Қазақстан • 25 Қазан, 2019

Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының отырысы өтті

278 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бастаған қазақстандық делегациясының Ұлыбританияға сапары Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жоғары деңгейдегі іс-шаралармен жалғасты. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының отырысы өтті

Сапар аясында Р. Василенко мен Ұлыбританияның сауда саясаты жөніндегі министрі Конор Бернстің тең төрағалығымен Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 6-шы отырысы өтті.

Ұлыбритания іскер топтарының 50 астам өкілдері кірген ҮАК-ке қатысушылар өткен жылда атқарылған жұмыстың қорытындыларымен танысып, екіжақты ынтымақтастықты дамытудың негізгі бағыттарын қарастырды. Оған қоса, мұнай-газ, қаржылық, технологиялық, тау-кен және білім салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

«Ұлыбритания Қазақстан Республикасының стратегиялық және негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып табылады. Ұлыбританиямен екіжақты сауда айналымы жыл сайын оң динамика көрсетіп келеді. Қазақстанның британдық және басқа да Батыс нарықтары үшін ашықтығы Үкіметіміздің шетелдік бизнеске инвестициялар мен сауда жасау үшін жағдай жасау жөніндегі тұрақты күш-жігерімен айқындалады. Осы күш-жігердің нәтижесінде бүгін жарияланған Дүниежүзілік банктің «Doing Business 2020» рейтингіне сәйкес, Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда үш орынға көтеріліп, 190 елдің арасында 25-ші орын алды», деді Р. Василенко.

Қазақстандық дипломат елдеріміз осы диалогты «шикізатты инвестиция мен озық технологияларға айырбастау» формуласы бойынша, кейіннен қосымша құны бар бірлескен өндірістер құруға шығу арқылы одан әрі нығайту қажет екенін атап өтті.

Өз кезегінде К. Бернс Ұлыбритания мен Қазақстан көптеген салаларда, соның ішінде білім беру, мұнай-газ, тау-кен өндірісі, қаржы, химия өнеркәсібі, машина жасау, металлургия және азаматтық авиация салаларында ынтымақтастықты дамытып келе жатқанын айтты.

«Қазақстан бүгін британдық компаниялар қызығушылық танытып жатқан қарқынды трансформацияланып, әртараптандырылып жатқан экономика болып табылады. Біздің Үкімет осы өркендеуші нарыққа инвестициялап, қазақстандық фирмалармен ынтымақтастық орнатып, осы елдің экономикасы ұсынатын шексіз мүмкіндіктерді пайдалану үшін барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын», деп толықтырды К. Бернс.

ҮАК шеңберінде өткізілген мұнай-газ, тау-кен өндірістері, денсаулық сақтау, білім беру және қаржылық қызметтер бойынша бес жұмыс топтарының отырыстары барысында «Астана» Халықаралық қаржы орталығында корпоративті басқаруды дамыту, Қазақстанның азаматтық авиация саласын реттеудің жаңа моделін құру, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту, еліміздегі кәсіптік-техникалық колледждерді одан әрі қалыптастыру және т.б. өзекті мәселелер көтерілді.

Ауылдық жерлерде су ресурстарын басқару, мал шаруашылығы және қалдықтарды басқару мәселелері бөлек талқыға салынды.

Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысына және екіжақты келіссөздерге қатысушылар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі аспектілері бойынша пікір алмасып, стратегиялық серіктестікті одан әрі кеңейтуге дайындығын растады.

Іс-шараның нәтижесінде екі тараптың барлық салада стратегиялық серіктестікті нығайтуды жалғастыруға ниетін растаған Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-британ үкіметаралық комиссиясының 6-шы отырысының хаттамасына қол қойылды.

1

Отырыс аясында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен британдық Экспорттық кредиттерге кепілдік беру агенттігі (UK Export Finance) арасындағы британдық бизнестің қатысуымен ҚР-да инвестициялық жобаларды қаржыландыру туралы меморандум,  «Artex Construction» ЖШС мен «Independent Power Corporation» («IPC») энергетикалық компаниясы арасындағы Батыс Қазақстанды үздіксіз газдың таза көздерімен және жаңартылатын энергия көздерімен қамтамасыз ету үшін Ақтау қаласында жаңа дата-орталықты дамыту бойынша цифрлық бірлескен кәсіпорын құру туралы өзара түсіністік туралы меморандум, «Artex Construction» ЖШС мен «IPC» арасындағы экологиялық таза энергияны әзірлеумен айналысатын және Ақтау қаласында қуаты 250 МВт құрамдастырылған циклдік газ турбинасын салу жобасына шоғырланған энергетикалық компания құру туралы келісім, «Қазгеология» АҚ мен британдық «Astra Mining» компаниясы арасындағы ҚР-да үш кен орнын барлау туралы келісім, қазақстандық «Aurora Mining» компаниясы мен британдық «RPA Inc» компаниясы арасындағы жер қойнауын пайдалану саласында консалтингтік қызметтер көрсету туралы келісім секілді екіжақты құжаттарға қол қойылды.