Аты аңызға айналған теннисшілер ТМД елдері арасында тұңғыш рет Қазақстанда матч өткізді. Рафаэль Надаль қазақ жеріне осымен екінші рет келсе, Джокович елімізге алғаш рет табан тіреді. Испан теннисшісі қазақ топырағын ең алғаш 2014 жылы басқан болатын. Сол жылы ол елордада өткен қайырымдылық турниріне қатысып, франциялық Жо-Вильфрид Тсонгамен шеберлік байқасқан еді. Ерлер арасындағы әлемдік рейтингтің көшін бастап тұрған екі жұлдыз Қазақстанға келген сапары барысында бірқатар маңызды іс-шараға қатысты.
Ең алдымен екі теннисші қазақстандық БАҚ өкілдеріне арналған арнайы баспасөз мәслихатына қатысты. Жиынға қатысқан Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов екі теннисші арасындағы кездесуді осыдан біраз жыл бұрын жоспарлағанын айтты.
–Бұл матчты ұйымдастыруды екі жыл бұрын ойластырған едік. Бірақ теннисшілердің уақытының тығыздығына әрі жарақаттарына байланысты кейінге қалдыруға тура келді. Бізді қызық әрі тартысты матч күтіп тұр. Бұл күн теннис әуесқойлары үшін ғана емес, бүкіл қазақстандықтар үшін нағыз мереке болмақ, – деді Қазақстан теннис федерациясының президенті.
Қазақстанға келгенге дейін де үнемі қайырымдылық шараларына қатысып, өзі де мұқтаж жандарға көмектесіп жүретін Рафаэль Надаль мұндай ұсынысқа бірден келіскенін жеткізді.
–Маған сіздердің елдеріңізден қайырымдылық матчын өткізуге ұсыныс түскенде ойланбастан бірден келісімімді бердім. Біраз жылдан бері қазақстандық теннисшілердің аяқ алысын бақылап келемін. Сіздердің елдеріңізде теннис спорты өте қарқынды дамып келеді. Оған Михаил Кукушкиннің, Андрей Голубевтің халықаралық аренадағы жетістігі дәлел бола алады. Қазақстан теннисін өрге сүйреп жүрген Болат Өтемұратов мырзаға сұлулығына көз тоймайтын Нұр-Сұлтан қаласына шақырғанына ерекше алғыс айтамын. Матч туралы айтар болсақ, қайырымдылық турниріне қатысу мен үшін үлкен бақыт. Қазіргі таңда жастарды қолдау, оларға бағыт-бағдар беру өте қажет дүние, – дейді Р.Надаль.
Өз кезегінде серб халқының өкілі Новак Джокович жиылған жұртпен қазақ тілінде «Сәлем» және орысша «Здравствуйте» деп амандасып, кездесу жайлы өз ойымен бөлісті.
–Қазақстанға, мынадай сұлу қалаға алғаш рет келіп отырмын. Біздің спорт үшін Болат Өтемұратов секілді кісілердің қолдау көрсеткені маңызды. Ал Рафаэльге менімен тағы да кортқа шығатынына алғыс айтамын, – деп сөзін қысқа қайырды.
Баспасөз жиынынан кейін Рафаэль Надаль мен Новак Джокович елордамыздағы «Әзірет Сұлтан» мешітін, Тәуелсіздік сарайын, Haileybury Astana британиялық мектебін, Назарбаев Университетті, Ұлттық теннис орталығын, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры мен «Бәйтерек» монументін тамашалап, Нұр-Сұлтан қаласындағы теннис орталығының салтанатты ашылуына қатысты. Орталық ішінде 36 адамға арналған қонақүй, 2 жаттығу залы, 6 киім ауыстыратын орын және ең бастысы 14 корт (8-і жабық, 5-еуі ашық, 1-еуі жағажайлық) бар.
Негізгі ресми іс-шарадан кейін қос теннисші 11 626 көрерменге арналған «Барыс Арена» мұзайдынында жас спортшыларға арнайы шеберлік сабағын өткізді. Кейіннен дене қыздыру жаттығуын жасап, екеуі өздерінің мерейлі 55-ші матчына кірісіп кетті.
Елорда төріндегі өткен әлемнің ең мықты деген теннисшілерінің арасындағы ғаламат кездесу ә дегеннен-ақ тартысты басталды. Бір қарағанда екеуі қайырымдылық турнирінде емес, «Үлкен дулыға» немесе «Мастерс» турнирінің финалында бас жүлдені сарапқа салып жатқандай әсер қалдырды. Алғашқы сетте спортшылар 9 гейм ойнады. Бірінші геймде Рафаэль жеңіске жетсе, екінші геймде Новак есепті теңестіріп кетті. Дегенмен матч барысында ептілігімен көзге түскен Надаль бірінші сетті өз пайдасына жазды. Есеп – 6:3.
Екінші сетте де қос теннисші 9 гейм ойнады. Бірақ бұл жолы Джоковичтің мерейі үстем болды. Қайырымдылық турнирі аясындағы матч болса да екі теннисші жеңілгісі келмейтінін бірден аңғартты. Екінші сеттің бесінші геймнен кейін серб теннисшісі 3:2 есебімен алда тұрды. Алғашқы сетке қарағанда Новак бұл жолы қателікке бой алдырмай жинақы ойнап, қалған үш геймде де басымдық танытты. Екі сетте жеңімпаз анықталмаған соң, теннисшілер чемпиондық тай-брейк ойнады. Қосымша сетте Надаль қарсыласынан 11:9 есебімен басым түсіп, қайырымдылық турнирінің жеңімпазы атанды.
Осылайша екі теннисшінің арасындағы 55-ші кездесуде Рафаэль Надальдың мерейі үстем болды. Бұған дейінгі 54 матчтың 28-інде Новак Джокович жеңіске жетсе, 26 кездесу Рафаэль Надальдың басымдығымен аяқталған болатын.
Бір айта кетерлігі, Рафаэль мен Новак кортта тек теннис ойнап қана қоймай, матчты тамашалауға келген жанкүйерлердің көңіл күйін көтеру үшін, оларға нағыз спорттық мерекені сезіндіру үшін шоу ұйымдастырды. Әсіресе серб теннисшісі сет арасындағы үзілісте бірнеше жанкүйерді кортқа шығарып, әлемде трендке айналған билерді биледі. Сондай-ақ «болбойға» (теннисшіге доп беріп тұрушы – ред) допты таңдау мүмкіндігін беріп, жеңіске жеткен соң «болбойды» құшақтап, жеңісін бірге тойлады.
«Барыс Аренаға» жиналған көрермендер қос жұлдыздың өнеріне сүйсініп, спорт мерекесінен тамаша әсер алғаны рас. Мұндай кездесулер балалардың теннис спортына деген сүйіспеншілігін арттырып, жастарды саламатты өмір салтын ұстануға үндейді.
Қайырымдылық турнирінен түскен қаржы балаларға арналған инклюзивті алаңдар салуға және облыстардағы аудан орталықтарында теннис спортын дамытуға жұмсалады.