Ғалым: «Сасықсай» о баста 24 мың текше метр сұйық жинауға арналған еді, қазір кәсіпорындардан тәулігіне 60 мың текше метр сарқынды құйылады. Улы заттардың қорымына айналған полигон аумағы 8 есе ұлғайды», дейді.
Атауының өзі көп нәрседен хабар беретін бұл булану алаңының жабылатыны туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев халыққа есеп беру жиынында айтқан еді. Қаланың сол жақ жағалауында салынып жатқан кәріз тазарту жүйесі құрылысының аяқталуын атыраулықтар асыға күтіп жүр. 2017 жылы басталған кешен қазір аяқталып келеді. Алдағы жылы іске қосылуға тиіс.
Кешен құрамындағы негізгі кәріз айдау стансасын, тазаланбаған ағынды сулардың қондырғысын, биологиялық көлдер мен булану алаңдарының құрылысын тексерген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл жобаның өңірдің экологиялық қауіпсіздігінде маңызы зор екенін атап өтті. Жаңа кешеннің ерекшелігі – ағынды суды тазартады, ал таза су көздері жер қабаттары мен жерасты суларының ластануына жол бермейді. Тазарған суды шаруашылық мақсатқа қайтадан пайдалануға да болады. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Амановтың сөзіне сүйенсек, жаңа нысанның қуатын тәулігіне 100 мың текше метрге дейін жеткізу жоспарланған.
Облыстық Экология департаментінің басшысы Абай Сафиннің айтуынша, 2021 жылдан бастап «Сасықсайға» лас су ағызу тоқтатылып, аумағы қалпына келтіріледі. Буландыру алаңын рекультивациялау жұмысының басым бөлігін «Атырау мұнай өңдеу зауыты» жүзеге асырады. Жаңа кешен облыс орталығының сол жақ бөлігінің кәріз суын тазартады. Болашақта оң жағалаудан да осындай кешен бой көтереді, қазір осы мақсатта жобалау жұмыстары жүріп жатыр. «Бұл қоршаған ортаны қорғауға, ауа тазалығын сақтауға оң ықпал етеді», дейді өңірдің бас экологы. 1978 жылы салынып, содан бері бірде бір рет күрделі жөндеу жүргізілмей, әбден тозығы жетіп тұрған «Сасықсайдың» дәурені осымен аяқталады.
Жыл басынан бері қала аумағында орналасқан НКОК компаниясының стансаларынан және Атырау мұнай өңдеу зауытының санитарлық-қорғаныс аумағынан ауаны ластауға қатысты 514 дерек тіркелген. «Әсіресе «Сасықсайдың» жанындағы «Вест ойл» стансасында атмосфералық ауаның өте көп ластанғаны анықталды. Сараптама жұмыстарының нәтижесінде ластану көзі кәріз сулары құйылатын булану алаңы екені анықталды», дейді Абай Сафин.
«Қазгидрометтің» мониторингтік бақылауы нәтижесінде жасалған ауасы ең лас қалалар тізімін биылғы бірінші жартыжылдықта Ақтөбе бастап, Қарағанды, Нұр-Сұлтан қалаларынан кейін Атырау жалғастырған. Мұнайлы аймақта бірінші санаттағы қауіпті кәсіпорындар саны 147-ге жетті. Бұл қоршаған ортаны қорғау шараларын әлі де жетілдіре түсу керектігін көрсетеді. Ал келер жылдан бастап іске қосылатын жаңа кәріз суын тазарту жүйесі Атыраудың лас ауасын тазартады деген үміт бар.
АТЫРАУ