Қоғам • 29 Қазан, 2019

Жылқының жайын кім ойлар?!

1300 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Мал ашуы – жан ашуы» дейді қазақ. Арқа еті арша, борбай еті борша болып жүріп өсірген азын-аулақ малы суық қолдылардың оңай олжасына айналса, халықтың қаны қайнамағанда қайтеді. Өкінішке қарай, құқық қорғаушылар құрықтауға қанша тырысқанымен, жер-жерде жұрттың ақ адал малын айдап кету фактілері көбейіп барады. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туиттер парақшасында: «Заңға өзгертулер енгізуді тапсырдым: алкогольді ішімдіктердің кез келген түрін ішкен күйінде көлік жүргізгені үшін, сондай-ақ мал ұрлығы үшін берілетін жазаны қатаңдату қажет» деп жазғаны мал ұрлығының өршіп бара жатқанына байланысты.

Жылқының жайын кім ойлар?!

Көкшетау төңірегінде жылқы қымбат. Сере қазы байлаған ту бие, құтпан айғырлардың бағасы жарты миллионнан асып жығылады. Базарда табақ көтеретін жылқы етінің килосы 2300 теңгеден сатылуда. Облыста төрт миллион гектардан астам жайылым бар. Осы жайылымның жартысы ғана кәдеге асырылуда. «Ет тәттілігін қойса – мен ұрлығымды қояр едім» депті баяғыда бір әккі барымташы. Жылқы етінің қадірі артқан сайын жылқыны сұқ қолдың сұғынан сақтау да қиындап барады. Ақмола облысы елорданы азық-түлікпен қамтуға тиіс басты өңірлердің бірі екенін ескерсек, барымташыларға қарымта жауап қайтару ісінің өзектілігі арта түседі деген ойдамыз.

Бірер ай бұрын біздің облыста бір үйдің 58 жылқысын жайылымда жүрген жерінен қолды қылған баукеспелер құрықталды. Бұл оқиға туралы бұкіл республика құлағдар болғаны анық. Күдіктілер жылқыны Ерейментау ауданынан айдап әкетіп, Аршалы ауданының Қостомар ауылындағы шаруашылық қорасына қамаған. Кейін «MAN» жүк көлігінің контейнеріне тиеп, Нұр-Сұлтан қаласына жеткізбек болған. Алайда, арада бірер сағат өткенде біраз жылқы ауа жетпей контейнердің ішінде тұншығып, өліп қалған.

Жалпы, екі аяқты бөрілерсіз де, бұл өңірде мыңғыртып мал бағуға кедергі келтіретін мәселелер аз емес. Ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне қарағанда, облыстағы жылқы саны екі жүз мыңнан астам. Оның 43600-і әрқилы ауыл шаруашылығы құрылымдарының еншісінде. 50700-ге жуығы шаруа қожалықтарында. Мал сүмесімен күн көретін малсақ қауым 107 мың бас жылқы бағып отыр. Егер бір жылқыға белгіленген мөлшерге сәйкес 8 гектар жер қажет етілетін болса, кәдеге аспай жатқан жерде әлі қанша жылқы өсіруге болар еді.

Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету белдеуіндегі облыс астана тұрғындарының қажеттілігін 33 пайыз ғана қамтамасыз етіп отыр. Таратып айтсақ, 28,6 мың тонна ет өнімдері сауда сөрелерінде сатылған. Рас,  өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 0,6 мың тонна өсім бар. Солай бола тұра, әлі де ішкі мүмкіндік сарқа пайдаланылып отыр деп айта алмас едік. Бір қарағанда, мал басы көбейсе, бағасы да арзандар еді. Арзандамаған күннің өзінде бұрынғы бағаны тұрақтандырып, ұстап тұруға әбден болады емес пе?

Жылқы етінің өзіндік құны арзан. Олай болатыны, қысы жайлы жылдары төрт түліктің төресі қара оты тұнып тұрған жайылымдарда тебіндеп-ақ шығады. Қара малды алты ай жемдеп бағу керек болса, жылқының жөні басқа. Енді неге жылқы саны өспей отыр?! Мәселенің мәнісі мы­нада. Алдымен ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары мал басын көбейтуге құлық­сыз. Олар мехнаты көп мал бағу­дан, көктемде егіп, күз­де орып алатын астықты қо­лайлы көреді. Әрі қара мал сияқты емес, жылқыға субсидия төленбейді. Ет өндірсе де, қымыз өндірсе де.

Мұндай құрылымдар бел­гіленген тәртіп бойынша егіс­тік жермен бірге жайылым, шабындықтарды да ала­ды. Бірақ бос жатыр. Жауап­кершілігі шектеулі серіктес­тіктер мен шаруа қожалық­тарының иелігіндегі барлық аумақтың 28 пайызы ғана пайдалануда. Нақты дерек келтіретін болсақ, 1 миллион 600 мың гектар тиімді пайдаланылмай отыр.  

–Алдымен Жер кодексін жетілдіру қажет, – дейді об­лыс­тық ауыл шаруашылығы бас­қармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов, – облыстық прокуратура жер жайын тексеріп, 1 млн 600 мың гектар жердің пайдаланылмай жатқанын анықтады. Жаңағы шаруашылықтар өздеріне тиесілі жайылымдарды пайдаланбайтын болса, бір жылы ресми тексеріс жүр­гізіліп, акт жасалады. Екін­ші жылы осы көрініс тағы қайталанса, үшінші жылы ғана кәдеге аспай жатқан жер­­ді қайтарып алады. Бірақ бұл жерде мынадай түйткіл бар. Егер жердің 25 пайызын пайдаланса, онда ешкім де қарсы уәж айта алмайды. Заң­да солай. Жерден айырылмау үшін ауыл шаруашылығы құ­ры­лымдары 25 пйызына сәйкес келетін малды екінші жылы сатып алса, барлығы дұп-дұрыс болып шығады. Бірақ шынтуайтында қаншама жер игілікке жарамай жатыр ғой. Сондықтан, бұл арадағы тығырықтан шығар төте жол – жер туралы заңды жетілдіру.

