Аймақтар • 25 Қазан, 2019

Жайсаң-Шағаршын бекетінде шешілмеген түйіндер көп

283 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақтөбе мен Оралдың арасына «Тальго» жүрдек пойызы арқылы қатынап тұратынымыз бар. Халық ауыз әдебиетінде естігенімді айтайын ба, жоқ әлде көргенімді айтайын ба деген тіркес бар ғой. Сол айтылғандай Қазақстан мен Ресей мемлекеттік шекараларын жалғайтын Жайсаң-Шағаршын өткізу бекетінің тұсында пойыз терезесінен автокөліктердің тұтастай 1-2 шақырымға созылатын ұзын-сонар кезегін көріп жүрміз. Кейінірек осы мәселеге журналистік зерттеу жүргізу барысында бұл автокөліктер негізінен шекаралас Ақтөбе мен Орынбор облыстарының кәсіпкерлеріне тиесілі екенін білдік.

Жайсаң-Шағаршын бекетінде шешілмеген түйіндер көп

Тиісті бақылаулар шека­ра­­лық тексеруден өтуі үшін өткі­зу бекетінде жеңіл авто­­кө­лік­тер 5-6, жүк көліктері 10-12 сағат, ал ірі көлемдегі фуралар кей­бір кез­дер­­­де тұ­тастай тәулік бойы кезек күтіп тұ­­рып қа­ла­­ты­нын көрсетеді. Әрі мұндай көрі­ніс біраз уақыттан бері жал­ға­сып келеді. Соның ішінде жаз ай­ларындағы ың­ғай­­сыз­­дық, текке кеткен есіл уақыт пен шы­ғын­­ды айтсаңызшы. Мұндай кі­діріс­т­ің басты себебі неде? Айталық Қазақ­стан жағын­­дағы шекаралық өткізу беке­тінде жолау­шыларға арналған автобустар ­мен жеңіл авто­көліктерге, сонымен бірге ірі жүк көлік­теріне арналған дербес, көп жолақты жол дәліздері бол­са, Ресей жағында жоға­рыда аталған барлық автокөлік түр­лері бір жолақ, бір кезек бойынша өтеді. Авто­көлік­тер кептелісі мен оның ұзақ уақыт тұрып қалуының сыры осында екен.

«Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер пала­тасы өңірлік өкілдігінен алынған дерек­терге сүйенсек, аталған шекаралық ай­мақ­­тар арасында 2016-2019 жылдары жо­лау­шылар мен жүк тасқыны тасымалы 40 пайызға ұлғайған. Осы аралықта көлік құ­ра­л­да­рының үлесі де 25 пайызға кө­теріл­ген. Осы жалпы көлік тас­қынының 58 па­йы­зы Жайсаң-Ша­ғаршын өткізу бекеті­нің үле­сіне тиісті екен.

Бұл туралы палата өкілдігінің құ­қықтық мәселе­лер жөніндегі дирек­торының орынбасары Рус­лан Күйшінов айтып берді. Біз жоға­ры­да автокөлік бекетінде ұзын-сонар кезек­тің пайда болуына Ресей жағында тек бір ғана жолақ болуы әсерін тигізіп жүр­генін айтқанбыз. Бұл жөнінде Ресейдің сарапшы мамандары мен өкілдердің ой-пікірі айтылмаса, мұның бәрі Шерағаңша айтқанда «бір кем дүние» болып шығар еді. «Іздеген жетер мұратқа» дегендей, әй­теуір іздеген, ойға алған адамымызды тауып, оған жолығудың да сәті түсті. Ол Орын­бор облысы кәсіпкерлерінің құқын қор­ғау жөніндегі уәкіл Виктор Коршунов еді.

