28 Қазан, 2019

«Алтын бағытқа» асығыңыз!

328 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мүсін өнері мүмкіндігін танытқан «Алтын бағыт» атты көрме елордадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде тұсауын кесті. Бұл көрменің өтуіне көрнекті мүсінші, Қазақ ұлттық өнер академиясының ұстазы, өнерде өзіндік қолтаңбасымен танылған Шоқан Төлеш мұрындық болды.

«Алтын бағытқа» асығыңыз!

Мүсінші Шоқан туындылыры жұртқа көптен таныс. Тек өз елімізде ғана емес, АҚШ, Фран­ция, Бельгия, Италия, Швей­ца­рия, Ұлыбритания Аустрия мұ­ражайлары мен көрнекті орындарында көрмелерін өткізіп, тың туындыларымен талайларды тәнті еткенін айта кетелік. Бел­гілі шебердің қолынан шыққан мүсіндерінің бір ерекшелігі – эс­те­тикалық талғамға бай. Көз са­лып, көңіл тоқтатқан әр адам өзі ой қорытып, философиялық иірім­деріне үңілуіне мүмкіндік бере­тіндігінде жатса керек.

Көрменің ашылу салтанатында белгілі өнер қайраткерлері, қаламгерлер Шоқан шығарма­шы­лығына жан-жақты тоқталды. Оның туындылары негізінен қоладан, алюминийден, ағаштан, мәрмәр тастардан жасалған ка­мералық жұ­мыстар екеніне де жете мән берді. Әсіресе әр мү­сінінде шығыс пен еуропалық мәдениет ұштаса келіп, ұлттық дүниенің алтын ар­қауы салтанат құратынын баса айтып жатты. Соған дәлел ретінде, асау толқынның үстінде қайықпен келе жатқан қазақтың үш абыз қариясының ерекше болмысын атап өтуге болады. Аты айтып тұрғандай, бұл – қазақ бірлігінің айқын көрінісі екен­дігін айтқызбай ұқтырады. Сол секілді, арғы тарихтан тамыр тартатын «Томирис», «Сақ жа­уынгері», «Атилла», ұлт өнерінің жа­уһары саналатын «Сәу­келе», «Қо­быз», «Қария» сынды өзге де мүсіндерін ерекше атауға бо­лады. Әсіресе қола, алюминий, ағаш, тас қосындыларынан жа­салған «Кербез Астана» мүсіні жұртшылықтың ерекше ілти­патына бө­ленді. Көрерменнің көз жауын алған аталған көрме бір ай бойы елордалықтар назарына ұсы­нылып, одан кейін Алматыда жалғасын табады.

 

Қасымжомарт ДӘУЛЕТҰЛЫ

 

Соңғы жаңалықтар