Үкімет • 28 Қазан, 2019

А. Жұмағалиев: Біз Big Data саласында белсенді жұмыс істеуге ниеттіміз

449 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Цифрландыру саласындағы әлемдік сарапшылар бас қосып, Big Data- ауқымды деректерді өңдеу саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Бұл Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев төрағалық еткен халықаралық сарапшылар кеңесінің алаңында өтті. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

А. Жұмағалиев: Біз Big Data саласында белсенді жұмыс істеуге ниеттіміз

Ауқымды деректерді өңдеу мәселесінде ғылыми-техникалық, саяси көзқарасты зерттеумен айналысатын әлемдегі жетекші ұйымдардың өкілдері бұл саладағы барлық проблемаларды ашық көрсетіп, олардың шешу жолдарын ұсынды.

Мысалы, Ұлыбританияның жасанды интеллект бойынша Парламенттік тобының төрағасы Лорд Тим Клемент Джонс мәліметтерді сақтаудың маңыздылығын атап өтті. «Дербес деректерді қорғау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Азаматтардың Интернеттегі дербес деректері реттелмейді. Сол себепті, жеке деректердің сақталуына бақылауды күшейту өте маңызды», - деді сарапшы.

Дүниежүзілік банктің цифрлық даму тәжірибесінің жетекшісі Джейн Тредвел табысты шешімдер қабылдау үшін адами капиталды дамытудың маңыздылығын айтты. «Деректерді сақтау мәселелерін реттейтін заңнамалық актілер күрделі. Сондықтан ауқымды деректермен жұмыс істеу кезінде тәуекелдерді нақты есептеу үшін ең алдымен цифрлық технологиялар нарығын нәтижелі зерделейтін сауатты кадрлар қажет», - дейді Джейн Тредвел.

БҰҰ-ның Цифрлық үкімет жөніндегі консалтингтік фирманың президенті және электронды үкімет және ақпаратты басқару мәселелері жөніндегі Бас кеңесшісі Ричард Кербидің пікірінше, «Деректерді дербес санатқа жатқызу мәселесінде нақты түсініктің болмауы да – талқыланатын маңызды проблемалардың бірі».

Сарапшылар «ауқымды деректерді» сақтау мен өңдеудің даму жолдарына қатысты ұсыныстарын білдіріп, күш-жігер мен мүмкіндіктерді біріктіру қажет деген ортақ пікірге келгенін айтып өткен жөн. Коллаборация әлемдік қауымдастық көздеген нәтижеге, атап айтқанда – дербес деректерді жан-жақты қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Асқар Жұмағалиев, өз кезегінде, Кеңес мүшелеріне олардың ұсынған идеялары мен бастамалары үшін алғыс білдіріп, сарапшылардың ұсыныстары Big Data-мен одан әрі жұмыс істеу кезінде ескерілетініне сендірді.

«Қазақстан ауқымды мәліметтер саласында белсенді жұмыс істеуге ниетті. Тиісті заңнамалық базаны әзірлеп, жасанды интеллектпен жұмыс істеу бойынша бірқатар инновациялық жобаларды енгізетін боламыз. Сондықтан Сіздің ұсыныстарыңыз біздің жұмысымызды оңтайландыруға септігін тигізбек. Біз сындарлы идеялар мен тәжірибе алмасу үшін ашықпыз», - деп түйіндеді Асқар Жұмағалиев.

Сонымен қатар форум аясында Асқар Жұмағалиев БҰҰ-ның электрондық үкімет және ақпаратты басқару мәселелері жөніндегі бұрынғы бас кеңесшісімен, сондай-ақ AngelsLabs, ACME және bValue Angels VC шетелдік венчурлік компаниялардың басшыларымен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында Қазақстан экономикасының инвестициялық тартымдылығы, ынтымақтастықтың өзара тиімді жолдары және Қазақстандағы инновациялық экожүйені одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.