Оның ойынша, «Жайсаң-Шағаршын өткізу бекетінің төңірегінде түйінделген түйт­­кілдер күрделі күйінде қалып отыр. Сон­дықтан да бұл мәселе барлық дең­гей­­дегі қо­ғам­дық алаңдарда айтылып талқы­­ла­ну­да. «Бұдан бөлек мен аталған проб­лемаға қатысты жайттар жөнінде Орын­бор об­лы­сының губернаторы Денис Пас­лерге қыз­меттік жазбаша хат жолдадым. Бұл кезде ол аталған лауазымды уа­қытша атқарып жүрген-ді. Бұдан соң Орын­борға Ресей Көлік министрі Евгений Дет­рих арнайы келді. Сол кезде Шағаршын­дағы жай­сыз жағ­­дай­лар тағы да ортақ тақырыптың арқауы­на айналды», деді ол.

 

Виктор Коршуновтың мәлімдеуінше, Ресей Көлік министрінің сол сапарында Жайсаң-Шағаршын шекаралық бекетінде туындаған мәселелерге қатысты тиісті бағдарлама қабылданған. Соған сәйкес алдағы 2020 жылы автокөлік жолақтарын кеңейту, әрі мұндағы ескірген жүйелер мен инфрақұрылымдарды техникалық тұрғыдан қайта жаңғырту жөнінде жобалау-іздестіру жұмыстары бас­­талмақ. Ал 2021-2024 жылдары ресей­лік­тер мүмкіндігі қазіргі күйдегісінен 8 есе жоғары жаңа өткізу кешеніне қол жет­кізбек. Бұл әзірше жоба мен жос­пар ғана. Сөз арасында ресейлік уәкіл бұған ұқсас жағдай Ақтөбе мен Орын­бор арасындағы өзге шекаралық бекет арасында кездесетінін, айталық Первомайское-Жиренқопа бекетінде керісінше Ресей жағында үш жолақ барын алға тартып, ал Қазақстан жағында кең жолақ кішірейіп бір жолаққа айналып кететінін алға тартты.

Бүгінгі көтеріліп отырған мәселеге қатыс­ты оны күн, апта сайын өз бастары­нан өткізіп жүрген кәсіпкерлер мен бизнес­мен­дердің ой-пікірлері де мәселенің мәні­сіне тереңдей түсуге әсерін тигізбек. Осы орайда «Болат ЛТД» ЖШС-нің құрыл­тай­­шысы, өңірге белгілі кәсіпкер Ас­қар­­бек Мамырбаевтың жанайқайына құлақ түріп көргеннің артықшылығы жоқ се­кілді. Ол жемістердің бірнеше түрін, со­ның ішінде таңқурайды өнеркәсіптік негіз­де өсіріп, өндіруге, әрі шекаралас өңір тұр­ғын­дарына өткізуге маманданыпты. Оның бәрі жаз айларында әзір болатын маусымдық өнімдер екені белгілі. Кәсіпкердің жігерін құм қылатын жайт күннің ыстық кезе­ңінде сағаттап, тәулік бойы өткізу беке­тінде кезек күтіп тұру маңдай термен өсір­ген өнімдердің бұзылып кетуіне әсерін тигі­зетін­дігі. Содан соң ол бізге төмен­дегідей тұжы­рымдарын айтып берді.

Біз міне, бірнеше жыл бойы Еуропалық экономикалық кеңістік шеңберінде өмір сүріп келеміз. Оны құрудағы басты мақсат тауарлардың емін-еркін алмасуы мен еңбек ресурстарына даңғыл жол ашу емес пе еді. Дәл осылай болуы керектігін шекаралық мемлекеттер ынтымақтастығы форумдары кезінде сол елдердің басшылары да ұдайы айтып келеді. Осындай жағдайда Жайсаң-Шағаршын шекаралық өткізу бекетінде жүк көліктерінің 10-12 сағат кезек күтіп тұруы жан төзгісіз жағдай. Бұған дейін мұндай ұзақ кідірістің себебін кедендік бақылауға жаба салатынбыз. Қазіргі кезде Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер арасында мұнда кедендік бақылаулар алынып тасталды емес пе? Сонда шекарашылар неге шұқшиып қарайды, біз неге сол кездегідей проблемаға қайта кезігіп отырмыз деп қынжылады ол. Рас, бұған дейін Ресей жағындағы автокөлік жолының 45-50 шақырымы жүруге мүлдем жарамсыз болатын. Қазір Орынбор қаласынан Шағаршын өткізу бекетіне дейін тақтайдай тегіс трасса салынды. Өте жақсы. Алайда ресейліктер өткізу жолақтарын кеңейтуді бір жыл жобаласа, бұдан соң оны екі жыл салса, оны бүгінгі зымыран уақыт көтере ала ма? Сондықтан да бұл уақытты қысқарту мүмкіндігін қарастырса – ұтымды болмас па еді. Осы мәселе алдағы қараша айында Ресейдің Омбы қаласында өткізілетін Ресей мен Қазақстан шекаралас өңірлері ынтымақтастығы XVI форумының күн тәртібіне кіргізілгенін қалаймыз деді бұдан әрі А.Мамырбаев.

Несі бар, бұл әбден қолдауға тұратын ойлы ұсыныс-пікір деген ойдамыз. Сон­дай-ақ «Экспресс груз» ЖШС-нің директоры Айгүл Сақтағанованың пікірінше, шекаралық бекеттің тек Ресей жағында ғана емес, сонымен бірге қазақстандық бөлігінде де алаңдатарлық ахуал жоқ емес. Соның ішінде транзиттік тасымалдаушылардың қолдан жасалған жасанды бөгеттерге тап болып қалатындығы. Осындай көрініс экспорттық бақылау ісінде де қылаң беріп қалып жүр. Бір сөзбен айтқанда, қағазды апару мен әкелудің өзі біраз уақыт алады. Біздің ЖШС-де жұмыс жасайтын жүргізушілер шекарада табаны күректей жарты тәулік бойы тапжылмастан кезек күтіп тұрады дейді компания жетекшісі. Оның сөзінің түп-төркінінен ұққанымыз екі ел арасындағы сауда-саттыққа байланысты қарым-қатынастар кезінде арнайы келісімшарт жасалып, оның жеткізілу уақыты көрсетіледі. 

Бұл шарт автокөліктердің шекара бекетінде ұзақ уақыт тұрып қалуына бай­ланысты орындалмай қалады екен. Осын­дай факторлардың салдарынан қазақ­стандық кәсіпкерлердің белгілі бір тобы соңғы кезде Ресей бағытына тауар мен жүк жеткізуден бас тартқан көрінеді.

Қалай дегенде де Жайсаң-Шағаршын шекаралық өткізу бекетінде бүгінгі күні қалыптасып отырған күрделі жағдай оған жедел­дік пен ілкімді көзқарас қалып­тас­тыруды қажет етеді. Өз кезегінде бұл мәселе жергілікті қазақстандық әкім мен ресейлік губернатор деңгейінде емес. Тұтастай мем­лекетаралық келісім тұрғысынан ше­ші­мін табу керектігі ешқандай талас ту­ғыз­байды. Сондықтан да қазақстандық кә­сіп­кер Асқарбек Мамырбаев орынды қоз­ға­ғандай аталған проблемалық мәселе ал­дағы қараша айында Ресейдің Омбы қала­сында өткізілетін Қазақстан мен Ресей ше­к­аралас өңірлері ынтымақтастығы XVI фо­ру­мының күн тәртібіне енгізілсе бұл іс күр­делі жағдайдың оң бағытқа қарай тезірек бұ­ры­луына ықпал жасай алар еді демекпіз.

 

АҚТӨБЕ – ОРЫНБОР – АҚТӨБЕ

 

Суретте: Жайсаң-Шағаршын шекаралық өткізу бекетінен көрініс