Парламент • 29 Қазан, 2019

Әлеуметтік салаларды цифрландыру – басты міндет

488 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы талқыланып, оның ішінде 250 адамнан тұратын елді мекендердің интернетке қолжетімділігі тұрғысында кеңінен сөз болды.

Әлеуметтік салаларды  цифрландыру – басты міндет

 Жылдамдығы жоғары интернет орнатылмақ

Алдымен Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Мәжілісі Төр­­ағасының орынбасары Вла­ди­мир Божко еліміздегі әлеу­мет­тік салалар, оның ішінде ден­саулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы саласының да­­муына цифрлы технология­ларды енгізудегі бірқатар келең­сіз­діктердің кедергі келті­ріп отырғанына тоқталды.

–Еліміздегі ауылдарда кең жо­лақты интернет желісінің то­лық қамтамасыз етілмеуі салдары­нан өсімдік шаруашылығына ар­налған ілкімді жобалар орта тұс­та тұралап қалды. Тіпті кә­сіп­керлердің қажетті геоақпа­рат­тық және өзге де ақпараттық ре­сурстарға қол жеткізуі мүмкін емес. Бұған қоса, ауылды елді мекендерде интернетке қол жеткізу бойынша да шешілмеген мәселелер жетерлік. Бүгінде рес­публика бойынша интернетке қосылмаған мектептер саны – 93-ке жеткен, − деді В.Божко. Оның айтуынша, шалғайдағы ауылдарда ақпараттық технологиялардың көмегімен халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға басымдық берілуі керек. Цифрлы салаға қы­руар қаражат бөлінгенімен, электронды форматқа көшудің машақа­тынан арылмай келеміз.

Бұл салада мемлекет тара­пы­нан атқарылап жатқан жұ­мыс­тарды баяндаған Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі Ас­қар Жұмағалиев 2022 жылдың соңына дейін халықтың 97 па­йызы кең жолақты интернет же­лісімен қамтылатынын айтты. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде елімізде 117 қала мен 3 324 ауылда кең жолақты интернет қол жетімді болып отыр.

 –Интернетке қолжетімділік түрлі технологиялармен қам­та­масыз етілген. Солардың ішінде талшықты-оптикалық желі, 3G және 4G желілерін атап өтуге болады. Былтыр Қазақстан ұялы байланыс абоненттері бойынша әлемдік рейтингте 21-орын­ға ие болса, интернетті жиі қол­данатын мемлекеттердің ішін­де 45-ші орында. Жалпы былтыр интернет пайдаланушылар саны 81,3 пайызды құрады. Ауыл­ды жерлерді кең жолақты интернетпен толықтай қамтуды жалғастыру үшін 2018-2022 жылдары талшықты-оптикалық және LTE (4G) желілерін салу жоспарлануда, – деді А.Жұмағалиев.

Атап айтқанда, бірінші кезең талшықты-оптикалық желілерді салуға негізделген. Жобаны іске асыру 1250 ауылдық елді ме­кен­де жоғары жылдамдықты интер­нет қызметтерін ұсынуға мүм­кіндік береді. Биылғы бірінші жартыжылдықтағы жағдай бо­йынша талшықты-оптикалық же­лілер 83 ауылдық елді мекенде (оның ішінде 85 денсаулық сақтау және 76 білім беру нысаны) іске қосылды. 2019 жылдың аяғына дейін 685 ауыл интернет желісіне қосылса, ал 2020 жы­лы қалған 509 ауылды қосу жос­парланып отыр. Сонымен қатар екінші кезең барысында, яғни 2020-2022 жылдары LTE (4G) стандартындағы мобильді желілерді және өзге де технологияларды дамыту арқылы 3 143 ауылды интернетпен қамту жос­парлануда.

 5G желісі коммерциялық негізде іске аспақ

Жиында белгілі болғандай, аталған жобаларды іске асыру аясында 2020 жылдың аяғына дейін тұрғындардың саны 250-ден асатын 880 ауыл кең жолақты интернет желісімен қамтылмақ.

–Тұрғындар саны 50-ден жо­ғары 885 ауылды интернет же­лісіне қосу жоспарлануда. 2022 жылдың соңына дейін 5089 ауылдық елді мекен интернет желісіне қосылады. Ал қалған ауыл­дарға спутниктік байланыс арқылы интернет желісін ұйым­дастырудың техникалық мүм­кіндігі қамтамасыз етіледі. Бұл орайда ауылдық елді мекендерді интернет желісіне қосу Ұлттық эко­номика министрлігімен жа­сал­ған перспективті ауылдар тізі­міне сәйкес орындалатын болады, – деді министр.

