Аймақтар • 29 Қазан, 2019

Қарағандыда 36 мың адам «Еңбек» арқылы жұмысқа орналасты

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында «Еңбек» бағдарламасы аясында 36 мың адам жұмысқа орналасты. Бұл жұмыспен қамту орталықтарына жүгінгендердің жалпы санының 94% құрайды.

Қарағандыда 36 мың адам «Еңбек» арқылы жұмысқа орналасты

Облыста аталған бағдарламаның орындалуы кәсіби және қысқа мерзімді білім беру, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру және еңбек ресурстарының ұтқырлығы сынды үш бағыт бойынша жүзеге асырылды.

Бұл туралы ақпарат жиналысында Қарағанды облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова мәлім етті.

–Еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға жыл басынан 700 адам жіберілді. Қысқа мерзімді курстарда шамамен 3 500 адам оқудан өтті. Кәсіби курстарда 1900 адам оқытылды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға биылғы жылы 1663 грант беру жоспарланған, ал қазірдің өзінде оның 1037-і берілді, – деп атап өтті ол.

Жалпы, «Еңбек» бағдарламасы облыстың ауылдық аудандарында да жүзеге сәтті асып жатыр. Мысалы, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов айтқандай, биыл шағын несиелеуге 6 млрд 58 млн 251 мың теңге бөлінген. Оның басым бөлігі Бұқар жырау, Қарқаралы және Жаңаарқа аудандарының тұрғындарына беріліпті.

Аппарат жиналысында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жұмысты жалғастыру керектігін және курс түлектері мен жастар тәжірибесінен өткендерді жұмысқа орналастыру мәселесін назарда мықтап ұстауды тапсырды.