Қоғам • 01 Қараша, 2019

Әлемдік ойдың алыбы

986 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

2020 жылы әлемдік деңгейдегі ұлы тұлға, біздің бабамыз – Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толмақшы. Бұл мерейтой өзінің биік деңгейінде аталып өтуі керектігін ойластыра отырып, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев арнайы Жарлық та шығарды. Осы орайда даңқты бабамыз туралы аз-кем ойларымызбен бөліскенді жөн санадық.

Әлемдік ойдың алыбы

Бірінші сөз

Бұл қазақ расымен-ақ, кім­мен және немен мақтануды әлі күнге білмей келе жатқаны ма? Егер дейміз-ау, тап осы Әбу­ На­сыр әл-Фараби деңгейлес бір тү­йір ғұламасы бар болса, өзге ха­лықтар әлемнің төбесін ойып жі­берер ме еді, қайтер еді! «Шы­ғыс­тың Аристотелі» деген абыройлы атағының өзі неге тұрады? Ал біз жайбарақатпыз баяғы! Соңғы уақыттарда мен осы тең­дес­­сіз ой иесінің еңбектеріне кө­бі­­рек шұқшия бастағам. Теле­гей теңіз білім адамы десем, ол да аздық ете ме, қалай? Философия алыбы десем, тағы да олқы со­ғар ма? Ойды көп шашырата бермейін. Бір ғана мысал. Әбу На­сыр сонау ІХ ғасырларда-ақ «Қайырымды қала» (Ақылды қала десек те болар) идеясын ұсы­­ныпты. Және сол ойларын ғылыми тұжырымдармен дәлел­­деп-шегелеген. Ақылды қала­да кім­дер тұруы керектігі, оларға қойы­латын талап-тілектер жайы­нан терең қозғап сөз еткен. Жазып қалдырған ойлары осы күн­ге дейін маңызын жоймай келе жатыр. Бұл енді ұзақ әңгіме. Те­реңге бастайтын пәлсапа! Әзір­ге осымен тоқтала тұрайын.

 Екінші сөз

Ол өз жазбаларында Қайы­рым­дылық пен Өш­пен­ді­лік­тің ара-жігін толық ажырата білу­ге үгіттеді. Өшпенділік етек алған жерде береке де, бір­лік те бола алмайды, қоғам ыды­рай­ды. Ал Қайырым – жинақ­таушы күш! Сол себепті де Әбу На­сыр «Қайырымды қала­ның тұрғындары» жайлы трактат жазуға аса ықыласты болған. Бұл еңбекте ең алдымен Білім­ділік, Қайырымдылық және Әде­мі­лік бірлігін сақтауға шақырды. Осы үш қасиет адамды биік етіп көрсетпек. Осындай бірлік қана қайырымды қалаға негіз қала­мақ­шы. Сол себепті де Әбу Насыр жазды: «Егер адамдар бақытқа жету жолында бір-біріне қол созып, көмектесетін болса, жер бетінде қайырымдылық сезімі қа­нат жаяды!» Бұл жолда ол кез-келген адамның білімі мен білі­гі­не табан тіреп, соны барынша көтермелеп-бағалауға үндеді. Сосын да «барлық нәрсені адам­ның ақыл-ойы ғана шеше алатынын» баса айтумен болған. Қандай да бір іс болмасын, ол «адамның жаратылыс-болмысынан, тәлім-тәрбиесінен» бас­тау алып жататынын шегелей айтумен болды. Қысқасы, Әбу На­сыр қайырымды да ақылды қалада өмір сүруге қол жеткізу – барлық адамдардың мінез-құл­қы мен ақыл-парасатына келіп тіре­летінін жан-жақты түсіндіріп бақты.

Үшінші сөз

Көне қала Отырарда 870 жылы туып, 950 жылы Шамда (Дамаск) көз жұмған ғұлама бабамыз 160-тан астам трактат жазып, әлемнің 70-ке жуық тілін меңгерсе де, өте қарапайым болып өмір кешіпті. Ешқашан «мен» деген сөзді айтпаған деседі. Өз кезінде замандастарының бірі үлкен ғұлама-философтан сұрапты: «Дүниедегі ең ұлы адам Аристотель ме, болмаса сізді айтамыз ба?» дейді. Сонда Әбу Насыр былай деп жауап берген екен: «Егер мен Аристотель заманында дүниеге келсем, онда оның көп шәкірттерінің бірі болып қалар едім!». Байқайсыз ба, не деген қарапайымдылық! Қандай ұстамдылық! Ешқашан кеуде қағып, өзін алға оздыруға тырыспаушылық кісіні онан бетер абыройлы да беделді ете түсетін шығар! Міне, керек болса, Әбу Насыр баба бізге осы жағымен де үлгі!