Цифрлы саланың жаңа технологиялармен толығуы назардан тыс қалмайды. Нұр-Сұл­тан қаласының Astana Hub ау­ма­ғында 5G желісін коммерциялық негізде іске қосу жұмыстары аяқ­талуда. Президент тапсырма­сына сәйкес, Цифрлық даму, ин­но­вациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігі Қазақ­стан­да 5G желісін енгізу бойын­ша ар­найы жол картасын бекітті. Қа­зіргі кезде 5G жаңа мобильді бай­ланыс технологиясын анық­тау бойын­ша жұмыстар жүргі­зілуде. 5G мо­бильді байла­ны­сы­ның тесттік сы­нағы Нұр-Сұл­тан, Алматы және Шымкент қала­ларында өткізілді. Сынақ нәти­жесінде телемедицина, өнеркә­сіп, тау-кен өндірісін цифрлан­дыру және «ақылды» қалалар­ды дамыту мүмкіндіктері жан-жақ­ты сараланған. 5G техноло­гиясын енгізу үшін тартылатын ин­вес­тициялар көлемі қомақты бол­ғандықтан, бірінші кезеңде бұл тех­нологияны енгізу рес­пуб­ликалық маңыздағы қалаларда ұйымдастыру жоспарлануда.

–Нұр-Сұлтан қаласындағы Astana Hub аумағында 5G же­лісін коммерциялық негізде іс­ке қосу жұмыстары жүріп жатыр. Ол 2020 жылы толықтай іске қосылады. Осылайша, 2021 жыл­дың аяғына дейін Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев универ­ситеті мен ЭКСПО қалашы­ғында, ал 2022 жылы әуежай мен вок­залда, сауда орындары мен алаң­дарда 5G технологиясын енгі­зу жоспарлануда. Одан әрі 2023 жылдан бастап барлық облыс ор­талықтарында енгізу жұмыс­тары жүргізіледі, – деді А.Жұ­мағалиев.

 2021-2022 жылдары барлық ауылда интернет болуы керек

Елдегі әлеуметтік маңызы бар саланың қай-қайсына бол­сын толықтай электронды жүйе енгізілген жоқ. Әсіресе бі­лім беру саласында цифрлы үде­ріске көшудің пайдасынан зия­ны, түйіткілді мәселесі көп бо­лып тұр. Өңірлерді жиі аралайтын халық қалаулылары педагогтарға сапалы, тұрақты және жоғары жылдамдықтағы интер­нетті ұсы­ну бойынша атқа­рыл­ған жұмыс­тардың жүйелі жүр­гізілмей отырғанын сынға алды.

Мәжіліс депутаты Нұртай Са­бильянов үш мыңнан аса ауыл­да жоғары жылдамдықты интернет орнатылғандығы туралы ақпаратқа күмәнмен қарайтынын айтты.

–Қазір халық саны 250 адам­нан асатын ауылдардың саны – 4204. Енді министрлік 2018-2020 жылдар аралығында тал­шықты-оптикалық байланыс желі­лері бойынша кең жолақты интер­нетті 1250 ауылға тартып отыр. 2017 жылға дейін елімізде интер­нетпен қамтылған 1228 ауыл болды. Екеуін қоссақ, 2020 жыл­ға дейін 2478 ауылдық елді ме­кенге интернет тартылады екен. Сонда айтайын дегенім, интер­нетке қосылмаған 1726 елді ме­кен қайда кетті? – деді Н.Са­бильянов. Оның айтуынша, халық саны 250 адамнан асатын ауылдарды айтпағанда, бір мың адам тұратын елді мекендерде жоғары жылдамдықты интернет жоқтың қасы.

–2018-2019 жылдары Beeline, Кселл, Теле2 операторлары Қазақстандағы 1600 ауылды 3G интернетпен қамтамасыз етті деген ақпарат бар. Ал мен ондай ақпаратты Beeline мен Кселл-ден ала алмадым. Сонда бұл қалай? Бізге жалған ақпараттан гөрі әр ауылда жоғары жылдамдықты интернет болғаны керек. Мүмкін ол 2020 жылдың соңына дейін аяқтала қоймас, дегенмен 2021-2022 жылдары да іске асыруға болады деп ойлаймын. Бірақ ауылдарға барғанда, біз интернет жоқ дегенде халықтың алдында ұятқа қаламыз. Сіздер, мына жақта қағаз жүзінде бәрін қатырып қоясыздар, ал ауылға барғанда, жоғары жылдамдықты интернет жоқ, − деді депутат. Оның пікірінше, интернеттің жылдамдығы жағынан Қазақстан әлемдік рейтингте былтыр 2018 жылы 57-орында болса, ал биыл 64-орынға сырғыған.

Отырысты қорытындылау ба­ры­сында, вице-спикер В.Бож­ко «Цифрлы Қазақстан» мем­ле­кеттік бағдарламасын жүзеге асы­руға, жан-жақты көмек көр­се­туге Мәжіліс депутаттары дайын екенін жеткізді.