Қоғам • 30 Қазан, 2019

Дін мен дәстүр

1487 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шариғат, ысырап деген ұғым-түсінікті алға тарта отырып, қазақтың ұлттық дәстүріне шабуыл жасау басталғандай. Соңғы уақытта жеке адамдардың тірші­лігіне байланысты ысырап мәселесі жиі қозғала бастады. Қазақтың қонақжай­лылығын даңғойлықпен байланыстырып, ысырапшылдыққа балайтындар көбейіп тұр бүгінде.

Дін мен дәстүр

Жақында еліміздің бір телеарнасы «Елімізде анау-мынау мерекеден еш кем түспейтін ас беру рәсімі сәнге айналып барады. Жұрт күліп кетеді деп, дүниеден өткен адамды жерлеуден кейін жүздеген адамға ас беріледі, шапан, тақия, орамал, таратылады. Жалпы, кісісі өлген қаралы үйдің осыншалық деңгейде шашылып, шабылуы дұрыс па?» деген сауалға жауап іздеп «шабылғаны» бар. Былай қарағанда, «шашылып», «шабылуға» басымдық бере отырып, адамды үнемшілдікке шақыратын тәрізді көрінеді телеарнаның сараптамасында. Алайда, «ас беру рәсімі сәнге айналып барады» дегенін қалай түсінуге болады? Ас беру рәсімі байырғы заманнан бар емес пе.

Ас беру ата-баба дәстүрін ұлықтайтын қазақпен бірге жасасып келе жатқан ғұрып. Ақанның Құлагері мерт болатын Сағынайдың асында 500 ақ үй тігіліп, оған 500 бұхар кілемі ілінген. Қонақтарға сыйлауға 500 бұхар шапаны әкелініп, асқа 20 мың қой, 100 жылқы сойылыпты. Ал 1860 жылы Ерден Сандыбайұлына ас берілгенде 500 үй тігіліп, 160 жылқы, 200 қой сойылған. Ат жарыстың бас бәйгесі 100 жылқы болған. 1861 жылы Байдәулет Құлбекұлына берілген аста бас бәйгеге 100 жылқы, 100 қой, 1 ақ отау, 10 түйе тігілген. Сондай-ақ Құнанбайдың әкесі Өскенбайдың асы да бүкіл ел арасында аңызға айналған.

Құнанбай демекші, «Абай жолында» Бөжейдің асы туралы да айтылады емес пе. Осы Бөжей асын өткізуге Абайдың өзі 15 үлкен жылқы, 5 тайдың етін, 40 саба қымыз дайындап, қонақ күтіседі. Бұл да ысырапшылдық па? Елдікті таныту, үлкен шаруаны көп болып атқарысу күнә ма екен? Елдің бірлігін, ірілігін, қонақжайлығын, бауырмалдығын көрсеткен осындай ас беруді, алқалы жиынды «сәнге айналды» деп тұқыртуға бола ма?

Бақилық болған кісінің жетісін, қырқын, жылдық асын беру шариғатта жоқ деп, халықтың арасына екіұшты пікір таратып, әрі-сәрі күйге түсіріп жатқандар да бар. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының жанындағы республикалық ақпараттық түсіндірме тобының мүшесі, теолог Арман Қуанышбаевтың пікірінше, қайтыс болған адамның жетісін, қырқын, жылын өткізу шариғатта белгіленбеген. «Ананы да, мынаны да жақтау емес мақсат. Бұл жерде шариғаттың үкімі. Расында да қырқы, жылы деп белгіленбеген. Ол шариғатымызда жоқ нәрсе» – дейді теолог. Шариғатта жоқ болса, біздің жасап жат­қанымыз дұрыс емес пе деген заңды сауал туындайды ғой осыдан кейін. Ал бұған жауапты Қазақстан Мұсылмандары діни бас­қармасының өзі шығарған «Дін мен дәстүр» атты кітаптан(11-бет) таптық.

«Мұсылман шариғатында адамдардың еркіне қалдырған мубах яки ерікті істері бар. Мысалы, тойларды, мейрамдарды өткізу жолдары, салт-жоралғылары әрбір халықта әркелкі. Олардың бәрін шариғатқа сай келмейді деп айтуға болмайды» делінген кітапта. Олай болса, қайтыс болған кісінің жетісін, қырқын, жылын беру шариғатта жоқ болғанымен, «мубах яки ерікті істері» қатарынан деп қабылдауға әбден болады емес пе.

Жоғарыда айтылған «тойларды, мейрамдарды өткізу жолдары, салт-жоралғылары» кітапта әрі қарай «әрбір мұсылман халқының ғұламаларының көз алдында әрі олардың құптауымен сан ғасырлардан бері атқарылып келе жатқан ғұрыптар» деп айтылады да, одан әрі қарай кітапта төмендегіше түбегейлі нүктесі қойылады: «Сондай ұлттық ерекшеліктерге, тілдік ерекшеліктерге қарсы шығу, оларды дәл арабтардікіндей етуге тырысу барып тұрған надандық». Бұдан артық қандай нақты дәлел керек?!

Ендеше, ғасырлардан бері келе жатқан бабалар жолынан, ұлттық дәстүрден бас тартып, араб әлемінің үрдісімен, шариғатпен өмір сүреміз деу қаншалықты елдің көркеюіне, рухани тұтастығына әкеледі. Ұлт рухани тұрғыдан тұтас болмаған тұста мемлекет өркениетті, дәулетті елдер қатарына қосыла ала ма?

«Дәстүрлі дінінен, ділі мен тілінен, әдет-ғұрпынан ажыраған елдің болашағы жоқ» деп жазылған жоғарыда біз сөз еткен кітапта. Олай болса, болашағымызды ойлайтын болсақ, дәстүрлі темірқазығымыз – ұлттық дәстүрімізді ұлықтай білгеніміз абзал.