Қоғам • 30 Қазан, 2019

Жұртшылық жергілікті биліктің жұмысын қалай бағалайды?

642 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың маңыздылығына тоқталып: «Жергілікті билік тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы тиіс. Бұл аксиома әлі де бүгінгі күннің шындығына айналмай отыр. Қанатқақты жоба ретінде тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу қажет деп санаймын. Мысалы, егер сауалдама немесе онлайн-дауыс беру нәтижесінде тұрғындардың 30 пайызынан астамы қала немесе ауыл әкімінің жұмысын тиімсіз деп есептесе, бұл Президент Әкімшілігінің арнайы комиссия құрып, туындаған мәселені зерттеуіне және тиісті ұсыным енгізуіне негіз бола алады» деген болатын.

Жұртшылық жергілікті биліктің жұмысын қалай бағалайды?

 

Иә, жақын жылдары жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйе­сі де енгізіліп қалар. Ал дәл қазіргі уақыт­та жергілікті билік халықпен қалай жұ­мыс істеп жатыр? Тұрғындар олардың жұмыс­тарын қалай бағалайды? Біз осы сауал­дарға жауап іздеп көрген едік.

 Есептік жиындар ел көңілінен шығып жүр ме?

Рас, бүгінгідей технологияның дамы­ған заманында әкімдерге халықпен, халық­қа әкімдермен байланыс орнату аса бір қиын шаруа деуге келмес. Қазір халық әлеуметтік желі арқылы үйде отырып-ақ кез келген деңгейдегі басшыға өзін толғандырған сауалды қойып, жауабын да лезде алып жүр. Бұдан бөлек ауыл, аудан, қала және облыс әкімдері жылына бір мәрте халық алдында есеп береді. Бұл да тұрғындармен байланыс орнатудың, олардың мұң-мұқтажын, көңіл күйлерін білудің бір жолы. Алайда әкімдердің есеп беруіне байланысты ел арасында әртүрлі пікірлер айтылып жүр.

«Әкімдердің  халық алдында есеп беру жүйесінің енгеніне 10 жылға таяп қалды. Бұл – өте қажет дүние. Алайда кейін­гі кездері осыны ойыншыққа айналды­рып жібергендейміз. Жиынға алдын ала да­йын­далған адамдар шақырылады. Қарапа­йым халық көбіне кіре алмай жатады не­месе жиынның өтетінін білмей қа­лады. Әкім есебінде есікті айқара ашып тастап, сыймаған халық сыртта тың­дап тұрса қандай ғанибет! Біле білсек, халық­тың шынайы пікірлері, ұтымды ұсыныс­тары осындай жиындарда айтылады.

Мемлекет басшысы билік қоғамдық ұйым­дармен, азаматтық қоғам өкілдері­мен тығыз байланыс жасау керектігін де үнемі айтып жүр. Алайда жергілікті жерлерде ара-тұра халықты әкімшілікке кіргізбей қою, болмаса арнайы уақытты, белгілі бір сағатты белгілеп, белгіленген мерзімде әкімнің өзінің келмей қалуы деген секілді фактілер тіркеліп жатады. «Әкімге жолығайын, мәселемді айтайын» деп көптен бері дайындалып, алтын уақы­тын бөліп келген тұрғын онымен кез­десе алмай кетеді. Бұдан кейін ол жер­гі­лікті билік туралы қандай пікірде бола­ды? Ертеңінде хатшысынан әлгі адам­ның аты-жөнін, мекен-жайын жазып алып: «Сіз менің қабылдауыма келген екенсіз, ол кезде мен болмай қалып едім. «Шаруаңызды өз аузыңыздан естиін», деп тұрғынның артынан үйіне ар­найы іздеп барған әкімді өз басым әзірге көр­ген жоқпын. Осындай әкімдер көп болса, халықтың да жергілікті би­лік­­ке деген сенімі арта түсер еді деп ой­лай­­мын», дейді ұзақ жыл мемлекеттік қыз­мет­те бол­ған, өңірде аудан, басқарма бас­шы­сы, об­лыс әкімінің орынбасары қыз­мет­терін атқарған Түсіпхан Түсіпбеков.