Екінші бір мәселе мал тұқымының азып кетуі. Қара малды қиырдан алдырып асылдандырып жатырмыз. Ал төрт түліктің төресі саналатын жылқы малы мұндай жақсылық көріп отырған жоқ. Облыстағы екі жүз мыңнан астам жылқының 3709 басы ғана  асыл тұқымды. 1951-і жебе, 1153-і мұғалжар, қа­лға­ны көшім жылқылары. Ауыл­дағы ағайын асыл тұқымды айғырды қайдан алуы керек екенін де білмейді.

Ертеректе жалпақ жұрт­қа жақсы аты мәлім болған №47 жылқы зауыты халықтың қолындағы малдың тұқымын асылдандыруға әжептәуір әсер етіп еді. Ол зауыт жабыл­ғалы қашан?.. Әзірге асыл тұ­қым­ды жылқы зауытын ұйым­дастыру жоспарда жоқ. Спорттық бағыттағы жүй­рік­терді бағып отырған бірер шаруашылықтар ғана бар. Бірақ, бізге қазіргі керегі етті тұқым. Көршілес Ресейдің ауыр салмақты айғырларын әкеліп, бағымдағы жылқының сапасын жақсартуға талпынып жатқандар бар екен. Мә­селен, «Сивка-бурка» жыл­қы шаруашылығы. Мал­сақ қауымның айтуына қара­ған­да, бір ғажабы тұлғасы тау­дай, ауыр салмақты Ресей жыл­­қысы үйір ұстамайды. Тиім­ділігі тұқымы азып бара жат­қан жергілікті жылқымен будан­дастырғанда, салмағы артпақ әрі сүті де майлы, қою болып, жақсарады екен.

–Жылқы тұқымын асыл­дандырудың жайы былай, – дейді басқарма басшысының орынбасары, – мемлекет тара­пынан үйірге салатын ай­ғыр­ға субсидия төленеді. Тек же­ке­­меншікке емес, заң­ды құ­ры­лымға. Бәлкім, ауыл тұр­ғын­дары бірігіп, өздеріндегі жауап­­кер­­шілігі шектеулі серік­тес­­т­ік бола ма, жоқ әлде шар­уа қо­жа­лығы бола ма, келі­сіп оты­рып келеңсіздіктен шығу­ға бо­лар. Асыл тұқымды ай­ғыр­ға мем­лекет тарапынан 100 000 теңге субсидия төленеді.

Жылқының тиімді екен­дігін аңғарғандар да бар. Қазір облыстағы 47 шаруа­шы­лық жүздеп, мыңдап жыл­қы бағып отыр. Оларда да ішінара мәселелер кездеседі. Осы арадағы сәйкессіздікті қараңыз, кей шаруашылық туырылған жерді тусыратып бос ұстаса, мал бағамын деп ұмтылып тұрғандарда жайылым жоқ. Бұл проблема әсі­ресе, ірі елді мекендердің, Көк­шетау қаласы мен Нұр-Сұлтан қаласы жанындағы аудандарға тиесілі.

–Жылқы бағып көр­дік. Жарықтық жылқының па­йдасы көл-көсір екен­дігі рас, – дейді Зеренді ауданындағы «Күміс Көкше» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Тимур Мұратбеков,–бірақ түліктің жайын білетін, құрығы құтты жылқышы таба алма­дық. Ел ішінде отыр­сақ та, бел буып ешкім шық­пайды. Арқа­ның аязы қатты, жазы ыстық екендігін білеміз, жылқышы қауымға бар жағдайын туғызар едік. Құлақтандырып айттық та. Еңбекақысы да толымды, киім-кешегі, көлігі, бәрі біздің мойнымызда. Бірақ, таба алмадық. Сосын қара малға ауы­сып кеттік.

Таяуда сауда сөрелеріндегі жылқы етінің жайын білейік деп облыс орталығындағы орталық базарға соққанбыз. «Жас ет алыңыз, менікі жас мал­­дың еті» деген қиқу­дан құ­лақ тұнады. «Жас байтал­дың еті, жас биенің еті» дейді анталаған сатушылар. Ілкідегі қазақ жас, аналық малды тұқым үшін ұстайтын. Әлі де болашағы бар құнан-дөненді жайратып тастап, сата берсек, жылқы өсе ме?!

Аталарымыз жылқыны төрт түліктің асылына бала­ған. Құдайға шүкір, қазір де құ­ры­ғын тастамай, үйір-үйір жыл­қы қайырып жүрген азамат­тар ел ішінде аз емес. Өкі­ніш­­тісі, олардың мал басын көбей­туіне кедергі келтіретін фак­ті­лер аз емес. Сөз басында ай­тып өткеніміздей, мәселенің ма­ңыз­дысының бірі мал ұрлы­ғы­на келіп тіреледі. Күні кеше Пре­­зидент Қ.Тоқаевтың өзі осы мәселені арнайы көтер­гені­нен ел құлағдар болды. Егер баускеспелерге қатысты жа­за қатайтылса, барымтаға қа­рым­таның көкесі сол болар еді.

Жылқы жарықтық қысы-жазы қора көрмей, иен далада жайылып жүріп көбейетін мал. Суық қолдылардың сұқ көзіне бірінші ілінетіні де содан. Президент айтқандай, мал ұрлығы үшін жазалау кү­шейтілсе, Арқа төсінде құрыш тұяқтылардың көбейе түсуіне септесері сөзсіз.

 Ақмола облысы