Қоғам • 29 Қазан, 2019

Стандартты өмір

380 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы кезеңде батыс елдерінде адам өмірінің стандарттала бастағанын байқауға болады. Бұл елдерде адамның оқып, жетіліп дамуына бөлінетін әлеуметтік шығындар­дың ұлғайтылуын, адамның еңбек етуіне, білім алуына, денсаулығын күтуіне қолай­лы жағдай туғызылуын, экономика арқылы түсетін кірістерді бөлу мұқият қаралып, бұл ретте Джини коэффицентінің (адамдар арасындағы табыс айырмашылығының көрсеткіші) қолданылуын соның бір көрінісі ретінде бағалауға болады.

Стандартты өмір

Батыс елдерінде «орташа статистикалық адам» деген ұғым көптен бері қолданылып келеді. Біздің ойымызша, міне, осы «орташа статистикалық адам» стандартталған өмір иесі болып табылады. Өйткені статистикалық көрсеткіш арқылы халықтың қалың бөлігіне тән оның әлеуметтік бейнесі, соның ішінде жас мөлшері, денсаулық жағдайы, білім деңгейі, табысы мен жұмсайтын шығынының көлемі, былайша айтқанда, бәрі ескерілген.

Әрине осы жазып отырғанымыздың жұр­нақ­­тары біздің елде де бар. Мәселен «орташа статистикалық адам» көрсеткішін біздің ста­тис­­тикалық органдарымыз да есептеп бере ал­ады. Бірақ біздің өмірімізді әлі стандарт­талған өмір ретінде қарастыруға келмейді. Егер қарастыратын болсақ, біздің стандартталған өміріміз тым төмен деңгейде екенін және оның қазіргі адамға тән барлық қажеттіліктерді қамти алмағанын көрген болар едік.

Әрине дамыған батыс елдері, жеке адам өмірінің стандартын ұсына алатындай жетістікке бірден келген жоқ. «Экономика неғұрлым еркін болса, соғұрлым әлеуметтік болады» деп неміс экономисі, әрі саяси қайраткері Людвиг Эрхард айтқандай, адамның табыс табу ниетіне жол ашқан әлеуметтік нарық экономикасы мен ұзақ жылдар бойы алға мақсат қоя отырып ұлт болып жұмыла еңбек етушілік оларды осы жағдайға жеткізді. Бұл ретте өндіріс иесі капиталистер жұмысшыларға олардың өмір сүруіне жеткілікті жоғары жалақыны бірден ұсына қойған жоқ. Осы жолда қаншама ереуілдер болды. Жұмысшылар мүддесін қорғайтын кәсіп­одақ жұмыс істеді. Соңында екі жақ мәсе­лені көп ушықтырмай тіл табысып отырды. Өйткені олардың арасындағы қарым-қатынас мемлекет заңдары арқылы реттелді.

Екіншіден, өмірдің стандартталуына жол ашқан алғышарттар да бұл елдерде ертерек қалыптасқанын байқаймыз. Мәселен адам мен қоғамның көптеген қажеттіліктерін қанағат­тандыруға негізделіп, білім, кәсіптік біліктілік пен дағды жиынтығын құрайтын «адам капиталы» ұғымы батыста өткен ғасырдың бел ортасынан бастап қолданыла бастады. Басында бұл термин адамның еңбек ету қабілетін нығайту үшін оның оқып білім алуына, еңбекке үйренуіне қаржы жұмсау қажеттігін білдірді. Кейіннен ұғым аясы кеңи түсті. Дүниежүзілік банктің мәліметтеріне сәйкес, енді оған адамның тұтынушылық шығындары, отбасын асырауға, киім мен тамақ алуға, тұрғын үй жағдайын жақсартып, мәдениетін дамытуға жұмсалатын шығындары қосылды. Осындай жағдайға орай мемлекет үшін «адам капиталын» дамыту шығынды мәселе саналған еді. Бірақ бертін келе «адам капиталын» дамыту экономикалық тұрғыда тиімді мәселе екені анықталды. Жақсы білім алған, кәсіптік шеберлігі жоғары, денсаулығы мығым адамдар қай елде көп болса, сол елдің басқалардан озық дамитыны белгілі болды. Инновациялық экономика заманында «адам капиталының» қадірі тіпті арта түсті. Осыны басқалардан бұрыны­рақ сезінген АҚШ бүкіл әлемнен оқыған, білік­ті адамдарды өзіне тарта бастады. Қазір бұл ел осы саясаты арқылы дайын капиталға ие болуда.

Батыс елдері өздерінің қолда бар мүмкін­діктерін ұтымды пайдалана отырып, адам өмірінің стандартталу сапасын одан әрі жақсартуға негізделген жаңа тетіктер мен әдістерді молынан қолдануда.

Мәселен, XVIII ғасырда пайда болған «Бақыт индексі» деген ұғымды іс жүзінде қолдануға кірісті. ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы мөлшері, әлеуметтік қолдаудың көлемі, өмірдің ұзақтығы, өмірлік маңызы бар мәселелерді азаматтардың өздері қабылдап шеше алуы, билік пен бизнеске деген сенім деңгейі мен адамдардың мырзалығы осы «Бақыт индексін» айқындаушы факторлар қатарына жатады екен. Соңғы жылдары әр жыл сайын БҰҰ-ның «Бақыт туралы бүкіләлемдік баяндамасы» әзірленетін болған. 2018 жылғы мәлімет бойынша бұл жөніндегі алдыңғы орындарға Финляндия, Норвегия, Дания ие болған. АҚШ 18-орынға, Ұлыбритания 19-орынға, ал Өзбекстан 44-ін­ші, Ресей 59-ыншы, Қазақстан 60-орынға жайғасқан.

Әрине біздің ойымызша адам өмірінің стандартталуы оның тұрмысымен қатар ой-санасына, тіпті сезіміне де әсері етуі мүмкін. Мәселен бақыт пен қайғы атты ұлы табиғи ұғымдардың өзі стандартталуы ғажап емес. Бұл жақсылық па, жоқ әлде жамандық па? Оны айта алмаймыз.

 

Соңғы жаңалықтар