«Мемлекеттік қызметкерлерге, жер­гілікті әкімдерге негізгі бағаны беретін халық» деп айтылғанымен қарапайым халықтан гөрі әкімдерге өзінен жоғары тұр­ған әкімдердің баға беріп, тіпті жұ­мыс­тан алып тастайтын жағдайлары да кездеседі. «Халықтың көңілінен шықпай жұмыстан босапты» деген әкімдерді немесе мемлекеттік қызметкерлерді сирек естиміз. Керісінше «Өзінен жоғары басшының көңілін таппай, қызметін босатыпты» деген әңгімелерді жиі еститініміз тағы бар. Десек те, қоғамда халық үні, халық пікірі елеусіз, ескерусіз қалып жүр дей алмаймыз.

Халық демекші, біз осы материалды дайындау барысында халық арасында, ел-жұртпен біте қайнасып жүрген қара­пайым азаматтардың пікірін білу үшін «Әкіміңіздің жұмысын қалай баға­лай­сыз?» деген сауал қойған едік.

 

Тұрғындар не дейді?

Ермек ҚҰРМАНҒАЛИ,

Өскемен қаласының тұрғыны:

– Өз басым облыс әкімі Даниал Ах­метов­тің жұмысын жоғары бағалаймын. Қала тұрғыны болған соң күнделікті көріп-біліп отырмыз. Өскеменде қаншама көше кеңейді. Бірнеше демалыс орындарын салдырды. Сапасыз тұрғызылған дү­ниелерді жақсартты. Ертіс жағалауы қайта жаңғырды. Поганька жағалауын адам танымастай өзгертті.  Сәтбаев даң­ғылындағы жол 8 жолақты болды. Мұның бәрі қала тұрғындарына жасалып жат­қан жағдай. Ал қала әкіміне келер бол­сақ, ол кісі де жақсы жұмыс істеп жатыр. Әлеуметтік желідегі белсенділігін де байқаймыз. Тұрғындар көбіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы бойынша шағымданады ғой. Су, жол, жылу дегендей. Бір байқайтыным, осы мәселелердің барлығын үйіп-төгіп әкімге айтып жатады. Осының бәріне әкім жүгіріп жүреді. Әкімнің қол астындағы тиісті бөлімдер не қарайды деген ойға қаласыз.

 

Жәнібек НАУРЫЗБАЕВ,

Семей қаласына қарасты Қайнар ауылының тұрғыны:

– Жалпы алғанда, Семейдің әкімінің жұмысын оң бағалаймын. Ниеті түзу. Бәрін жасағысы келеді. Алайда ол кісінің бір кемшілігі, өзі тапсырған жұмысты толық бақыламайды. Соңына дейін жеткізбейді. Мен Семейге қарайтын Абыралы өңіріндегі Қайнар ауылының тұрғынымын. Қаладан 300 шақырым­дай жерде тұрып жатырмыз. Семей сынақ полигонының зардабын тартқан, әлі де тартып келе жатқан Абыралы өңірін­де мәселе өте көп. Семейдің әкімі жыл басында Қайнарға халыққа есеп беруге келеді. Сол кезде халық тарапынан әртүрлі мәселелер көтеріліп, ұсыныстар ай­тылады. Алайда соның орындалуы дұрыс қадағаланбайды. Сондықтан біз­дің айтар тілегіміз, Семей әкімі Ермак Сәлімов ақпан айында тұрғындармен кездесуде халыққа берген уәделерінің, өзі жүктеген тапсырмалардың қалай орындалып немесе орындалмай жатқанына көз жеткізу үшін арнайы келсе, өз көзімен көрсе дейміз. Мәселен, Қайнар ауылында 10 адамдық полиция бекеті жабылып, қазір не қаруы, не көлігі жоқ 1 адам ғана қалды. Ауылда педиатр дәрігер жоқ. Семей-Қайнар жолына қала билігі көңіл бөлмегеннен кейін Парламент депутаттарына, министрліктерге өзіміз барып, айтуға мәжбүр болдық.

