Аймақтар • 29 Қазан, 2019

Әулиеата өңірінде 80 том кітап жарық көреді

638 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында өңірдің қарқынды дамып, бүгінгі деңгейіне көтерілгеніне тарих куә.

Әулиеата өңірінде 80 том кітап жарық көреді

Бүгінгі таңда облыстың тарихи мерейтойын лайықты деңгейде атап өту барша жамбылдықтар үшін үлкен жауапкершілік болып тұр. Жастардың бойында отансүйгіштікті қалыптастыру мақсатында қазірде өңірдің 80 жылдығын рухани тұрғыда атап өту қарастырылуда. Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсеналы Бықыбаевтың айтуынша, қазіргі кезде өңір мерейтойына дайындық жоғары деңгейде.

Бүгінде Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залының алдында Кенен Әзірбаев ескерткішін ашу, өңірден шыққан өнер жұлдыздарының концертін ұйымдастыру, әйгілі режиссер Асқар Тоқпановтың ескерткішін ашу, облыстық қазақ драма театрында Болат Бекжановтың «Айша бибі» тарихи драмасының қойылымын сахналау, жаңадан ашылатын көркемсурет галереясында қылқалам шеберлерінің көрмесін өткізу және Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің жанынан жұлдыздар аллеясын ашу көзделіп отыр. Алайда, қуана құптарлық дүние Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен «Тараз мұралары» атты көптомдық кітап шығару ісі қолға алынған болатын. Ал, биыл облыстың 80 жылдығына орай сол көптомдықтың алғашқы 80 томын шығару көзделуде екен. «Қазіргі таңда облыстың тарихы мен тарихи тұлғаларының шығармашылығына арналған 80 том кітаптың материалдары әзірленді. Оның 21 томы өңір тарихына арналса, 59 томы халық шығармашылығы бағытында жарық көретін болады. Жинақталған материалдардың сапасы, мәтіні, мұқабасы, жазылу стилі, сөйлемнің құрылуы сарапшылар тобымен тексеріліп, 80 том толығымен «7Su-Company» баспасына жіберілді. Баспа да өз тарапынан кітап жарық көргенге дейінгі түзету жұмыстарын жүргізіп, бүгінгі күнге 29 том кітап басылып жатыр», дейді басқарма басшысы.

Жалпы, Әулиеата өңірінен Сарбас ақын, Кенен Әзірбаев, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази және өзге де көптеген рухани тұлғалар шыққан. Сонымен қатар шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлінің мәлімдеуінше, Тараз топырағынан талай ғұлама Таразилер өткен екен. Осындай тарихи тұлғалардың мұралары да болашақта кітап болып басылып, ұрпақ игілігіне жарайды деген сенім бар.