Қазақстан • 28 Қазан, 2019

Суықтан келген сұлулар...

199 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавл қаласында 25 қазаннан бері Ресейдің қиыр солтүстігіндегі Салехард қаласынан келген ерекше қонақтар жүр. Бұлар «Ресей әйелдер одағы» қоғамдық ұйымының Ямал-Ненец аймақтық бөлімшесінің өкілдері екен. Келгендерді балаларымен қоса есептегенде 22 жан.

Суықтан келген сұлулар...

Біз олардың басшысы, аталмыш ұйымның төрағасы Ольга Бесединадан Қызылжарға келу себебін сұрағанымызда ол «отбасылық оқу мен театр мектебін қалай құру» жобасын алып келгендерін айтты. Мұнда біз Корней Чуковскийдің балаларға арналған «Қолтырауын» деген спектакльін қоятын боламыз. Қойылымға петропавлдық өнерпаздар да қатысады. Сонымен бірге осындағы бізбен бір бағытта жұмыс істейтін ҮЕҰ өкілдерімен және Ресейдің Қорған қаласынан келген ҮЕҰ өкілдерімен дөңгелек үстел өткізіп, тәжірибелерімізбен алмасатын боламыз.  Сондай-ақ басқа да жобаларымызды таныстырмақ ниетіміз бар. Соның ішінде «Соғыс және жеңіс менің отбасымның шежіресінде» деген жобамызды таныстырамыз. Біздің басты міндетіміз өзара таныстықты жалғастырып, достықты тереңдетуге бағытталған», деді ол.  

Қонақтар Салехардтан Ресейдің облыс орталығы Түмен қаласына дейін ұшақпен, одан бері жеті сағат бойы автобуспен жол жүріп келген екен. Бізге дейін бұл ұжым осындай миссиямен Қырғызстанда да болыпты. Салехардтан келген қонақтарды Петропавл қаласы әкімдігінің өкілдері қарсы алып, шараларына қатысты.

Ольга Беседина өздерінің сапарын Түмендегі облыстық сыртқы қатынастар департаменті қолдайтынын жеткізді. Қазір Салехардта белшеден ақ қар, қатты аяздар тұрған көрінеді. «Сол суықтан біз сіздерге ыстық сәлем әкелдік», деді делегация басшысы.

Қонақтар Қызылжардан ертең аттанады. Қоғамдың ұйымдардың белсенділігі көрші мемлекетте осындай қолдаулар тауып отырған көрінеді.