Аймақтар • 30 Қазан, 2019

Деректі фильм сарапшылар талқысына салынды

379 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтауда Ш.Есенов атындағы КМТИУ-де «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Өңірлік сараптау кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырысты университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Г.Д. Аманиязова ашып, жүргізіп отырды. Кеңесте Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері Ә.Кекілбайұлының «Ұйқыдағы арудың оянуы» (1979) кітабының негізінде түсірілген осы аттас деректі фильмнің алдын ала көрсетілімі болып, талқыға салынды.

Деректі фильм сарапшылар талқысына салынды

Фильмді дайындауға тапсырыс берген – Маңғыстау облыстық білім басқармасы. Деректі фильм негізінен оқушылар мен студенттерге өлкетану бағытында, мұғалімдерге әдістемелік құрал ретінде, жалпы көрерменге танымдық тұрғыда арнайы дайындалғандықтан, оның мазмұны мен сапасы, көркемдігі сарапшылар тарапынан мұқият қадағаланды. Жауапкершілікті сезінген кеңес мүшелері белсенді қатысты.

Фильм режиссері Ақбөбек Төлжан фильм жобасы және түсіру жұмыстары туралы қысқаша ақпарат берді.

50 минуттық «Ұйқыдағы арудың оянуы» деректі фильмі көрсетіліп, кеңестің екінші жартысы оның мазмұны мен сапасы, көркемдігі тұрғысынан талқылауға ұласты. Орынды сын-пікірлер айтылып, әлі де түзетулер мен толықтырулар енгізілетін болды. Кеңесте айтылған пікірлерге шығармашылық топтың продюсері Оралбек Сарыбасов та жауап берді. Көтерілген мәселелердің бәрі Өңірлік сараптау кеңесінің хаттамасына енгізілді.

 

 

Маңғыстау облысы