Айыппұл көлемі еселенеді
Ластасаңыз – төлейсіз. Бұл жаңа кодекс жобасындағы негізгі артықшылық. Қоршаған ортаға залал тигізген кәсіпорындардың жауапкершілігі күшейетінін аңғартады. Осы арқылы экологиялық реттеуден бас тарту көзделген. Атап айтқанда, қаптаған табиғат пайдаланушыларды бақылаудың орнына назарды ірі ластаушы кәсіпорындарға бұру жоспарланып отыр. Алайда олардың барлығын қамту үшін аталған санаттағы өндіріс ошақтарын нақтылау қажет.
Заңнаманың жаңартылған редакциясында осыған басымдық беріліпті. Бұл дегеніміз заң талаптарын сақтамаған субъектінің экологияға келтірген шығынды мойнына алатынын білдіреді. Сол секілді қоршаған орта эмиссиясының қаражатын тиісті бағытқа жұмсап, бірнеше рет зиян келтірген заңды тұлғаның жауапкершілігін көтеру мақсаты қойылды. Өңірлердің экологиялық ахуалын жақсарту да тиісті құжатта қарастырылған дейді сала министрі.
– Экологиялық кодекс Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі негізінде дайындалды. Яғни «Ластаған – төлейді» қағидасы бойынша табиғатқа нұқсан келтірген кәсіпорын шығынды өтеуі тиіс. Қоғамдық пікір міндетті түрде ескеріліп, белгілі бір өзгерістер енгізілуі мүмкін. Жаңа кодекс проблемаларды қалай шешеді? Мәселен, озық қолжетімді технологиялар термині енгізіледі. Мұны біз ойлап тапқан жоқпыз, бұл еуропалық тәжірибе. Ол үшін не істеу керек? Егер қоршаған ортаны ластаған кәсіпорындар «жасыл» технологияларға көшетін болса, олар эмиссия үшін алынатын төлемдерден босатылуы мүмкін.
Компанияларды монетарлық қаржылық тұрғыдан осылай ынталандыру көзделген. Үнемделген ақшаны жаңа технологияларды енгізуге жұмсауға болады. Ал жаңа технологиялар енгізілмесе, керісінше эмиссия үшін төлем көтеріледі. Ұсынылған заң жобасының қолданыстағы құжаттан айырмашылығы – кәсіпорындардың бюджетке төленетін сомасы экологиялық іс-шараларға бағытталады, – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Кәсіпорындар «жасыл» технологияларды енгізуі тиіс
Рас, қоршаған ортаның қазіргі ахуалы көпшілікті алаңдатады. Сондықтан елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет деп санайды Парламент Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Дархан Мыңбай.
– Қазақстанның Тұңғыш Президенті уақыт талабына сай келетін жаңа Экологиялық кодекс әзірлеуді тапсырды. Сол кезде экология мәселесіне жетекшілік еткен Энергетика министрлігі сарапшылар мен заңгерлерден және экономиканың түрлі салалары мен қоғамдық экологиялық ұйымдардың, өнеркәсіптік кәсіпорындарының бизнес өкілдерінен тұратын жұмыс тобын құрды. «Қоршаған ортаның қазіргі жағдайы көпті алаңдататыны даусыз. Сондықтан елімізге бірыңғай Экологиялық саясат керек. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа экологиялық кодекс қабылдау қажет. Өйткені дүниежүзілік қоғамдастық мұны мұқият қадағалайды. Жаңа Заң Қазақстанның өзіне алатын барлық халықаралық нормалар мен міндеттемелерге сәйкес келуі тиіс». Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде айтқан осы сөздері экология мәселесіне тың серпін берді. Елімізде экологиялық қауіпсіздікті нығайту үшін өнеркәсіптік кәсіпорындарды «жасыл» технологияларды енгізуге ынталандыру қажет. Кәсіпорындар халықаралық экологиялық талаптарға сай болуы тиіс. Бұл кодексті дайындау оңайға соқпады. Ірі бизнестің жекелеген өкілдері ескірген қондырғылармен жұмыс істейтін кәсіпорындардың халықаралық, еуропалық технологиялық стандартқа ілесе алмайтынын алға тартты. Сондықтан заң жобасында озық тәжірибеге кезең-кезеңмен көшу көзделген. Осыған байланысты уақытша мақсатты индикаторлар енгізілуі мүмкін. Мемлекет кәсіпорындарға салық және қаржылық міндеттемені азайтып, өндіріс технологиясын ынталандыруға және жаңғыртуға мүмкіндік бермек. Бұл қоршаған ортаға оң ықпал етуі ықтимал. Сондай-ақ экологиялық сақтандыру жүйесін енгізу қарастырылған. Бұл біраз дау тудырғаны рас. Алайда менің ойымша, бұл жөнінде ойланғанымыз дұрыс, – деді Д.Мыңбай.
