Қоғам • 25 Қазан, 2019

Алматы облысының тұрғындары Аида Балаеваға арыз-шағым айтты

424 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көмекшісі – Президент Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Алматы облысына жұмыс сапарымен келді.

Алматы облысының тұрғындары Аида Балаеваға арыз-шағым айтты

Талдықорған қаласында жұртшылықен кездескен Мемлекет Басшысының көмекшісі «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді.

– Кез келген мәселенің дұрыс шешімін тауып, тұрғындарға тиімді болуына мемлекеттік билік пен қоғамдық ұйымдар бірлескенде ғана қол жеткізе аламыз. Ол үшін кемшін түсіп, олқы соғып жатқан мәселелерді ашып жеткізу – баршаның басты міндеті. Яғни, әрбір тұрғын мемлекеттің дұрыс дамуына жариялылықпен, ашықтықпен үлес қоса алады. Елімізде осы бағыттағы шаралар қолға алынып, әрбір өңірде Қоғамдық кеңестердің жұмысы жандануда. Ең бастысы, билік пен қоғамдық ұйымдар бірлесе, кеңесе қадам басқанда ғана жақсы нәтижеге қол жеткізетінін ұмытпауымыз керек. Менің бүгінгі сапарым да осыған негізделген, - деді қоғамдық қабылдау барысында Аида Ғалымқызы.

Жетісу тұрғындары өздерін алаңдатқан мәселелерді ашық айтып, толғандырған сауалдарға жауап іздеді. Президенттің көмекшісі – Президент Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімі меңгерушісінің қоғамдық қабылдауында көтерілген мәселелер бірнеше бағытты қамтыды. Айтылған пікірлерді салмақтай келгенде, өңірде жеке отбасылық жағдайдан бастап, күллі жұртшылықты алаңдатқан бірқатар өзекті мәселелер бары айтылды. Әсіресе, қабылдауға жазылған ауыл тұрғындары республикалық, облыстық деңгейдегі автожол бойында кісі өлімінің жиі орын алатынына алаңдушылық білдірді. Ал қала маңы тұрғындары қоршаған ортаны ластаған кәсіпорындардың бейқамдығына наразылық білдіріп, жергілікті атқарушы биліктің дәрменсіздігіне шағымданды.

Сондай-ақ қоғамдық қабылдау кезінде тұрғындар аудан орталықтарындағы негізгі көшелердің әлі күнге дейін асфальтталмағанына налып, медициналық қызмет көрсету ісінде олқылықтарға жол берілетіндігін де жасырмады. Негізінен ауылдық өңірден келген тұрғындар зейнеткерлерді емдеудің жолдарын жүйелендіру керектігін, кәріз жүйелерінен шыққан жағымсыз иістің көршілерді мазалайтынын, жүгері өсірушілерге берілетін субсидияның тек өнім алған соң ғана тиетінін, ауылшаруашылық техникасын лизингпен алудың тиімсіздігін айтса, шағымданушылардың бір тобы КСРО кезінде жинақ кітапшасында жинақталған сомалардың қайтарылмай қалғанын, қылмыстық істі тергеуді қолға алған тергеушілердің жиі ауысатынын, сол арқылы шағымданушы арызының аяқсыз қалатынын жасырмай жайып салды.

Бұқара тарапынан айтылған мәселелерді сараптай келе, аймақ тұрғындарын алаңдатқан бірнеше жағдай сын тезіне алынды. Олардың қатарында облыс бойынша жұмыссыздықтың статистикалық көрсеткіші нақты деректермен сәйкеспейтінін, мүгедек балалардың білім алуына берілетін көмектер мен мүмкіндіктердің жүйеленбегені жайында сұрақтар өткір тұр екен. Баспана кезегіне қатысты дау-дамайдың көптігі мен көп балалы аналардың жанайқайы да кездесуде назардан тыс қалмады.

Қоғамдық қабылдауға келген 106 адамның арыз-арманын мұқият тыңдаған Аида Ғалымқызы жергілікті жерде шешілетін мәселелерге жауапты лауазымды шенеуніктерді сынға алып, тұрғындар өтінішінің барлығы Президент әкімшілігіне жеткізетінін айтты.

- Тұрғындар тарапынан айтылған тілектер мен талаптар протоколға кіргізілді. Соған байланысты барлық мәселелерді қажетті деңгейде қарастыратын салалардың басшыларына жеткіземін. Айтылған барлық мәселе заң аясында шешіледі деп сенемін, – деді қоғамдық қабылдауды қортындылаған сөзінде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көмекшісі – Президент Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева.

 

 

Алматы облысы