 

Ержан ҚҰТТЫБАЕВ,

Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты, «Тарбағатай табиғаты» экологиялық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Біздің ауданға жаңа әкімнің келгеніне бес айдан асты. Бес айда Серікқазы Сәдуа­қасовтың жұмысына баға беру қиындау болатын шығар. Дегенмен халықпен етене жұмыс істейтінін көрсетіп жатыр. Үнемі халық арасында болады. Кабинетінде көп отырмайды. Ауыл-ауылдарды жиі аралап, тұрғындармен кездесуде. Бір байқағаным, бұл кісі экология мәселесіне ерекше көңіл бөледі екен. Өзім де эколог болған соң аудандағы қоршаған орта жағдайын жақсы білемін. Тарбағатайда Қоскөл деген шағын көл бар. Көп жылдан бері суы тартылып, адамдардың түсуі­не жарамсыз болып қалған еді. Әкім Қоскөлге Базар өзенінен арна тарттырып, қалпына келтірді. Мұның бәрі халыққа қажет дүниелер деп ойлаймын.

Мәдина ҚЫЗЖАНОВА,

Жарма ауданы, Қалбатау ауылындағы Георгиевка орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:

– Қазір көп дүние қолжетімді ғой. Өз басым аудан әкімі Ахметқали Нұрғожиннің жұмыс­тарын әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы біліп отырамын. Кез келген сұрағымызды қоя аламыз. Өзім куә болған бір жайды айтайын. Көршімнің үйі әбден ескіріп, быт-шыт болып, құлағалы тұрған. «Аудан әкімінен барып, көмек сұрасам қайтеді?» деді. Не дейін?! «Барсаң, барып көр» дедім. Бір күні көршім қуанып келді. Әкім жаңа үй беріпті. Қазір сол үйінде тұрып жатыр. Өзім әлеуметтік желіде жиі отырамын. Менің тілегім, ауыл әкімдері, аудандағы денсаулық, білім секілді бөлімдердің басшылары да әлеуметтік желі арқылы халықпен байланыс орнатса артық болмас еді.

 

Нұржан ЖОЛДЫБЕКҰЛЫ,

Аягөз ауданының тумасы:

– Елбасы, Президент пен халық арасында делдал, алтын көпір болуға тиіс тұлғалар – жергілікті әкімдер. Билікке деген сенімді қалыптастыратын да, жоғалтатын да – осылар. Мемлекет тарапынан қаншама жақсы бағдарламалар қабылданып жатыр. Сол бағдарлама­лар дұрыс орындалмай, ақша игеріл­мей жатады. Неге? Өйткені мемлекет­тен бөлінген қомақты қаражатты игере­тін жобалар жоқ. Жобаларды аудан мен ауыл әкімдері жасап, ұсынуға тиіс. Жоба жасалса, ол жоба қолдау тапса халыққа да жұмыс болады. Мен айтар едім, мемлекеттік қызметке, ел басқаруға кәсіпкерлер мен саудагерлер емес, идея­сы бар, білімді азаматтар келуі керек. Бізде мемлекеттік қызметке бизнес көзі ретінде қарайтындар бар. Бұл жақсылық әкелмейді. Өзіндік идеясы, өзіндік ойы, өзіндік пайымы бар мемлекетшіл азаматтар шенеуніктік қызметке келсе, елдің де еңсесі көтерілері анық.    

 Аудан әкімдері халықпен қалай қарым-қатынас жасайды?

Өңір тұрғындары өз әкімдерінің жұмысын қалай бағалайтынын аз-кем білдік. Ал аудан әкімдері халықпен қалай жұмыс істейді? Тұрғындардың мәселелері мен ұсыныс-пікірлерін қандай жолдармен біліп, шешім қабылдайды? Осы орайда біз өңірдегі төрт ауданның (Ұлан, Алтай, Үржар, Аягөз) әкімдеріне хабарласып, сауалымызды қойғанымызда барлығы да «әлеуметтік желіде отырамыз. Тұрғындарды қабылдау уақытымыз арнайы белгіленген болса да, халықты кез келген уақытта қабылдауға, пікірлесуге дайынбыз» деп жауап берді.

