Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен, облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен өткен форум еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналды.
Кезінде ел газетінде еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсетіліп, басылымның бүгінгі жаңашыл қадамдары үлгі етілді. Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан, Алматы, Шымкент қалаларынан келген белгілі журналистер республикамыздың бас газетінің торқалы тойына құтты болсын айтты.
Ал форум жұмысын жүргізіп отырған Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің құттықтау хатын оқыды.
«Бүгінгі ақпарат айдыны өте шапшаң дамуда. Осындай сындарлы кезең замана көшіне ілесіп қана қоймай, кез-келген қиындықтардан жаңашылдықпен жол тауып, тың пікірлермен заманауи тілмен айтқанда креативті идеяларға арқа сүйеуді қажет етеді. Мұндай жағдайда медиакеңістікте тер төгіп, ақпарат саласының қазанында қайнап жүрген қызметкерлердің басын қосу, тәжірибе бөлісудің маңызы өте зор. Тек Түркістан ғана емес, республиканың бірнеше өңіріндегі бұқаралық ақпарат құралдарының, блогерлерінің басын қосқан бүгінгі медиафорумның алға қойған мақсаты – осы салада жүрген мамандардың тәжірибесін ұштау, құнды пікірлерді алға қарай ілгерілету деп есептеймін», - делінген Басқарма төрағасының құттықтау хатында.
Алқалы жиында Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаев форум жұмысына сәттілік тіледі. Көп жылдар ел газетінде еселі еңбек еткен белгілі қаламгер, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Мархабат Байғұт «Егеменнің» ел тарихындағы ерекше орны мен бүгінгі өзгеше бағыты туралы әңгімеледі. Жас журналистерді жаңашылдыққа, өз міндетін атқаруда жауапкершілікке үндеді.
Ал «Egemen Qazaqstan» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі Хамит Есаман басылымның бүгінгі бағытына, жаңа айдарларға кеңінен тоқталды. Сондай-ақ жиында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына орай ардагер журналистерге шапан жабылып, құрмет көрсетілді.
Форумда «Заң медиа» ЖШС-і бас директоры Досымбек Қонысбек, «Отырар» медиахолдингінің директоры Әйгерім Жұмағұлова, «Оңтүстік рабат» газетінің редакторы Жәнібек Нұрыш, Жамбыл облыстық «Арай» газетінің бас редакторы Дәулет Төленді «Жаңа және дәстүрлі медиа: ынтымақтастықтың заманауи модельдері» тақырыбында ой толғады. Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы мемлекеттік сатып алу, газетке жазылу және басқа да мәселелер бойынша өз көзқарасын ашық айтты. Сондай-ақ «Фейк жаңалықтар индустриясы: зардабымен күресу жолдары» тақырыбы да қызу талқыланып, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.
Форум аясында Қазақстан Журналистер одағының Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстық, Шымкент қалалық филиалдары және «Медиакратия» қоғамдық бірлестігі арасында бірлескен меморандумға қол қойылды.
Еркін ДОСЫМБАЙ,
Түркістан облысы