Аймақтар • 24 Қазан, 2019

Жамбыл экономикасында оң нәтижелер бар

263 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Жамбыл экономикасы қарышты дамып келеді. Ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша, облыс экономикасының барлық салаларында оң нәтижелерге қол жеткізілген. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қатысқан жиында айтылып, өңір экономикасын бұдан әрі дамытудың жайы талқыланды.

Жамбыл экономикасында оң нәтижелер бар

Жиынның күн тәртібінде бірқатар мәселелер қаралды. Әуелі облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасының өңір бойынша атқарылу барысы сараланды. Жамбыл облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Берік Нығмашевтің мәлімдеуінше, жоба аясындағы пилоттық он ауылдық округтер бойынша бекітілген жұмыс алгоритмі жоспарға сай орындалуда. Басқарма басшысы жобаға қатысушылардың  өтінімдерін қабылдаудың күнделікті жоспары белгіленгенін айтып, аталған бағытта қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бүгінде тұрғындардан «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына 1020  құжат өткізіліп, оның 947-сі қабылданған. Ал, 73 құжат қайта қаралуға жіберілген. Сондай-ақ, облыста сатып алынатын мал басының, тұқым мен тыңайтқыштың, жем-шөптің жоспарлы көрсеткіші мен құрылған кооперативтердің қажетті техникамен қамтылу жүйесі де ойдағыдай орындалуда. Өз сөзінде Асқар Мырзахметов Үкіметте бекітілген тиісті қаражаттың  келер айдың басында түсетінін айта келіп, құжат қабылдау шаралары бірінші қарашаға дейін толығымен аяқталу керектігін ескертті. Ол бойынша жоспардан кешіккен бірқатар аудандардың жұмыстары сынға алынып, аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктелді. Әкім құрылған кооперативтердің техника базаларының орналасу аймағына көңіл  бөліп, алдағы уақытта ауылдық округтер маңынан шағын қайта өңдеу зауыттарын салудың маңыздылығына да назар аударды. Ол бойынша жоспарлы жұмыстарды бүгіннен бастап жүйелей беру керектігін баса айтты.

Басқосудағы екінші мәселе бойынша Жамбыл облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова сөз алып, ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облыс экономикасының барлық салаларында оң көрсеткіштер орын алып отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, экономикалық өсім бірінші жартыжылдық қорытындысымен 3,3 пайызды құраса, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 105,6 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Сол секілді өнеркәсіп саласындағы өсім 5,7 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің өсімі 5,0 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 17,3 пайызға, халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы ақшалай табыстары  12,2 пайызға артқан. Өз кезегінде әкім тоғыз айдың қорытындысы бойынша  облыстың экономикалық дамуы Үкіметте оң бағаланғанын айтып, жыл соңына дейін осы жоғары динамиканы сақтап тұруға барынша күш салу керектігін ескертті.