Бұл орайда ел тарихында ерекше маңызы бар басқосу 1726 жылғы көктемде Ордабасыда өткенін еске сала кетелік. Орда тігіліп, қазақтың Үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланған жиын ел тарихындағы аса ауыр сын кезінде, халықтың рухын көтеріп, ұлттық намыстың отын жаққан, жүрекке жігер, бойға қуат беріп, алдағы ұлы шайқастарға біртұтас ел болып аттанудың тағдырын шешкен аса маңызды оқиға болып саналады. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың: «Аталы кесімге, әділ шешімге тоқтаған дана халқымыз түрлі жарғыға, низам мен ережеге бағынған. Ордабасы мен Ұлытауда, Мәртөбе мен Күлтөбеде келелі кеңес құрған. Заңды басшылыққа алып, орталыққа ұйысқан сайын берекелі халқымыздың бірлігі нығая түскен. Бұлар – сол тұстағы еңселі елдіктің ерекше белгілері еді», деген сөздері де ел жадында. Осы қасиетті Ордабасы биігінде 1993 жылы мамырда тәуелсіздіктің ұлы тойы өтті. Ал 1997 жылы биіктігі отыз метрге жуық зәулім монумент орнатылып, онда ұлы бірліктің мұраттары, хандар мен билеріміздің, ұлтымыздың арман-аңсарлары бейнеленді. Ескерткіштің ашылу салтанатына Елбасы қатысып, сөз сөйлегенін де ел ұмыта қойған жоқ. Ордабасы тарихына тоқталуымыздың себебі де жоқ емес. Өткен апта соңында құрылғанына 55 жыл болған ауданда «Қазақ рухының қағбасы – Ордабасы» мерекелік іс-шарасы өтті.
Көп балалы және аз қамтылған 20 отбасына пәтер кілті табыс етілді
Ордабасы ауданының 55 жылдығына орай өткен дүбірлі тойға Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты. Аудан орталығы Темірлан қаласындағы Қажымұқан атындағы орталық стадионда өткен мерекеде түрлі бағдарламалар ұйымдастырылды. «Алтын күз» айдары бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің, қолөнер шеберлерінің және түрлі ұлт өкілдерінің көрмесі ұсынылды. Мерейтойға арналған салтанатты жиында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданының 10 азаматын «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, ал аудан әкімі Әліпбек Өсербаев жылдың үздік шаруаларын, ауылшаруашылық еңбеккерлерін ауданның 55 жылдық мерекелік медалімен марапаттады. Аудандық мәдениет үйінде «Тарихқа тұнған Ордабасы» ғылыми-танымдық конференциясы ұйымдастырылып, аудан әкімі Ә.Өсербаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы І.Жүсіп, ОҚО педагогикалық университетінің проректоры Б.Қашқынқызы баяндама жасады. Ал орталық стадионда Өзбекстан, Қытай елдерінен келген өнерпаздардың қатысуымен халықаралық ақындар айтысы өткізіліп, бас жүлдені түркістандық Карима Оралова иеленді. Сондай- ақ атаулы мерекеге орай аудан орталығы Темірлан елді мекенінде жаңадан бой көтерген тұрғын үйден көп балалы және аз қамтылған 20 отбасына пәтер кілті табыс етілді. Көпшілікке «Күш атасын танымас» ұлттық спорт ойындары көрсетіліп, мерекелік іс-шара эстрада жұлдыздарының шеруімен жалғасты. Аттың құлағында ойнаған жігіттер, күміс көмей әншілер, күйшілер мен бишілер де бұл тойда аянып қалмады. «Ән мен әнші» эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы мерекенің шырайын ашып, Ордабасы жұртшылығына керемет көңіл күй сыйлады.
