Аймақтар • 29 Қазан, 2019

Ойнаймын деп от басты...

254 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін таңертең Петропавл қаласының тұрғындары дүрлігіп қалды. Оған себеп болған қалалық ІІБ бөлімшесіне хабарласқан біреудің Н. Назарбаев көшесіндегі 154-ші үйге бомба қойылғаны туралы суыт хабары еді.

Ойнаймын деп от басты...

Облыстық ІІБ бөлімінің баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда оқиға орнына суыт келген құқық қорғау органдары жедел бөлімдерінің қызметкерлері 123 адамды, оның ішінде 46 баланы қауіпсіз жерге шығарып, 9 қабатты үйдің айналасын қоршауға алған. Жарылғыш заттарды іздеу жөніндегі мамандар иттерді қолданып, ғимаратты тексеріп шыққан. Барлық операция бір жарым сағатқа созылып, осы уақыт аралығында қоңырау шалушы да анықталған. Ол 1987 жылы туған қала тұрғындарының бірі болып шықты. Хабарды бұзақылық ниетпен жасағанын ол бірден мойындаған.

Полиция департаментінің Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция майоры Руслан Мұхамбетжановтың айтуына қарағанда күдікті бұрын сотталмаған, ұсталған сәтте де мастығы тарқамаған адам болып шыққан. Қазір ол Петропавл қаласының ІІБ жеткізіліп, оған бұлтартпау шарасын қолдану туралы мәселе шешілуде. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 273-бабы - «Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілген. Бұл бап бойынша айыппұлдан бастап 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.«Қазір құқық қорғау органдарында арам оймен қоңырау шалушыларды анықтауға арналған техникалық құрылғылар бар. Біз қаншама адамды босқа әуре-сарсаңға салған кез келген еріккен адамды тауып, әділ жазасын тарттыруға мүмкіндігіміз бар» -дейді Руслан Мұхамбетжанов.