Спорт • 28 Қазан, 2019

Ауыр атлетика: Ертең Храпатыйдың турнирі басталады

433 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ертең Нұр-Сұлтанда ауыр атлетикадан даңқты отандасымыз, КСРО мен Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері Анатолий Храпатыйды еске түсіруге арналған республикалық турнирі басталады.

Ауыр атлетика: Ертең Храпатыйдың турнирі басталады

1963 жылы Ақмола облысының Атбасар ауданында дүниеге келген Анатолий Храпатый есейе келе өз дәуірінің теңдессіз ауыр атлеттерінің бірі болды. 82,5 кило, 90 кило және 99 кило салмақ дәрежелерінде өнер көрсеткен ол 1988 жылы Сеул Олимпиадасында бас жүлдені олжалап,1996 жылы Атланта Олимпиадасында күміс медальді иеленді. 1985-1995 жылдар аралығында әлемнің бес дүркін чемпионы атанып, сол жарыста тағы екі мәрте қола жүлдені еншіледі. Еуропа біріншілігінде бес рет топ жарып, Азия ойындарында екі мәрте екінші орынға табан тіреді. Әлемдік рекордтарды бірнеше рет жаңартты.

Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін Храпатый Қазақстанның ұлттық құрамасының бас бапкері болып бірнеше жыл еңбек етті. Кейіннен жаттықтырушылық мансабын Армияшылардың орталық спорт клубында жалғастырды.

2008 жылдың 11 тамызында даңқты ауыр атлет Ақмола облысы аумағындағы Аршалы кентінде жол апатына ұшырап, сол жерде қаза тапты. Ол небары 45 жаста еді...