Үкімет • 24 Қазан, 2019

Бердібек Сапарбаев Шымкент қаласына барды

317 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік жұмыс тобы Шымкент қаласына барды. Оның құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин болды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады. 

Бердібек Сапарбаев Шымкент қаласына барды

Сапардың негізгі мақсаты — Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауының басым бағыттарын түсіндіру. 

Үкімет мүшелерінің жұмыс сапары №65 орта мектепке барудан басталды, онда педагогтар қауымдастығымен, ардагерлермен және білім беру саласының қызметкерлерімен кездесу өтті.  

Кездесу барысында білім беру сапасын арттыру, материалдық-техникалық базаны жақсарту, педагогтардың мәртебесін және материалдық қамтамасыз етуді арттыру және басқа да өзекті мәселелер талқыланды.  

Өз сөзінде вице-премьер ел басшылығы әлеуметтік саланы дамытуға елеулі қолдау көрсетіп жатқанын атап өтті. «Біз білімді жастар буынын тәрбиелеуіміз керек. Елбасы мен Мемлекет басшысы бұған ерекше көңіл бөледі. "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасы Парламенттің қарауында. Мұғалімдердің құқықтары қорғалады», — деді ол.  

Вице-премьер жастарды рухани-өнегелік тәрбиелеуді күшейтудің, оларды мектептен тыс іспен шұғылдануға тартудың қажеттілігіне тоқталды. «Бізде жастар арасында құқық бұзушылықтар мен өзіне-өзі қол жұмсау фактілері неліктен артып келеді? Себебі, балалар мектептен кейін еш нәрсемен шұғылданбайды. Ата-аналары жұмыста болған кезде, бала өз бетімен қалады. Балалар түрлі үйірмелер мен секцияларға барып, спортпен шұғылданып, өнермен айналысуы қажет. Бізде әлеуметтік нысандар жеткілікті түрде салынған, оларға кешкі уақытта әрі демалыс күндері жастардың баруын барынша қамтамасыз ету қажет. Біз тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Сонда біздің балаларымыз тәрбиелі, дендері сау болып, құқық бұзушылықтарға бармайды», — деді Б. Сапарбаев.   

Сондай-ақ вице-премьер колледждердің жұмысын сынға алды. «Колледждерде жыл сайын мыңдаған түлектер шығады, олар жоспарлы түрде жұмыссыздар қатарын толықтырады деуге болады. Себебі, колледждердің басшылығы кімді әрі қалай оқытып жатқандарын қадағаламайды. Бірнеше жыл бұрын біз әр түлектің жұмысқа орналасуы зейнетақы жарналары туралы анықтамамен расталатын тәжірибені енгіздік, бірақ бұдан да шығудың жолын тапты. Бір-екі айға жұмысқа тұрады, аударымдар түскен соң, қағаз алып келді және сонымен мәселені жауып қояды. Себебі, колледждер сұранысы жоқ мамандықтарға оқытады және білім беру сапасы төмен. Сондықтан бізде барлық жерде кадр тапшылығы бар», — деді Б. Сапарбаев. 

Бұдан өзге, вице-премьер Шымкент әкімдігінде әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша кеңес өткізді.