Руханият • 29 Қазан, 2019

Ақын өмірінің жаңа деректері

655 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Рухани Жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде ұлтымыздың ұлық ақыны Мағжан Жұмабаевтың әдеби мұраларын, өміріне қатысты деректерін  іздестіруді жерлестері үнемі жалғастырып келеді. Табылған деректерді құрастырып мемлекеттік архивтің қызметкерлері мен университет ғалымдары бірлесіп ақынның 125 жылдығына былтыр екі томдық жинақ та шығарған.

Ақын өмірінің жаңа деректері

Облыстық архивтің директоры Сәуле Мәлікованың айтуына қарағанда іздеу жұмыстары әлі де жалғасып келе жатқан көрінеді. Соның нәтижесінде архивтің сарғайған қағаздарының арасынан Мағжанның Петропавл қаласындағы педагогикалық техникумға 1927 жылы ұстаз болып қызметке кіргенде өз қолымен толтырған анкетасы да табылыпты.

Бұл Мағжанның Мәскеуден елге келген кезі болса керек. Ақынның өлеңдеріндегі ұлтшыл, түрікшіл сарынды «әшкерелеп» және өзін таптық тұрғыдан жат көрген әсіребелсенділер оны түртпектеп, Мәскеуден тайдырып жібергені осы тұс. Сондықтан ол туған жеріне оралған.

Осы анкетада Мағжан Омбыдағы мұғалімдер семинариясын 1917 жылы бітіргенін және оны аяқтаған соң 1917 – 1918 жылдары сондағы Мұғалімдер институтында бір жыл оқығанын көрсетіпті. Бұл деректі көптеген мағжантанушылар біле бермейді. Мағжан педтехникумға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беруге тұрған, ал негізгі жұмыс орны деген жерге осындағы советтік партия мектебін көрсеткен екен. Демек, Мағжан Сәкеннің Гүлбаһрамы оқыған «Совпартшколда» да сабақ берген.  

Анкетаның өзі 1927 жылғы он екінші желтоқсанда толтырылған. «Осылай, өз архивімізден Мағжанның өз қолымен толтырған баға жетпес құнды құжатты таптық», дейді Сәуле Зейноллақызы.

Солтүстік Қазақстанның архив қызметкерлері өздерінің ізденістерінің арқасында Мағжанның ғылыми мұрасының іздерін Ресейдің «саяси – әлеуметтік тарих архивінен» де тапқан. Ал Қазандағы ағайынды Каримовтер баспасынан шыққан ақынның тұңғыш жинағы «Шолпан» Алматыдағы  Ғылым Академиясының сирек кітаптар қорынан табылған.  Кітаптың мұқабасының суретінде кітаптың аты төте жазумен жазылса да астында «КАЗАНЬ   Лъто-Типографія Т.Д. «Бр.Каримовы» 1913 г.» деген сөздер кириллицамен жазылыпты.

Осыдан ақынның жинағы 1912-ші жылы емес, одан бір жыл кейін жарық көргені белгілі болып отыр. Елу беттен тұратын шағын жинаққа ақынның отыз шығармасы енгізілген екен. Мағжанның өлеңдерін Қазан университетінің профессоры Николай Катанов деген біреу жолма-жол аударып, полицияға тапсырған. Соның ішінде ақынның «Сорлы қазақ» деген өлеңі бар. Оны ақын былай бастайды:

                            Сорлы қазақ жан алқымға тығылып,

                            Қара күн кеп, тіккен туы жығылып.

                            Алға баспай, біткен ісі кер кетіп,

                            Нәр тата алмай, күшсіз, әлсіз бүгіліп.

Ал патша шенеуніктеріне жағуды көздеген қаскөй аудармашы осы жолдарды былай тәржімелейді:

                            Подумай побольше о горе и печали своей нации

                            Подумай так, чтобы отсталая бедная нация

                            Вперед ногой бы наступала.

                            Широкая земля что ни день, то гибнет,

                            А черная змея  всю кровь его сосет...

Осындай шағыстырудан кейін ақынның соңына жандармерия түседі. Сөйтіп Мағжанның қудалануы патша заманынан басталады. Ал Кеңес жылдарында оның жанына еш маза бермегені белгілі.  Ақын өмірінің көп қырлары, өмір жолдары әлі де ашылмаған, оны  ашу әлі де көп еңбектенуді талап етеді, дейді маман.