Аймақтар • 28 Қазан, 2019

Әдеби мұра тақырыбында халықаралық конференция өтті

765 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Молда Мұсаның әдеби мұрасы және Сирек қордағы ұлттық құндылықтар» тақырыбында халықаралық конференция өтті.

Әдеби мұра тақырыбында халықаралық конференция өтті

Бағзы замандардан бүгінге жеткен халықтың мол мұрасын сақтап,  жазба жәдігерлерді халық руханиятының қайнар көзіндей сақтап отырған «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасының Сирек кітаптар музейінде ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген, мәшһүр ақын Мұсабек Байзақұлының туғанына 170 жыл толуына орай өтті. Айтулы іс-шара Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімінің құрылғанына 60 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр.

Конференцияға қатысқан  «Ғылым ордасы» РМК бас директорының ғылыми-инновациялар және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары Н.Сейдін, Орталық ғылыми кітапхагна директоры Қ.Қаймақбаева,  М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Қолжазба және текстология»  бөлімінің меңгерушісі Т.Әлбеков, «Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі С.Қорабай, «Мұсабек Байзақұлы» ҚҚ атқарушы директоры З.Оразбекова және т.б. ғалымдар қатысып, ақын өмірінің, шығармашылығының ерекшеліктеріне тоқталды.

Бүгінде Мұсабек Байзақұлының көптеген қолжазбалары Орталық ғылыми кітапхананың Қолжазбалар қорында сақталған. Діндар ақын өлеңдерінің басым көпшілігі адамгершілік пен имандылыққа, әділдік, кеңпейілділік қасиеттерге арналған.  Бұл қолжазбаларында ақын қазақ фольклорын, қазақ тарихын, ауызша аңыз, әңгіме, мақал-мәтелдерді шебер қолдана білген. Ақынның «Ер Шора» дастаны тарихи және әдеби мазмұны жағынан аса құнды дүние. ХVІ ғасырда Ноғай ордасында өмір сүрген батырдың, ерлік істерін ақын шынайы тұрғыда жырлап, тарихи тұлғасын нақтылап береді. Оның жырларында ағартушылық бағытқа жөн сілтеу, ғылым,білімге қарай ұмтылу, өнер, кәсіп үйренуге, іскерлікке шақыру бар.

Ақынның өлеңдері, оның ғибратты өсиеттері жастарды патриоттық сезімде тәрбиелеуде аса құнды деуге болады. Оның Сирек қорда сақталған жыр-дастандары мен халық аузында сақталған өлеңдерін жинастырып, кітап ретінде шығару алдағы күннің еншісінде. Бүгінде  Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында зерттеуді қажет ететін қаншама ақын-жыраулардың қолжазбалары бар.  Қор күні бүгінге дейін мемлекет тарапынан жүргізілген әдеби экспедициялардың, бағдарламалардың нәтижесінде еліміздің тарихы, экономикасы, мәдениетіне қатысты қолжазба, сирек кітаптармен толығып, ғалымдардың еңбектеріне арқау болып отыр.

Қазірде Орталық ғылыми кітапхананың сирек қорында  XII, XVIII-XXI ғғ. қолжазба құжаттары, VII-XXІ ғғ. сирек ғылыми басылымдар, қазақ, орыс, шығыс және т.б. тілдерде жарық көрген сирек басылымдар, қолжазбалар бар. Бұның ішінде «Хандар шежіресі» (XVIII ғ.), «Пайғамбарлар және қожалар шежіресі» (XIX ғ.), «Абылай ханның Сібір әскери шептерінің қолбасшысы генерал-поручик И.И. Шпрингерге жазған хаты (1765-1767жж.)», сондай-ақ қазақ ойшылы, философ, тарихшы М.Ж. Көпеевтің, фольклоршы, этнограф А.Диваевтың, қазақ ақыны А.Құнанбаевтың өзінің жеке хатшысы М. Бікеұлының қолымен жазылған өлеңдері, Еврей халқының діни қолжазбасы «Тора» (XII-XVIII ғғ.),«Шаһнаманың» алғашқы қазақ тіліндегі аудармасы, Ш.Уәлиханов қолжазбаларының фотокөшірмесі, М. Әуезовтің қолжазбасы және т.б. Жаяу Мұсаның қолжазбалары және Ы. Алтынсарин, Ш.Уәлихановтың, қазақ халқының тарихына, археологиясын және этнографиясын зерттеген шығыстанушы ғалымдардың еңбектері бар.  

Қор мамандарының айтуынша, кітапхана оқырмандарына, ғалымдарға Сирек қордағы ең құнды материал ретінде XVI-XX ғғ. басылған ерекше басылымдармен  жұмыс істеуге толыққанды мүмкіндік бар.