8 кәсіпорынның өнімі экспортқа жіберілген
Әрине кең ауқымда өтетін әрбір шараның негізінде жетістіктер мен қолға алынған жобалар жататыны мәлім. Ауданда барлық сала бойынша ілгерілеу бар. Күні кеше Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде қалыптасуына үлкен еңбек сіңіріп, бүгінде Ордабасы ауданын басқарып отырған Әліпбек Өсербаевтың айтуынша, ауданды сипаттайтын басты көрсеткіш – жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы қаңтар-қыркүйек айларында 55 млрд 353 млн 500 мың теңге болған немесе былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,2%-ға артқан. Оның ішінде өнеркәсіп саласына 24,1 пайыз (13,3 млрд теңге), ауылшаруашылық саласына 57,1 пайыз (31,6 млрд теңге), орындалған құрылыс жұмыстары 8 пайыз (4,5 млрд теңге), тауар айналымы және қызметтерді өткізу көлеміне 10,8 пайызы (5,9 млрд теңге) тиесілі. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 456 300 теңге болып, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 55 700 теңгеге артқан. Өнеркәсіп саласында қаңтар-қыркүйек айларында 13 млрд 313 млн 132 мың теңгенiң өнімі өндіріліп, өсім 3,5%-ды құраған. Өнеркәсіптің басым саласы өңдеу өнеркәсібінде 11 млрд 921 млн 456 мың теңгенің өнімі өндірілген. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, биылғы 9 айда 8 кәсіпорын жалпы құны 2 млрд 862 млн 800 мың теңге болатын 5804,6 тонна өнімді экспортқа жіберген. Мысалы, «Ордабасы құс» ЖШС 663,1 тонна күрке тауық етін, «Аделя» шаруа қожалығы 934,7 тонна көкөніс өнімін Ресейге, «Ордабасы нан» ЖШС 721,3 тонна өндірілген жоғарғы сұрыпты бидай ұнының 80%-ын Өзбекстанға, сондай-ақ бірқатар кәсіпорындар мақта талшығын Чехия, Белоруссияға экспорттаған. Ал ауданға тартылған инвестиция көлемі 14 млрд 955 млн теңге болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 161,3%-ды құрап отыр. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, қаңтар-қыркүйек айларында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі – 31 млрд 619 млн 900 мың теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5 млрд 770 млн 600 мың теңгеге артқан. Мал шаруашылығы саласын дамытудың негізгі көрсеткіштері мал басы мен өнімдерін ұлғайтуға және асыл тұқымды мал басының үлесін арттыруға бағытталған ауданда қаңтар-қыркүйек айларында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, ірі қара мал – 110%-ға (72 мың бас), жылқы – 107,5% (24,1 мың бас) қой – 100,1%-ға (361,4 мың), ешкі – 13,4%-ға (15,5 мың) құстың барлық түрлері – 115,2%-ға (560,6 мың бас) өсті. Жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемін 40 млрд 157 млн теңгеге, ауыл шаруашылығы негізгі капиталына тартылатын инвестиция көлемін 7 млрд теңгеге жеткізу, жылыжай көлемін 3,1 гектарға ұлғайту көзделіп отыр. Сондай-ақ биыл Бадам өндірістік аймағында орналасқан «Green Technology industries» ЖШС Шанхай, Гонконг елдерінің инновациялық технологияларын пайдаланып, полиэтилен бұйымдарын қайта өңдеу арқылы синтепон талшығын өндіру зауытының екінші кезеңін іске қоспақ. Ал 2020 жылы 22 млрд 300 млн теңгеге 2 инвестициялық жоба 415 жұмыс орнымен ашылады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ ауданда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде атқарылған істер бір төбе. Мәселен, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша 1171 іс-шара ұйымдастырылса, «Өлкетану» бағыты бойынша 250 түрлі форматтағы іс-шара өткізіліп, оған 8125 адам қатысқан. Сондай-ақ «Отаным тағдырым», «Саналы азамат» бағыттары бойынша да өткізілген іс-шаралардың мағынасы мен қамтылуына мән берілген. Аудандағы 50 мектеп кітапханасында «100 жаңа есім» бойынша көрме ұйымдастырылып, ақпараттық сабақтар өткізілген, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында 50 аудио, бейне байқаулар ұйымдастырылған. Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша 133 іс-шара өткен. Елбасы мақаласында басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керектігі, қалыпты және шынайы патриоттық сезімге тыйым салмай, керісінше ынталандыру қажеттігі айтылған-ды. Бұл орайда ауданда «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде, демеушілер есебінен ауыл округтерінде спорттық алаңшалар мен бөбекжайлар, 1 200 млн теңгеге емхана салынып, 700 млн теңгеге 70 жатын орнымен Бөржар ауыл округіндегі «Қайнар» емдеу-сауықтыру орталығы ұлғайтылды. Ал «Жомарт жүрек» жобасы аясында «Бөрте милка» ЖШС-нің директоры Н.Әбішев аз қамтамасыз етілген екі қызметкеріне тұрғын үй алып берсе, «Агро 5» ЖШС 2-топ мүгедектігі бар Дәрібаевтар отбасына қаржылай көмек берді. Жалпы аудан көлеміндегі 127 кәсіпкермен «Мектепке жол» акциясы аясында 250 балаға жалпы соммасы 3 млн 750 мың теңгеге көмек көрсетілген. Бағдарлама аясындағы игі істер жалғасын табуда.
Түркістан облысы