Көптің пікірі ескерілуі керек
Реформаның жаңа нұсқасымен танысқан ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтан қаласындағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо маңызды құжатты қоғамдық тыңдауларда көбірек талқылауға күш салу керектігін айтады. Ол азаматтық альянстардың, яғни халықтың пікірі де ескерілуі тиіс деген ойын білдірді.
– Экология мәселесі болашағымыз үшін маңызды. Осы мәселеде Қазақстан белсенділік танытып келеді, бұл анық сезіледі. Жаңа Кодекс сапалы болуы үшін барлық мүдделі тарап жұмылдырылуы тиіс. Біз осыған байланысты барлық бастамаларды қолдаймыз. Әсіресе азаматтық қоғамның аталған мәселеге белсенді қатысуы, көптеген ойлардың айтылуы құптарлық іс. Ел халқының тек Үкіметке қарайлап отырмай өз ұсыныстарын білдіруі қоршаған ортаға бейжай қарамайтынын білдірсе керек. Осы Кодексті талқылау үшін біз арнайы БҰҰ-ның сарапшыларын да шақырдық. Заң жобасындағы негізгі екі бағыт бізді қатты қызықтырды. Нақты айтқанда, стратегиялық экологиялық бағалауға және қоршаған ортаға әсерді бағалауға айрықша мән берілгені қуантады. Бұл тиісті кодекстің негізгі ұтымды тұсы деп ойлаймын. Жалпы «жасыл» технологияларды дамыту бойынша қазақстандық әріптестермен байланысты одан әрі нығайтуға мүдделіміз, – деді Д.Сабо.
Кәсіпорындар онлайн режімде қадағаланады
Құжаттағы тағы бір ерекшелік, өндірістік-экологиялық мониторинг автономды түрде іске асады. Дәлірек айтқанда, бірінші санаттағы кәсіпорындарға арнайы құрылғыны орнату міндеттеледі. Ол зиянды қалдықтың мөлшері нормадан асқанда, онлайн режімде өкілетті органға ақпарат береді. Бұл арқылы әкімшілік жазалау уақтылы қабылданбақ. Сол секілді Экологиялық кодексте қатты тұрмыстық қалдықтар мен өнеркәсіптік қалдықтар мәселесіне үлкен блок арналыпты. Демек, қалдықтарды еуропалық үрдіс негізінде бөлу көзделген. Бұл қауіпті қалдықтарды барынша дәл ажыратуға мүмкіндік береді дейді заң жобасының авторлары.
– Кодексте қалдықтарды көмуге және кәдеге жаратуға байланысты талаптар ескерілген. Соңғы уақытта медициналық қалдықтарға қатысты көптеген резонансты мақалалар жарық көрді. Осы мәселе бойынша қоқыс шығаратын компанияларға ескерту тәртібіне көшеміз. Бүгінгі таңда бұл нарық реттелмейді. Қауіпті қалдықтарды кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпорындарға келсек, лицензиялауды енгізу мәселесі қарастырылады. Яғни сол арқылы қалдықтарды кәдеге жарататын кәсіпорындар нарығын ретке келтіргіміз келеді, – деді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов.
Қоғамдық институттардың рөлі артады
Осы реформаның енгізілуі қоғам белсенділерінің көңілінен шығатын секілді. Неге десеңіз, ол күшіне енсе үкіметтік емес ұйымдарға кез келген кәсіпорынға емін-еркін баруға жол ашылады. Осылайша қоғамдық бірлестіктер өндіріс ошақтарының қоршаған ортаға қаншалықты залал тигізіп жатқанын біле алады.
– Бұрын кәсіпорындарға кіру үшін көптеген әкімшілік кедергілерден өтуге тура келетін. Енді қоғам өкілдеріне олар жайлы ақпаратты біліп қана қоймай, өнеркәсіп орындарына кіруіне рұқсат беріледі. Себебі бұл өнеркәсіптік ұйымдар халықтың денсаулығына зиянын тигізіп жүргені мәлім. Бұл ауаға тарап жатқан қалдық көлемін анықтауға жақсы мүмкіндік береді, – деді Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығының басшысы Айгүл Соловьева.
P.S. Табиғатты қорғауға арналған жаңа заңның редакциясында ластайтын кәсіпорындарды жазалауға баса мән берілгені байқалады. Жөн-ақ, бірақ қоршаған ортаның қорғаушыларын кім қорғайды? Биыл браконьерлермен күресте қорықшылардың оққа ұшып, ажал құшқаны есімізде. Орман және далалық өрттің саны кемімесе, азаймай тұрғаны тағы бар. Оның үстіне сирек кездесетін аң - құс пен өсімдіктер жылдан-жылға азайып бара жатқаны қынжылтады. Арал теңізінің өзі бір бөлек әңгіме. Проблемаларды жіпке тізсек, оның соңы бітпейді. Жаңа Кодекс жобасында осындай күрмеулі мәселелер назардан тыс қалғаны түсініксіз.