Әлем • 29 Қазан, 2019

Чили билігі халықтың талабын орындауға әзір

323 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сантьягодағы ереуіл басылар емес. Ақпарат құралдары Чили астанасының орталығына жиналғандар саны миллионнан асқанын хабарлады. Қала әкімшілігі манифестациялардың бейбіт екенін мәлімдеді. Ал чилиліктер мұны ел тарихындағы ең үлкен митинг дейді.

Чили билігі халықтың талабын орындауға әзір

Халықтың дүрлігуіне негізгі себеп – метро жолақысының қымбаттауы. Үкімет 6 қазанда метро билетінің бағасы 30 чили песосына (0,042 АҚШ доллары) қымбаттайтынын хабарлаған болатын. Чилиліктер қала орталықтарына жиналып, жаңа тарифке қарсылығын білдірді. Алғашқы жиындар бейбіт сипатта болды. Халық өздерімен алып келген қазандарын сартылдатып, наразылығын білдірмек болды. Алайда 19 қазанда жиналған қауым құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен ерегісіп, қала мүлкіне зақым келтіріп, Сантьяго орталығындағы сауда орталығын өртейді. Содан бері бейбіт митингтің сипаты ауысты. 19 адамның көз жұмғаны, 585 кісінің жарақаттанғаны хабарланды. 3 мыңға жуық  азамат уақытша изоляторға қамалған.

Бүгінде Чилидің ірі қалаларына бронетехника мен әскери топтар жөнелтілген. Онымен қоса коменданттық сағат белгіленген. Бір ғана Сантьяго метросының істен шығуы қала әкімшілігін 200 млн АҚШ доллары көлемінде шығынға батырып отыр. La Tercerа басылымының жазуынша, 136 стансаның 77-сін қайта жөндеу керек, 20-сында өрт шықса, 9-ы түгелдей жанып кеткен. Бұл мәліметті метрополитен басшысы Рубен Альвардо растады.

25 қазанда бір топ азамат Чилидің Ұлттық конгресінің ғимаратына шабуыл жасап, қауіпсіздік комитеті ондағы қызметкерлерді эвакуациялауға мәжбүр болды. Мәліметтерге сүйенсек, наразылар конгресс ғимаратын басып алмақ болған.

Сантьяго мэрі Карла Рубилар Twitter-дегі парақшасында алаңға жиналушылардың қарасы миллионға жеткенін хабарлады. Оған қоса «Елімізге диалог пен бейбіт келісім жетіспейді», деп жазған. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет Чили билігі мен халқын келісімге келуге шақырды. Ол мемлекеттегі дағдарысты қолға алып, одан шығатын шешім табу үшін екі тараптың бірін-бірі тыңдай алуы маңызды екенін айтты.

Ереуілге шыққандар жолақының қымбаттауына қоса елдегі жалақының төмендігін, тегін медицина қызметтері мен ақысыз, сапалы білімнің болмауына наразы. Чили президенті Себастьян Пиньера Twitter-дегі парақшасына халықтың мұңын естігенін жазды. «Бүгін елімізде үлкен көлемдегі бейбіт бас көтеру өтіп жатыр. Олар әділ әрі халықтың мұң-мұқтажы ескерілетін мемлекетті қалайтынын айтты. Біз де оған қосыламыз. Құдайдың көмегімен бәрімізге ұнайтын Чилиге де жетеміз. Бұл кезең де артта қалар» делінген жазбада. Сенбіде Сантьягодағы президент сарайындағы кездесуде мемлекет басшысы Себастьян Пиньера республика министрлерінен қызметтерін босатуды сұрады. Ол бұл шешімін «жаңа талаптарды қабылдау» деп түсіндірді. Сонымен бірге 28 қазанда мемлекет бойынша белгіленген төтенше жағдай режімін де алып тастайтын ойы барын жеткізді. 

Ресми статистикаға сүйенсек, Чилиде медицина қызметтері расымен қымбат. Мәселен, дәрігерге көріну үшін чилилік 70 АҚШ долларын төлеуге мәжбүр. Мемлекеттік клиникадағы стационарлар 2 000 АҚШ долларының айналасында. Ал мемлекеттегі орташа жалақы көлемі – 900 АҚШ доллары. Чили көп жылдар бойы Латын Америкасындағы тұрақты мемлекеттердің бірі саналып келді. Дегенмен бұл жолы халық биліктен жалақы мен зейнетақыны өсіруді, дәрі-дәрмектің бағасын арзандатуды, конституциялық реформа жасауды сұрап отыр. Онымен қоймай, соңғы кезде мемлекет басшысының қызмет­тен кетуін талап еткендер де табы­лып жатыр. Наразылар жинал­ған күні қабылданған жол ақысы­ның бағасын өсірмеу шешімі халықты қана­ғат­тандырмады. Көріп отырғанымыздай, билік халықтың талаптарын орындайтын шараларды қолға алып отыр.