 Төртінші сөз

Ұлы бабамыздан мұра боп қалған «Мемлекет қызметшісінің нақыл сөздері» деген трактаты да бар. Ол осы еңбегінде ғылым мен билікті бірлікте қа­рас­тыруға тырысады. Көне фило­соф Аристотельдің «Билікті сатып алғандар – одан пайда та­буды әдетке айналдырады» деген тұжырым-ойын одан әрі дамыта түседі. Сол себепті де жоғарыдағы еңбекте қалаларды қалай басқару керектігін, оны кім басқарғаны дұрыс екенін тізбелеп, өзгеше ой түйген. Әрі білімді, ірі ақылды, әрі таза ниетті адам ғана шаһар тұрғындары тұрмысын жақсартып, бақытқа жетуге ықпал етпек дейді. Қысқа­сы, философ ғалым ғылым жетіс­тіктері мен билік әдістерін неғұр­лым бір-біріне жақындата түссек, соғұрлым өмір де алға басады, тіршілік те жайнай бермек деп түйін жасаған. Былай қарасақ, ба­бамыздың он ғасыр бұрын ай­тып-жазып кеткендері әлі де ма­ңыз­ды болып көрінеді. Ойлан­ған­ға ой берерлік қауқары бар сияқты!..

 Бесінші сөз

Кейбір жазба деректерде Ба­ғ­дадта тұрып жатқан Әбу На­­сыр бабамыз бір кезеңде (дәл уақытын айта алмаймыз) Са­мар­­қанд билеушісінің өтініш-тілегі бойынша туған қаласы – Отырар­ға оралып, біршама уақыт тұрақтап жұмыс істеген делінеді. Міне, сол шақта «Ат-Талим ас-сани» (Второе учение) деген еңбегін жазып, аяқтаған деген тұжырым да бар. Мұнда Орта Азиядағы ғылым мен білімнің даму сатылары жайынан ой қозғап, осы кезеңдегі көптеген оқымыстылар мен ғалымдардың еңбегін талдап, жақсы жақтары мен кемшіліктерін таразылап, ой елегінен өткізе отырып, өзінше салмақтап баға берсе керек. Осы­дан соң көптеген оқымысты-ғұла­малар Әбу Насырды «Екінші ұс­таз» деп атай бастапты. Тіп­ті медицинаның атасы болып есеп­те­лінетін Ибн-Сина (Ави­цена) да Әбу Насырдың тағы­лым­ды еңбегін оқып болған соң, енді ғана ұлы философ Аристотельдің түпкі ой-пайымдарын толық түсінгенін мойындаған. Сөйтіп, өзінің «Книга исцеления» деген туындысын (тіпті оны Әбу Насыр еңбегінің конспектісі деп те атаған) жарыққа шығарған деседі. Егер бұл еңбекті расы­мен конспекті деңгейінде қабыл­дай­тын болсақ, онда баба­мыз­дың жазбасы қандай дең­гейде болғаны? Әттең, Әбу­ На­­сырдың сол ойлы жазба-ең­бе­гі әлі күн­ге табыла қойған жоқ, қолға түс­пей келеді. Бірақ көптеген әлемдік ғалымдардың ғылыми-фи­лософиялық талдау еңбек­те­­рінде аты жиі-жиі аталып жа­тады. Біз іздеп жатырмыз ба? Тапқымыз келе ме? Сол ой ара­гідік кеудеге кептеліп келіп қала­ды да, өзекті өртей бастайты­ны бар!..

