Аймақтар • 25 Қазан, 2019

Үйі өртенген отбасыға көмек көрсетті

1038 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Үйі өртенген отбасыға көмек көрсетті

10 қазан күні Аягөз қаласындағы Желтоқсан көшесі, 188 үйде өрт шығып, Айжан Төлтаева 6 баласымен қиын жағдайға тап болған еді. Көп балалы ана басындағы осы жағдайды Аягөз ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаевқа жеткізген соң көмек көрсету шаралары шұғыл түрде қолға алыныпты. Аудандағы барлық мекеме қызметкерлері өздерінің бір күндік жалақыларын «Аягөз Болашақ» қорына аударыпты.

пәтер

«Әкімдік тарапынан мұқтаж отбасына көмек көрсету ұйымдастырылып жатқанын естіп, қарап қала алмадым. «Қара домалақ балапандар далада қалағалы тұр» дегенде жүрегім езіліп кетті» дейді кәсіпкер Талғат Мұхаметқалиев. Иә, бүгін осы кәсіпкер көп балалы анаға 1 миллион теңге қаржыны табыстапты. «Аудан әкімі Д.Оразбаев «Аягөз Болашақ» қорына жиналған 500 мың теңгенің сертификатын ұсынды. Үйі өртеніп, еңсесі түскен отбасы жаңа үй алуға қажетті қаржы табысталған соң көңілі орнына түсіп, қол ұшын созған қайырымды жандарға алғысын білдірді» дейді аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Медет Мырзыкешов. «Ділдәбек Тәжібайұлына басымдағы жағдайды айтып барғанда бірден көмек көрсететінін айтты. Араға ай салмай жедел көмек бергендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Аудан басшылығы енді отын, көмір түсіріп беретінін жеткізді. Мың алғыс» дейді көп балалы ана Айжан Төлтаева.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Аягөз ауданы