Қоғам • 31 Қазан, 2019

Ақтауда отбасын нығайту курсы өтті

254 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Берік отбасы» атты отбасылық психологиялық курс өтті. Бұл жайында аталмыш оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтауда отбасын нығайту курсы өтті

Мектеп қабырғасында ұйымдастырылған психологиялық тренингтер сериясы қыркүйек айында басталып, қазанның соңына дейін жалғасқан.

7 сессиядан тұрған тренингке 11 отбасы қатысты. Отбасы құндылықтарын қалыптастырып, ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға арналған курсты зияткерлік мектеп психологтары жүргізген.

- Біздің мақсатымыз – отбасы мүшелерінің қарым-қатынасын жақсартып, ата-ана баланы, бала ата-ананы түсініп, жанұядағы ынтымақтастық пен берекені икемділік арқылы дамыту. Өйткені отбасыдағы қалыпты ахуал, көтеріңкі көңіл-күй баланың сабақта белсенді болуына, ақпаратты тез меңгеруіне көмектеседі, дейді психолог Айгүл Тасанова.

Аталмыш курс биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Өткен оқу жылында 11 отбасы курсқа қатысса, биыл білім ордасындағы барлық 7-сынып оқушылары мен ата-аналары қатысады деп жоспарланған.

Мектептегі психологтардың сөзіне сенсек, курстың екі дәрісінен кейін-ақ, топ мүшелері ауызбіршілік танытып, өзара жақын тіл табыса бастапты. Сонымен қатар сабақ барысында ата-аналар балаларын жаңа қырынан танығандарын да атап өтті.

- Менің ойымша, мұндай тренингтерді әрбір мектепте өткізу керек. Өйткені жаңа заман талабына сай құндылықтар мен бала тәрбиесінде үлкен өзгерістер мен жаңалықтар бар. Бірақ ата-аналар жіті ізденбегендіктен көптеген олқылықтарға жол береді. Отбасымызбен курстың тиімділігін байқадық. Бір-бірімізбен қарым-қатынасымыз жақсарып, тыңдауды үйрендік, дейді Ардақ Сабырова есімді ата-ана.

Айта кетейік, «Берік отбасы» психологиялық курсын Ұлыбританиядағы Оксфорд Брукс университетінің мамандары бірігіп жасаған. Қазіргі таңда жоба әлемнің 35 еліне енгізіліп, орыс, испан, неміс, португал, француз, қытай тілдеріне аударылған. 2018 жылдың қараша айында Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің психологы Тілектес Маскарова Оксфорд Брукс университетінің аға мұғалімі, философия ғылымдарының докторы Дебби Ален және Линдси Клубстан бағдарлама бойынша білім алған.