«Ресми түрде аудан тұрғындарын бейсенбі күні түске дейін қабылдаймын. Басқа күндері де қабылдай беремін. Есігім әрдайым ашық. Кейбір тұрғындар соңғы ақшасына алыс ауылдан келуі мүмкін. Өзім жоқ болсам, орынбасарым қабылдайды. Әлеуметтік желі арқылы да тұрғындардың мәселесін біліп отырамыз. Тұрғындар онда ойларын ашық жазып жатады. Бұл шұғыл шара қабылдауға өте қолайлы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік желіні қолданыңдар деген тапсырмасы халық пен жергілікті әкімдіктің қарым-қатынасын нығайтуға оң әсер етіп жатыр деп айта аламын. Елдің тыныс-тіршілі­гін білу үшін аптасына бір рет ауылдарды аралап шығуға тырысамын. Екі-үш апта немесе бір айдан кейін берген тап­сырмалардың қалай орындалғанын мін­детті түрде тексеріп отырамын», дейді Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Ал Алтай ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов тұрғындарды көшеде де қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, тиісті орындарға сол жерде тапсырма беретінін айтады. «Ұялы телефонымды аудан тұрғындарының көпшілігі біледі десем артық айтпайтын шығармын. Былтыр ауданда алапат тасқын болды. Сол кезде тұрғындармен етене араласып кеттік. Аудандағы кадрлардың халықпен жұмыс істеу тиімділігін арттыру мақсатында «Аудан әкімімен бір күн» деген қанатқақты жобаны қолға алғанбыз. Жоба аясында ауданға жаңадан қызметке келген басшыларды қасыма көмекші ретінде ертіп алып, бір күнгі жұмысымды көрсетемін. Оларға тұрғындармен қалай жұмыс істеуді үйретемін. Айына бір-екі мәрте бірер сағат уақыт тауып, қарапайым адамдармен кездесіп, сұхбат құрамын», дейді ол.

Үржар ауданының әкімі Серік Зайнул­дин қазіргі уақытта, әсіресе көп балалы аналарға айрықша көңіл бөліп, аудан тұрғындарының, кәсіпкерлер­дің демеушілігімен 27 отбасына баспана берілгенін жеткізді. «Көп балалы ана­лардың мәселесін біліп отыру үшін арнайы топ құрдық. Айына бір рет сол топтың басшысын қабылдап отырамын. Ақсақалдармен де жиі жолығып, ақыл-кеңестерін тыңдап отырамыз. Ақсақалдар аудандағы кемшіліктерді жасырмай айтады. Біз бұдан тиісті қорытынды шығарамыз», дейді әкім.

Аягөз ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев алыс ауылдардағы тұрғындарға өзі арнайы барып, кездесу өткізуді дәс­түрге айналдырғанын тілге тиек етті. «Аудан аумағы үлкен. Сондықтан ауыл­дар­да қабылдау өткізіп жатырмыз. Мәсе­лен, бұрынғы Шұбартау ауданы 300 ша­қы­рымдай шалғайда орналасқан. Жақын­да осы өңірдегі Малгелді, Байқош­қар, Баршатас, Бидайық ауылдарында тұрғын­дармен кездесу өткіздім. Қаншама мәсе­лелер айтылды. Өз басым Аягөз ауда­ны­на келген бес айда Шұбартау өңірі­не 4 рет барып қайттым. Сонымен қатар Баршатас, Ақшәулі және Нарын ауыл­дарында аудан әкімдігінің көшпелі мәжіл­ісін өткіздік. Мұны өткізудегі мақсат – ауыл­дарды көркейту. Ауыл көркейсе, тұр­ғын­дар­дың да еңсесі көтерілмей ме?» дейді ол. 

Шығыс Қазақстан облысы