 Алтыншы сөз

Қазіргі заманда адамдар ұғы­мын­да қисықтау пікір қалып­тасқан: әкесі атақты-белгілі кісі болса, баласы шалағай, ой-өрісі тар ұрпақ болып өседі деп айтып та, жазып та жатады. Осы сөз, асылы, шындыққа сәйкес емес, даулы пікір. Бұған дәлел – ұлы ойшыл Әбу Насырдың өмірі деуге болатындай. Тарихи деректерге сүйенсек, Әбу Насырдың әкесі Махмет (Мұхаммед) Отырарда әскер басы (кей жазбаларда – сол маңдағы Бесік-қорғанда) бол­ған делінеді. Ол заман – жау­гершілік заман, екі күннің бі­рінде тұтқиылдан жау лап қойып, жеріңді де, еліңді де тып-типыл қылуы бек ықтимал. Де­мек, әскербасы еңбегі бұл кезде өлшеусіз де ұшан-теңіз, оған халық тағдыры мен жер тағдыры сеніп тапсырылған десе де болғандай. Міне, осындай өте беделді әрі ықпалды отбасында Әбу Насыр дүние есігін ашқан. Олай болса, оған жоқшылық-таршылық деген мүлде жат екені өзінен-өзі белгілі. Не ішем, не кием демеген. Әке абыройының көлеңкесінде ештеңеге бас қатыр­мас­тан, өте бақытты ғұмыр кешсе де болатын ба еді! Бірақ, зерек ұл ол жолды таңдамады, өзі жаны­мен қалаған өзгеше сүрлеуін іздеді. Қыпшақ даласынан шы­ған­­дап шығып, әлемдік ақыл-ой­дың қызу майдан-ошағына мидай араласты. Сөйтіп, жарқырай көрініп, ең биік шыңға көтерілді, ерекше талант қырларымен айна­ла­­сындағыларды таң-тамаша ет­ті. «Шығыстың Аристотелі» атан­ды.

Артында өлместей мол руха­ни мұра қалдырып, тарихқа атын мәңгіге жазды. Әбу Насыр әл-Фараби біз үшін сосын да аса қым­бат, мейлінше құрметті!

 Жетінші сөз

Түркі халқының ең үлкен мәде­ни-ағарту орталығы ретін­де сол замандарда-ақ таныл­ған Фараб (Отырар) шаһары Әбу На­сыр дүниеге келмей тұрып, бір ғасыр бұрын бейбіт жолмен Ислам дінін қабылдағаны айты­лады тарихи жазбаларда. Сол шақта әрбір сауаты мол мұсылман ислам діні қа­ғи­­­даттарымен шұғыл­дануы тиіс болатын-ды. Әбу Насыр да сөйт­ті, әу бастан түркі-араб тілді ғалым болып танылды. Оты­рарда өте бай кітап қоры сақ­тал­ған кітапхана бол­ғанын тарихи құжаттар дә­лел­дейді, сол мол мұ­радан қаже­тінше сусындаған. Содан соң Араб халифаты берік орын теуіп, өркендей түскен Бағ­дат қаласына сапар шеккен. Әбу На­сырдың бұл елде жүрген кездегі ең үлкен орнықты ісі – араб, парсы және түркілер көзқарасы арасындағы алауыздық пен тү­сініс­­пеушіліктерді, кейбір кер­тарт­па әрекеттерді түбегейлі жою­ға күш салуы. Оның мұндай ізгі ойына барша зиялы қауым аса құрметпен қарады, қолдау көр­сет­ті, ісінің ілгері басуына барынша мүдделілік бай­қат­ты. Кешегі кеңестік кезеңде Әбу Насыр бабамызды дінге қар­сы болған, оны мансұқ ету бағытында жұмыс істеген деп көр­сетуге тырысып баққан. Бұл – үлкен жүректі ғалымның ұс­танған бағытын бұрмалап, оған жасалған көпе-көрінеу қия­нат демеске амал жоқ! Араб-парсы-түркі үштігінің бірлігі жо­лындағы жасаған қадамы мен еңбегі өз алдына талданып, жеке әңгімеге тақырып болып сұ­ранып тұрғандай. Ал одан соң дін мен философия бірлігі, олар­дың аралық байланысы жайына ауысқанда да Әбу Насыр тосын да тың ойларға соқпақ сала білген. Бұл сала өзінше соны сүрлеу болып қала бермек!

