ ұлтының этимологиясын іздейді.
Ғалым тілдің тарихы мен мазмұнын ұлттың ұлы тарихымен, тамырымен сабақтастыра отырып, пікірін өреді. Сөз ұлттың өзін-өзі тәрбиелеуінің бірден-бір көзі – Құдіретті құралы екеніне мән береді. Тілшінің Қожа Ахмет Ясауи, Абай, Дулат хақындағы сөз жаратылысын тануға бағытталған іргелі зерттеулері мен Қадырғали Жалайри туралы (Мәмбет Қойгелдімен бірігіп жазған) танымдық еңбегі ұлттық тілдің мәні мен маңызын айта отырып, қазақ жазба әдеби тілінің қалыптасуы мен дамуын ғылыми негізде жүйелейді.
Қазақ әдеби тілінің қалыптасуындағы уақыт іздерімен қатар, әртүрлі дәуірлердегі «кірме» сөздер жайындағы өз ойы мен ғылыми топшылауларын шебер өріп, жеріне жеткізіп, таратып айтады. Рәбиға Сәтіғалиқызының «Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы», «Ясауи «Хикметтерінің» тілі» туралы қос еңбегі – тарихи танымымызбен қоса, тіліміздің тағдырлы кезеңдері жайлы ұлттық санамызды бекіте түскен зерттеулер. Рәбиға Сыздықтың бұл еңбектері қазақ тіл біліміндегі іргелі жаңа бағытты анықтады.
Басы ұлы Абай шығармаларының тілін зерттеуден басталған «Абай шығармаларының тілі», «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» тәрізді сыры мен сымбаты бөлек монографиялары – ғалымның осы бағыттағы өрісі бөлек өзгеше туындылары. Бұл туралы апайдың әріптес-інісі, академик Өмірзақ Айтбаевтың: «... Ол кезде көбіміз жазба тіл ғана әдеби тіл бола алады деген қағиданы ұстанатынбыз... Ал Рәбиға Сыздық ХV-ХVIII ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулар тілін зерттей келе, әдеби тіл тарихы осы кезеңнен бастау алады деп, оны бес ғасырға тереңдетті...» деген пікірін асылды анық танып, дәл бағалаудың айқын нышаны деп есептеуіміз керек.
Ғалым үшін кестелі сөздің әлемі сұлу ән секілді. Тілшінің Абай жайындағы толғаулы тұжырымдарын оқып отырып, толқымау, тебіренбеу, өз ана тілің мен еліңді, ұлтыңды сүймеу мүмкін емес. Ғалым ойлары мен тұжырымдары Абайдың болмысын, Абайды жаратқан ұлттың жаратылысын, Абайды шыңдаған күрделі дәуірдің кескіні мен келбетін тануға көмектеседі.
Ғалымның әдеби тіл тарихы мен әдеби тілдің қалыптасуы туралы көзқарастарына бажайлай үңілген кез келген кәсіби маман Рәбиға Сәтіғалиқызы үшін Абай тілі – ұлы реформаторға дейінгі ұлы бабаларымыздан қалған қуатты, көркем халықтық тіл мен реформатордан кейінгі жазба тіл арасын жалғаған алтын көпір болғанын анық аңғарады. Ғалым Абайдың «тіл ұстартып, өнер шашудағы» азап пен мехнатқа толы, яғни «тіл өнері дертпен тең» дейтін ұстанымын терең талдай отырып, ақын туындыларының тілін стилистика мен семантика тұрғысынан түбегейлі зерттейді. Ақын өмір сүрген дәуірдегі көпғасырлық тарихы бар әдеби тіл мен кітәби тілдің ара жігін айқындап, тілімізді шұбарлап келген кезеңдерге сарабдал бағасын береді.
Рәбиға Сәтіғалиқызының Абай мен Абай шығармаларының тілі туралы зерттеулері – ұлттың жан әлемін, ойлау кеңістігін талдап-тануға бағыттайтын, абайтанудың рухани кеңістігіміздегі жаңа беттері. Бұл – ұлылық дейтін феномен құбылыстың тіл арқылы көрініс тапқан ғылыми көрсеткіші. Бұл – тіл біліміндегі абайтануды тың арнаға салған, ұлт тілін зерттеп-зерделеудің жаңа сипатты бастамасы.
