Ғылыми-техникалық прогресс адамзат алдында бұрын-соңды кездеспеген бірнеше жаңа, өте күрделі мәселелерді қойды. Олардың ішінде адамды қоршаған ортамен байланыстыратын қарым-қатынас ерекше орын алады. ХХ ғасырда табиғатқа ауыртпалық көбеюдің 4 есеге және әлемдік өндіріс көлемінің 18 есеге өсуімен байланысты болды. Ғалымдардың айтуы бойынша, 1960-1970 жылдар аралығында адамзаттың әсерінен болатын экологиядағы өзгерістер бүкіл әлемде пайда болды, яғни планетаның барлық түкпіріне әсерін тигізді, сондықтан да бұл мәселелер жаһандық сипатқа ие бола бастады.
Жыл сайын өнеркәсіп атмосфераны шамамен 1 трлн тонна шаң мен басқа да зиянды заттармен ластайды. Көптеген қалалар түтіннен зардап шегеді. Кең ормандар кесіліп, өртеніп жатыр. Олардың жоғалуы оттегінің тепе-теңдігін бұзады. Нәтижесінде, жануарлардың, құстардың, балықтардың және өсімдіктердің сирек кездесетін түрлері мәңгіге жоғалып, бірқатар өзендер мен көлдер құрғап кетті. Ауаның және дүниежүзілік мұхиттың ластануы, озон қабатының бұзылуы адамның табиғатпен рабайсыз араласуының нәтижесі болып саналады. Ал бұл – экологиялық дағдарыстың белгісі.
Экологияны қорғаудың маңызын түсінсек, оны сақтап қалудың шараларын қарастырайық:
Біріншіден, су және жарық энергиясын үнемді пайдалану. Бұл табиғатқа ғана емес, сіздің әмияныңызға да пайдасын тигізеді. Яғни, барлық электр құрылғыларын өшіріңіз, ұйқы режімінде де компьютер қуатты тұтынады, үйден шыққан кезде әрдайым шамдарды сөндіргеніңізге көз жеткізіңіз, энергия үнемдейтін шамдарға ауысыңыз, үйдегі барлық сантехниканың жұмыс істеп тұрғанын тексеріңіз, өйткені күніне 20 литрден астам су ағып кетуі мүмкін.
Екіншіден, қағазды үнемді пайдалану. Біз көбінесе қағаздың ауадан шықпайтынын және қажет емес баспалардың бәрі ағаштардың қирағанынан пайда болғанын ойламаймыз. Сондықтан бір нәрсе басып шығармас бұрын, оның қаншалықты маңызды екені туралы тағы бір рет ойланыңыз. Қазір билеттерді телефон экранында көрсету жеткілікті, бұл үшін арнайы электронды билеттер іске қосылған. Әрине, ағаш отырғызуыңыз да әлемге кішкене болса да пайдасын тигізер еді.
Үшіншіден, полиэтиленді пакеттерден арылу. Әрине, бәріміздің үйімізде әйгілі «пакеттері бар пакет» бар, яғни бір пакеттің ішіне 100 пакет салып қоямыз ғой. Қане, шындыққа тура қарайық, полиэтиленді пакеттер қоршаған ортаға зиянды, сондықтан дүкенге барарда үйіңізден ескі пакеттерді алып шығуға тырысыңыз және сол пакетті жыртылғанша қолданыңыз.
Төртіншіден, пластикті қолданыстан шығарып тастау. 2015 жылы АҚШ-тың Джорджия технологиялық университетінің профессоры Дженна Джамбек пластикке қатысты «Тек жағалауларда ғана жыл сайын 12,7 миллион тоннаға дейін қалдық жиналып қалады. Дүние жүзі бойынша жағалауларда әр қадам басқан сайын іші қоқысқа толы 15 полиэтилен пакетінің шашылып жатқанын елестетіп көріңізші. Ал сол қалдықтардың биоыдырауға ұшырап, толықтай жойылып кетуі үшін орташа есеппен 450 жыл қажет», деген сенсациялық мәлімет таратты. Сол себепті, пластикті қолданыстан мүлдем алып тастау қажет.
Табиғи ортаның ластанбауына адамдардың терең түсінік-пайымы керек. Біз қоршаған ортаны қорғаймыз десек, балабақшадан бастап экологиялық тәрбиені үйреткеніміз дұрыс. Ата аналар тазалық сақтауды балаларының бойына неғұрлым ерте сіңірсе, соғұрлым іс алға басып, бүгінгідей күрделі жағдайлардың алдын алуға септігі тиеді.
Ұлжан ОМАРОВА