 Түйінсөз

Қайта-қайта оралып, тілге тиек ете беретін тақырып бұл! Әбу Насыр баба жайы сөз болса, бұл қазақтың расымен-ақ селқос, марғау, мимырт, аңғал екені қайталап көзге ұрады! Бағымызға орай, өткен ғасырдың 60-жылдарында осы мәселені ғұлама ғалымымыз Ақжан Машани бел шеше кіріспесе, «жабулы қа­зан жабулы күйінде» қала бер­мекші екен-ау! Тарих былай дейді: 1962 жылдың басын­да, яғни «Білім және еңбек» журналының бірінші нөмірінде ғалым Ақжан Машанидың Әбу Насыр туралы алғашқы мақа­ла­сы басылды. Мақаласы емес, Әбу Насырдың «Ғылым үйрену туралы» деген еңбегі тұңғыш рет қазақшаға аударылып, қа­лың қазаққа жария болды. Ал, Ақжан ағамыз мақалаға алғы­сөз жазып, Әбу Насыр біздің баба­мыз екенін, көне Отырар қаласы маңында дүние есігін ашқа­нын, содан ғылым қуып алыс сапарға аттанғанын дәлел­деп көрсеткен. Арты талас-тартыс, жоққа шығаруға ұмты­лыс, қарсы мақалалар – қыс­қасы, бұл қазақ өзінің атышулы бабасын да тосырқап қарсы ал­ған. Бөтенсініп кекжиген! Бергі жағындағы қилы-қилы қазақ­­қа тән кертартпалық пен кесір оқиғаларды тізбектемей-ақ қоялық, айтайын дегеніміз мүлде басқа нәрсе! Сонда дейміз-ау, бұл қазақ өзінің шыққан тегіне, өзінің ұлы перзенттеріне неге тым суық, неге тым салқын? 60-жылдарға дейін «екінші Аристотель» атанған Әбу Насырдай ұлы пер­зен­ті болғанын білмей келу, білуге ұмтылмау – қалай айт­сақ та сүйекке сын! Бұл бір жағы! Екінші мәселе – біз неге Әбу Насыр деген өз ныспысы бола тұра барлық жазбаларда әл-Фараби дей саламыз? (Айталық, әл-Фараби атындағы ұлттық университет, т.б.). Тіпті кей жазбаларда Фараби деп те қоя салатын болып жүрміз! (Мысалы, Д.Досжанның бір повесі – «Фараби» деп аталады!) Осының бәрі де біздің әлі күнге көп нәрсеге аса ыждағаттықпен мән бермей­ті­німіз­ді, ал солай айта салуды мін санамайтыны­мызды қайталап әйгілесе керек! Біздікі – ой ғой! Ал, сен – Қазағым, бұған қалай қарайсың?Әйтеуір, бос елең-селеңмен жүрмей, ойлана жүрсек деген ізгі ниет қой біздікі...

 * * *

Ғылымның ең биік шыңына көтеріле алған ойшыл баба – Әбу Насыр әл-Фараби турасында соңғы 10-15 жыл төңірегінде біршама ойланып, ой қозғап жүрген жайымыз бар. Ғылыми еңбек жазуға талпынбадық, бірақ әдеби-көркем дүниелер тудырсақ деп қайта-қайта ұмтылыс жасаға­ны­мыз рас.

Әуелі «Отырардың жусаны» деген философиялық әңгі­ме өмірге келген. Содан соң «Шамда сөнген шырақ» («Ғұ­ла­ма-ғұмыр») деген драма жазып, ол туындымыз Мәдениет министрлігі жариялаған жабық бәйгеде «драматургия» аталымы бойынша 2015 жылы жүлдеге ие болды.

Енді, міне, «Әбу Насыр әл-Фараби» атты философиялық кино­роман жазып, аяқтау үстін­де­міз. Аманшылық болса, аз уақыттарда баспа арқылы жарық­қа шығып та қалар. Ал кино тіліне айналу жағы...

Бір өкінерлігі – министрліктің беделді байқауында ерекше аталып өтсе де, төрт жыл өтіп бара­ды, әлі күнге «Шамда сөн­ген шырақ» атты пьесамызды сахналауға ұсыныс түспей жат­қан­дығы.

Селқостық па? Білмедім. Әбу  На­сырды қадірлеп-сыйламау ма? Тағы да білмедім.

Сөздің тоқ етер түйіні – әлем таныған Әбу Насыр бабаны өз биі­гінде қадір тұтып, барынша құрмет көрсету, бүгінгі жас ұрпаққа мейлінше мол қырынан танытуға құштарлық байқату – біз үшін перзенттік міндет!

 

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері