Бизнес • 25 Қазан, 2019

Съезде кәсіпкерлер проблемасы қозғалды

155 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Нұр-Сұлтан қаласында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының VI съезі өтті. Оған Премьер-Министр Асқар Мамин, ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев, мемлекеттік органдар және еліміздің 17 өңірінен бизнес-қоғамдастықтар атынан делегаттар қатысты. Съезд барысында палатаның атқарылған жұмысы туралы есебі, «Атамекен» ҰКП дамуының жаңа мақсатты моделі және бизнестің түйткілді мәселелері қаралды. Съезд жұмысын ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев жүргізді.

Съезде кәсіпкерлер проблемасы қозғалды

Премьер-Министр Асқар Мамин съездегі сөзінде мемлекет басшылығы алға қойған экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз ету және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі стра­тегиялық міндеттерді тиімді іске асыру үшін Үкімет пен «Атамекен» ҰКП тығыз өзара іс-қимыл орнатқанын атап өтті.

Бүгінде еліміздің белсенді тұрғын­дары­ның 30%-дан астамы шағын және орта бизнеспен айналысады. Эконо­микадағы ШОБ үлесі 28,5%-ды құрайды.

«Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, біз­дің алдымызға аталған көрсеткішті 2025 жы­лы 35%-ға дейін және 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізу жөнінде стра­­тегиялық міндет қойылған. Бұл үшін жүйелі және құрылымдық шаралар ке­шені қабылданып жатыр», деді А.Ма­мин.

Өңдеу өнеркәсібі, отын-энергетика, агроөнеркәсіп кешені, туризм, көлік және логистика салаларының инвестициялар тартуға үлкен әлеуеті бар.

«Біз отандық бизнесті аталған процестерге белсене қатысуға шақырамыз және қазақстандық әрі шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасауға тырысамыз», деді А. Мамин.

Атқарылған жұмыстар арқылы Қазақ­­стан­ның Дүниежүзілік банктің Doing Bu­siness рейтингіндегі позиция­сы 25 орынға дейін көтерілді. Бизнес ахуалды одан әрі жақсарту мақсатын­да заңнамалық бастамалардың 8-пакеті әзірленуде. Бұл банк шоттарын ашу, кәсіпорындарды тіркеу, соның ішінде ҚҚС төлеуші ретінде тіркеу рәсім­дерін одан әрі жеңілдетуге, сондай-ақ миноритарлық акционерлерді қорғауды күшейтуге бағытталған.

«Кәсіпкерлердің адалдық презумпциясы» қағидалары заңнамалық түрде қойылады. Барлық белгісіздіктер және әрекет етіп тұрған заңдармен реттелмеген мәселелер кәсіпкерлік субъектісінің пайдасына қарай түсіндіріледі. Бизнес пен азаматтарға қосымша міндеттер жүктейтін нормаларға қатысты «өтпелі кезең» қарастырылған», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылған жылдары 2,5 трлн теңге жалпы несие сомасына 14 мыңнан аса жоба субсидияланғанын атап өтті, төленген субсидиялардың жалпы көлемі 240 млрд теңгеден асқан.

«Мемлекеттік бағдарламаның тиім­­ділігін ескере отырып, оны іске асы­ру мерзімі 2025 жылға дейін ұзарты­латын болады», деді А.Мамин.

Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында 24 мыңға жуық шағын несие берілген. Нәтижесінде
22 мыңнан аса адам жұмыспен қам­тылды. «Бастау-Бизнес» жобасы бойын­ша 3 жыл ішінде бизнес жүргізу негіз­деріне 88 мыңнан аса адам оқытылды. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қо­сымша 300 мыңға жуық адам қамты­латын болады.

Премьер-Министр жергілікті қам­туды дамыту ерекше бақылауда екенін айт­а келіп, «ішкі нарықты қауіпсіз емес әрі сапасыз өнімдерден қорғау шаралары қабыл­дануда, «қарапайым заттар экономикасы» жобалық кеңсесінің қызмет аясы кеңейтілді, импорт алмастыру үшін 10 басымдықты тауарлық топтар анықталды», деді.

«Бұл импорттың 5 млрд долларға жуық қысқаруын қамтамасыз етуге, ин­фляция импортын және несиелердің пайыздық мөлшерлемелерін азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай жобалар үшін мемлекет барлық қажетті қолдау шараларының пакетін ұсынатын болады», деді А. Мамин.

Кәсіпкерлікті дамыту көбіне-көп өңірлік сипатқа ие. Осыған байланысты Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп өңір­лердегі өсу көздерін анықтау үшін елдік скрининг жүргізді. Бүгінде жүйеге респон­денттер туралы 1,8 млн-ға жуық мәлі­мет жүктелген. Сауалдама еліміз бойын­ша 6 мың елді мекенде жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде, мемлекеттік қолдау шаралары «аудандық және ауылдық округтер деңгейінде» әзірленетін болады.

Үкімет басшысы маңызды міндет ре­тін­де қосылған құны аса жоғары шикі­зат­тық емес тауарлардың экспортын арттыру мін­детін атады. Осы мақсатта ал­дағы 3 жылға 500 млрд теңге қаржы бө­лінген. Экс­портты әртараптандыру үшін 7 тауарлық топ анықталған.

«Үкімет Қазақстанда бизнес жүр­гізуге ең қолайлы жағдай болуы үшін барлық мүмкіндікті жасайды. Біз бизнес-ортаны одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастырамыз», деп түйіндеді А.Мамин.

Съезде «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер пала­тасы жұмысшы органдарының есебі тың­далып, алға қойылатын мін­деттер ай­қындалды.

«Атамекен» қызмет етуінің алты жы­лы ішінде Үкіметпен бірге жүйелі негіз­де бизнес-ортаны жетілдіру бойынша жұ­мысты жүргізуде. Соңғы бірнеше жыл ішінде Қазақстандағы іскерлік ахуалды түбегейлі өзгерту бойынша 7 ауқымды заң қабылданды. «Атамекен» сарапшылары 621 жүйелі проблеманы анықтады, соның ішінде 490 мәселе (79%) шешімін тапты.

Қазіргі таңда процедуралар санын қысқарту, әкімшілік кедергілерді азайту, сонымен қатар бизнестің уақытша және қаржылық шығындарын төмендетуге бағытталған түзетулердің 8-ші пакетін қалып­тастыру бойынша жұмыс жүр­гі­зіліп жатыр. Сонымен қатар кәсіп­кер­лік субъек­тілерінің бірыңғай биз­нес-ті­зілімін құру бойынша жұмыс жүр­гізуде. Аталған биз­нес-тізілім барлық мемлекеттік орган­дардың деректер базаларымен бірікті­ріледі. Бірыңғай бизнес-тізілімді іске қосу 2020 жылдың екінші жартысына жоспар­ланған. 2019 жылы «Атамекен» елдегі 5 ірі сауда алаңы мен 100 мыңнан астам та­уар позицияларын біріктіретін «Сатып алу­лардың бірыңғай терезесін» іске қосты.

Съезд барысында Ұлттық палата «Atameken Digital» дамудың мақсатты моделін таныстырды. Енді «Атамекен» ҰКП-ның барлық сервистері бірыңғай цифрлы алаңға топтастырылады, онда кез келген кәсіпкер қызметтерді қа­шық­тықтан қолдана алады.

Талқылау барысында Ұлттық палата қаржыландырудың қолжетімділігі жә­не отандық кәсіпкерлердің сатып алулар­ға қатысу арқылы импортты алмасты­ру мәселелері мен АӨК саласында субси­дия­лардың төленбеуін қоса алғанда, бизнестің түйткілді проблемаларын көтерді.

Жиында талқыланған тағы бір мәселе – экономиканы несиелеудің тө­мендеуі. Оған Ұлттық банктің деректері дәлел: 2019 жылдың 9 айы ішінде заңды тұлғаларды несиелеу үлесінің бүкіл қарыз беру портфелінен 11%-ға немесе 7,9 трлн теңгеден 7 трлн теңгеге дейін қысқарған. 

Тағы бір үлкен мәселе – өткізу на­рық­тары. Мұндағы мәселелерді шешу үшін Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен Импортты алмастыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. 

 Салық салу саласында ҰКП «салықтық демалыс» кезеңінде тікелей қолданылатын қарапайым әрі түсінікті Салық кодексін әзірлеу, Еңбекақы қорынан салық салу база­ларын сәйкестендіру, оны бірыңғай төлем­ге біріктіріп, жүктемесін 20-25%-ға дейін төмендетуді ұсынды. Бизнестің қолданған жауапты шаралары ретінде: онлайн бақылау-кассалық машиналар, POS-терминалдарды орнату, бухгалтерияны цифрландыру, «сұр аймақтан» шығу ұсынылды.

Бұдан бөлек «Атамекен» отандық шаруа­ларды қолдады, шаруалар 36 млрд теңге­ден астам сомада субсидияларды толық ала алмай отыр. Ұлттық палата суб­сидиялар бойынша қарызды төлеу үшін Үкіметтің қорын пайдалануды, со­нымен қатар орын алған ситуация себептерін анықтау мақсатында егжей-тегжейлі талдау жүргізуді ұсынды.