Аймақтар • 24 Қазан, 2019

Петропавлда Егеменнің 100 жылдығына арнап шырша екті

375 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір еліміздің барлық аумағында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен «эко-сағат» акциясы өтіп, жаппай ағаш отырғызу жүргізіліп жатыр.

Петропавлда Егеменнің 100 жылдығына арнап шырша екті

Осы шараға жуырда Петропавлдағы ресми түрде «Абылайхан резиденциясы», ал халық арасында «Абылайдың ақ үйі» аталатын музей-кешенінің қызметкерлері де үн қосып, аулаларына отыз түп шырша отырғызды.

Сол шыршаның бірін «абылайлықтар» еліміздің ата газеті «Егеменнің» жүз жылдығына арнапты. Оның түбіндегі тақтайшада былай деп жазылған: «Бұл шырша еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның 100 жылдық мерейтойына арнап отырғызылды». 

Музей директоры Аян Нәбиұлының айтуына қарағанда «Абылай хан музейінің ашылуына «Егеменнің» тигізген пайдасы зор екен. «Осы ғимараттың Абылайдың үйі екенін дәлелдеген Мәскеуден келген құжатты ең бірінші болып 2002 жылғы 22 қарашада «Егемен Қазақстан» газеті бірінші бетіне «Абылайдың ақ үйі – Аңыз емес ақиқат!» деген тақырыппен жариялаған еді. Содан кейін үйді қалпына келтіру жұмыстары қауырт қолға алынды. Ақыры ол Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен 2008 жылы ашылды. Қазір отызға жуық адам нәпақасын айырып, жылына бірнеше мың адамға рухани азық сыйлап, Қызылжардағы ең басты мәдени орындардың бірі болып  отырған музейдің ашылуына «Егемен» сөйтіп үлкен пайдасын тигізген. Сондықтан біз ата газетке ризамыз. Оның ұжымын  100 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз. Мына шыршаны біздің сыйлығымыз деп қабыл алыңыздар демекпіз», деді ол. 

Айта кететін жайт, Қызылжарда «Егемен Қазақстанның» атында бір көше де бар. Осының өзінен елдің терістігінде ата газетке деген құрмет жоғары екені көрінсе керек. Енді, Абылай хан музейінің түбіндегі «Егеменнің» шыршасы да соны айғақтап, жылдан жылға шарықтап, өсе беруін тілейміз.

1

ПЕТРОПАВЛ