Аймақтар • 28 Қазан, 2019

Құтқарушыларға ескерткіш қойылды

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өмір күнде той емес. Өмір болған соң оның қиын-қыстау, қысыл-таяң, сыни сәттері қатар келіп жатады. Бұл ретте адам өміріне қауіп төндіретін кездер де кездеседі. Осындай алмағайып шақта өздеріне төнген қауіп-қатерге қарамастан ең алғашқы көмекке келетіндер құтқарушылар екені белгілі. Оларды төтенше жағдайларға қарсы батыл іс-қимыл жасай алатын бүгінгі күннің қаһармандары десе де аздық емес.

Құтқарушыларға ескерткіш қойылды

Егемен елімізде құтқарушыларға құрмет көрсетіп, өздеріне жүктелген міндетті орындау кезінде қаза тапқан мамандық иелірінің рухына тағзым ету үшін Ақтөбе қаласында қоладан ескерткіш қойылды.

Құтқарушылар саябағында орнатылған ескерткіш-монументтің жалпы биіктігі 4,7 метр. Оның тұғырына «Тәуелсіз қазақ елінің құтқарушыларына тағзым» деген қастерлі сөздер латын тілінде жазылған. Қауіп-қатері мен жауапкершілігі мол мамандық иелеріне қойылған ескерткіш Ақтөбе облысының азаматтық қорғаныс ұйымдары мен ардагерлер кеңесінің бастамасы бойынша бой көтерген. Оның қаржылық шығының құтқарушылардың жанкешті еңбектеріне әркез құрметпен қарайтын меценант-кәсіпкерлер төлеген.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысушылар кәсіби міндеттері мен парыздарын орындау кезінде құтқарушылардың рухына бас иіп, бір минут үнсіз тұрды. Содан соң Ақтөбе қаласында №6555 әскери бөлімнің жауынгерлері бірнеше дүркін аспанға оқ жаудырып, құрмет пен тағзым белгісін көрсетті.