Ғалым үшін сөз – түрленген, өзгерген, халық басынан өткен дәуірлердің жанды көрінісі. Сөз – уақыттың жемісі. Сондықтан да қоғамдық құбылыстарды тарихи-әлеуметтік, саяси-экономикалық кеңістік аясында қарастыра отырып, автор қазақ әдеби тілінің бойындағы әрбір өзгеру мен түрленуді сол заманмен, сол уақыттың мінез-қалыбымен сабақтастыра отырып, даму мен қалыптасудың эволюциясын, қозғалыстағы әрекетін тануға, сырын ашуға ұмтылады. Бар өмірін қазақ тілінің жанын, жүрек соғысын, санадағы сілкінісін тануға, зерттеуге арнап келе жатқан ұстазымыздың бір монографиядан екінші монографияға, бір мақаладан екінші мақалаға өзгеріп, түлеп, толығып, ауысып отыратын cөз құдіретіне – ұлттық тілге деген сүйіспеншілігі тіл мәңгілігінен ел мәңгілігін іздетіп отырады.
Академик хақындағы мақаламызды қорытындылай келіп, тұлға табиғаты мен жаратылысын даралайтын мына сипаттарды бөліп айтқымыз келеді. Біріншіден, академик Рәбиға Сыздық – тіл ғылымы тарапынан абайтану әлемінің жаңа беттерін ашқан, қазақтың сөздік қорын халық, ұлт табиғатымен, өмір сүру салтымен ұштас қарастыра келіп, Абайтану ілімін кешенді түрде зерттеп-зерделеген терең ойшыл. Екіншіден, ғалым – өз еңбектерімен тілтану саласын, қазақтың киелі де қасиетті, тағылымы мол «сөз құдіретін» арғы-бергі дәуірлермен сабақтастыра отырып, тарихи тұрғыдан зерделеген ғалым, адамның ойы мен танымын концептуалды деңгейге жеткізген реформатор. Үшіншіден, Рәбиға Сәтіғалиқызы өзіне дейінгі ұлттық ой мен ұлттық танымның көшін бастаған ұлы тұлғалар мен олар өмір сүрген кернеулі дәуірлерді саралай отырып, сол тұлғалар мен оларды шыңдаған өмір, дәуір ақиқаттарын өзінің жүрек сүзгісінен өткізген, ұлтымыздың ұлы құндылығына жаңаша күш, қуат бітіріп, «сөздерді сөйлеткен»; дәйекті деректерге сүйене отырып, тіл білімін жүйелі зерттеудің, жаңа концептуалды ой түюдің биігіне көтерген тұлға. Төртіншіден, тілші Рәбиға Сыздық – әр монографиясымен, әрбір мақаласымен, сөйлеген сөздері және сұхбаттарымен тіл білімін ұлттық мәдениеттанымның көрсеткіші ретінде дәуір, қоғам, уақыт талаптарына сай әлемдік өлшем биігіне көтере отырып, зерделеу, жинақтау, жүйелеу, бағалау, ғылыми талдау үлгілерін қалыптастырған аса көрнекті ғалым. Бесіншіден, Рәбиға Сәтіғалиқызы – табиғаты жағынан жаратылысында нақтылық басым тіл ғылымының тамырына қан жүгірткен, қазақтың бай тіл әлемін сөз бен ойдың ғажайып әсем кеңістігіне алып шыққан бекзат бітімді ғалым. Алтыншыдан, ауызша сөйлеу өнері мен ауызша әдеби тілді – ұлттық ерекше мұра, туған топырақтағы сөз өнерінің түп-тамыры деп танып, оны сақтау мен дамытудың, өрістетудің тетіктерін зерделеген, қазақ әдеби тілінің қалыптасуы мен кезеңдерін, нормаларын жүйеге келтірген жаңашыл ғалым. Жетіншіден, Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық – ұлтты сүю мен мәңгілік елдің мәңгілік тілін сақтау мен құрметтеудің үлгісін зерттеу еңбектері арқылы дәйектеген, ұлттық тұлға биігіне көтерілген аса көрнекті тілші-ғалым. Академик Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық – қазақтың рухани әлеміне өшпес із қалдырған кешегі арыстарымыз бен алыптарымыздың заңды жалғасы. Ол – қазақ топырағындағы алашойлы биікке көтерілген, ана тіліне сіңірген өлшеусіз еңбегімен руханият әлемінің шекарасын кеңейтіп жүрген, өзгеше бітімді ұлттық тұлға.
Фаузия ОРАЗБАЕВА,
ҰҒА корреспондент-мүшесі,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор