Кездесу Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты делегациясының Ресейге ресми сапары аясында өтті.
Дариға Назарбаева кездесу барысында жылы шырайлы қабылдаулар үшін Патриархқа алғыс айтты және Қазақстан Республикасы мен Мәскеу Патриархаты арасында өзара сындарлы іс-қимыл қалыптасып, сенімді қарым-қатынас орнағанын атап өтті.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV Съезіне Сіздің қатысуыңыз форум жұмысына баға жетпес үлес қосты және оның мазмұнын айтарлықтай байыта түсті. Біздің ынтымақтастығымыз бен өзара қарым-қатынасымыз алдағы уақытта да елдеріміз арасындағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға ықпал етеді деп үміттенеміз. Сізді 2021 жылдың маусым айында өтетін келесі форумға құрметті қонақ ретінде қатысады деп үміттенеміз», - деді Дариға Назарбаева.
Патриарх Кирилл өз кезегінде Дариға Назарбаеваға форумға шақырғаны үшін алғысын білдірді және қоғамдар, діндер мен мәдениеттер арасында сындарлы үнқатысу орнатудағы, дінаралық төзімділікті, ізгі ниет пен өзара түсіністік қалыптастырудағы діни иерархтар съезінің маңызды екенін атап өтті.
«Қазақстан – қасиетті мекен. Біз еліміздің және өзара қарым-қатынасымыздың оң дамуына өте қуаныштымыз. Съезд әлем қауымдастығын толғандыратын маңызды және нақты мәселелер шешілетін ашық алаң. Бұл ретте Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың рөлі мен еңбегі өте зор. Біз барлық бағыттар бойынша қолдау мен тығыз ынтымақтастыққа, оның ішінде конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығымен байланысты нығайтуға ықыластымыз», - деп қорытындылады Патриарх Кирилл.