Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға жасаған сапары Күншығыс елінің жаңа императорының таққа отыру рәсіміне қатысудан басқа да маңызды тәжірибелік мәнге ие болды.
Әлемнің үшінші экономикасымен екіжақты қарым-қатынастарды дамыту шеңберінде Елбасы ұзақ уақыт бойы Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэмен маңызды келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында екі саясаткер Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынас-
тардың жоғары мәртебесін растады. Еске сала кетсек, 2016 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға сапары кезінде елдер арасындағы байланыс жаңа сапалы деңгейге – «кеңейтілген стратегиялық серіктестікке» дейін көтерілді.
Бүгінгі таңда Қазақстан – Жапонияның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі. 2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 30%-ға өсіп, 2 миллиард АҚШ долларына дейін жетті. Жапония Қазақстанның шетелдік инвесторларының алғашқы ондығына кіреді. Жапондық инвестициялардың жалпы ағындары 2005 жылдан 2018 жылға дейін 5,8 миллиард АҚШ долларын құрады.
Сонымен қатар Қазақстан жоғары технологиялар саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі – Жапониямен технологиялық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударады.
Ынтымақтастықтың басым бағыттары атом энергетикасы, машина жасау, телекоммуникациялар және т.б. салаларды қамтиды. Жалпы алғанда, бүгінде Қазақстан нарығында шамамен 70 жапондық кәсіпорын жұмыс істейді.
Жапония үшін Қазақстан – Еуразияның дәл орталығында орналасқан маңызды серіктес. Бұл ретте Жапония үшін көлік-логистикалық саладағы ынтымақтастықты дамыту ерекше қызығушылық тудырады.
Тағы бір маңызды бағыт – энергия ресурстары, уран және сирек кездесетін металдар сияқты стратегиялық ресурстар саласындағы әріптестікті дамыту.
Жапониямен кеңейтілген қатынастар Қазақстанда «Шығыс Азия» сыртқы саясат векторының маңызды элементі ретінде қарастырылады, екі ел де халықаралық қатынастардағы көптеген өзекті мәселелер бойынша ортақ пікір-
де.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға жасаған кезекті сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықтың зор әлеуетін тағы да растап, ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге жаңа серпін берді.
Ержан САЛТЫБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы ӘЭСИ директоры