Спорт • 30 Қазан, 2019

Күрес: Жарыстың екінші күннің финалына жолдама алғандар белгілі

447 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еркін күрестен Будапеште өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы (U-23) әлем біріншілігінің екінші күні финалдық сайысқа жолдама алған балуандар белгілі.

Күрес: Жарыстың екінші күннің финалына жолдама алғандар белгілі

61 кило салмақ дәрежесінде үндістандық Равиндер Равиндер мен қырғыстандық Ұлықбек Жолдошбеков күреседі. Ширек финалда қырғыз балуанынан жеңілген біздің Дәулет Тәжібай жұбыныш бәсекесінде украиналық Валентин Блясецкиймен шеберлік байқасады.

74 кило салмақтың бас жүлдесін ресейлік Разамбек Жамалов пен ирандық Мұхаммад Ноходиларими өзара сарапқа салады. Қазақстандық Дархан Есенғали 1/8 финалда жоғарыда есімі аталған Парсы елінің өкіліне есе жіберген еді.

86 кило салмақтың ақтық сынында әзірбайжандық Гаджимұрад Магомедсаидов пен ирандық Камран Гасемпур күш сынасады. Ширек финалда Есқали Дәулетқазы жапониялық Хаято Ишигуроға есе жіберді. Күн Шығыс елінің өкілі келесі кездесуде ұтылғандықтан қандасымыз үшін бұл жарыс аяқталды.   

82 кило салмақ дәрежесінің алтын жүлдесі үшін ресейлік Батырбек Цакулов пен америкалық Дин Никал айқасады. Қазақстанның өкілі Шәміл Магомадов өзінің тұсаукесер кездесуінде Украинаның өкілі Виталий Соваға жол беріп, көрермендер қатарына қосылды. 

125 кило салмақтың теңдессізі ресейлік Виталий Голоев пен ирандық Аббас Заре арасындағы тартыста анықталады. Алыптар арасындағы айқаста Қазақстанның туы астында өнер көрсеткен Юсуп Батырмұрзаев ширек финалға дейін жетті. Сол межеде ол Иран спортшысынан ұтылды. Қарсыласы финалға дейін жеткендіктен жерлесіміз жұбаныш бәсекесінде бақ сынайды.