Аймақтар • 31 Қазан, 2019

Маңғыстауда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу дайындығы пысықталды

186 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтауда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу бойынша өңірлік штаб отырысы өтті. Бұл туралы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстауда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу дайындығы пысықталды

Отырыс жұмысына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев, «Әлеуметтік сақтандыру медициналық қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Эрик Байжүнісов, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекеме басшылары қатысты.

Отырыста алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев, елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізілуіне екі ай уақыт қалғандығын тілге тиек етті. Сол себепті медицина саласының өкілдері бас қосып, дайындықты пысықтап алу қажеттігі туындап отыр.

Содан кейін сөз алған «Әлеуметтік сақтандыру медициналық қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Эрик Байжүнісов, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын әлі де болса кеңінен жүргізу қажеттігін алға тартты.

- Аймақтарда құрылған штаб жұмысының негізгі басым бағыттары әрбір тұрғынды қамти отырып, толыққанды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу болып табылады. Медициналық сақтандырудың әрбір аспектісі кеңінен түсіндірілсе ғана, белгілі бір нәтижеге қол жекізуге болады. Сондықтан да осы жұмыстарды әлі де болса жандандыра түсу қажет, деді ол.

Сонымен қатар өңірдегі медициналық мекемелердің міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу дайындығы туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Сағымбаев баяндама жасады.

Оның айтуынша, жүргізіліп жатқан реформаларды сапалы жүзеге асыру үшін қала мен аудандарда, ақпараттық жұмыс бекітілген өңірлік коммуникацияларға сәйкес жүргізілуде. Тегін кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде 51 медициналық ұйымдармен, (оның ішінде 25 жекеменшік) 71 келісім шарт жасақталып, жалпы өнімберушілер ішінде жекеменшік өнімберушілердің үлесі 46,3%-ды құрады. Жекеменшік өнімберушілерді қаржыландыруға 2 795 000 млн теңге бөлініп отыр.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу бағытында жұмыстар жалғасын табады. Барлық мемлекеттік органдар, қала және аудандық әкімдіктер азаматтарды формализациялау, медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыруды жүйелеріне тарту, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар санына қосу, жарналардың сақтандыру қорына түсуін жүйелендіруге бағытталған шараларды орындау тапсырылды.