Шыны керек, туған Қазақстанымыз, тәуелсіз мемлекетіміз жыл өткен сайын әлеуметтік-экономикалық жағынан іргесі бекіп, керегесі кеңейіп, әлемдік қауымдастық алдында беделін арттырып келеді. Біздің дәулетіміздің осындай белесті биікке көтерілуінің заңды негізі бар. Олай дейтініміз, елімізде өмір сүруге қажеттің бәрі де жасалған. Мәселен, Жолдауда айтылған шағын бизнеске деген жанашырлықты мен осыған қосар едім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев нарықтық қатынастарға алғаш көшкен кезеңнен кәсіпкерлерге жағдай жасауды қолға алды. Мұның оңды бағыт болғанын осы күні байқап отырмыз. Осы шағын және орта бизнес арқылы еңселерін көтерген мемлекеттердің көп екенін де білеміз. Ал мемлекеттің әл-ауқаты артса, өнер мен мәдениеттің де шырайы кіре беретіні бесенеден белгілі. Сондықтан Тұңғыш Президенттің ісін бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жалғастырып, тағы да экономиканы көтеруге бағыт ұстағаны көңілімізге жылылық ұялатты.
Қысқасы, биылғы Жолдаудың жолдары халыққа деген қанатты қамқорлықтың көптігімен ерекше есте қалады. Бір ғана мысал келтірейін, Жолдауда: «Үкімет Ұлттық банкпен бірлесе отырып, зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Қазіргі уақытта қызмет етіп жатқан адам зейнетақы қорын тек зейнетке шыққаннан кейін қолдана алады. Алайда олардың бұл қаражатты ол кезге дейін қолданғысы келетіні түсінікті. Үкіметке осы жылдың соңына дейін қызмет етіп жатқан азаматтардың зейнетақы қорларының бір бөлігін мақсатты пайдалану, мәселен, баспана сатып алу, білім алу мәселесін қарастыруды тапсырамын», деп мәлімдеді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл бүгінгі таңда еңбек етіп жатқан барша жұрт үшін қуанышты хабар екені айдан анық.
Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
филология ғылымдарының докторы, профессор