Қоғам • 01 Қараша, 2019

Ұлттық кадрдан ұтарымыз көп

463 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында «Не­гіз­сіз, жүйесіз саяси либери­за­циялау елдің ішкі саяси ахуалы­ның тұрақсыздығына, тіпті мемлекеттіліктен айырылуға әкеліп соғатынын әлем елдерінің тәжірибесінен көріп отырмыз. Сондықтан біз саяси реформаларды «асығыстыққа салынбай», керісінше, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жүзеге асыратын боламыз», деді.

Ұлттық кадрдан ұтарымыз көп

 Президенттің сөздерінен осы­ған дейін алды-артын бағам­дамай асығыстықпен жүргізіліп, ешқандай нәтиже бермеген кейбір саяси реформаларды қиялап болса да сынап кеткені көрінеді. Асығыстықпен жүргізіліп жатқан саяси мәселенің бірі – кадр сая­саты. «Жастарды көтерейік, жас­тарға сенім артайық» деген ұран­дармен кадр резервін де 35 жасқа дейінгілер арасында құрып жатырмыз. Бұл әрине дұрыс, жас­тарды өсіру керек, жастарға тізгінді беру керек. Алайда, сондай жастардың еңбекте пісіп-жетілу деңгейін де ұмытпаған абзал. Олар тестілеудегі сұрақтарға дұрыс жауап берер-ақ, қажетті ұпайларды жинар-ақ, бірақ бойын­да мықты, тәуелсіз ел құруға дайын сана, істі игеріп кететін тәжі­рибе бар ма, сол жағына қалай көңіл бөлеміз?

Рас, өткен ғасырдың елең-ал­аңындағы аласапыранда ел тізгі­нін жастар ұстады, халық сөзін айтты. Алайда, сол кезде 25-30-да болған Сәкендер мен Мағжандар Ахаң, Жақаң, Әлекең сияқты алдыңғы ағаларының ықпалымен және халықтың ақыл-ойымен пісіп-жетілгендер еді ғой. Олар елдің қайнаған қалың ортасы­нан шығып, халықтың мүддесін бойларына терең сіңіргендер еді. Ал ел ішінде еңбек етіп көрмеген қазіргі отыздардағы жастар тек теориялық біліммен елімізді жетіл­діре ала ма? Ағылшын тілін біл­генімен қазақ тілін ұқпаса, халық­тың жай-күйін, мұң-мұқ­тажын қабылдамаса, ұлттың сыры мен сипатынан хабары болмаса, оған қандай сенім бар?

Біздегі барлық саясаттың ең не­гізгі ұстанымы тәуелсіз Қазақ елінің іргесін нығайтуға бағыт­талуы керек. Біздің ең басты мін­детіміз осы. Кадрлар осы жолдағы барлық мәселені шешуге тырысуы керек. Осы бағытта пісіп-жетілген жас болса, оған тізгінді сеніп тапсыруға болады. Алайда, бізде қазір пісіп-жетілмеген жастардан аяқ алып жүргісіз болып кеткенін көзіміз көріп жүр. Президенттің «Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономи­ка­лық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұста­натын басты қағидатымыз» дегені де осы жерден шығады.

Қазір Президент қазақ ортасы­на танымал, қазақ жанын түсіне алатын озық жастарды біртіндеп алға шығарып жатқаны соның ай­ғағы деп білуіміз керек. Түй­сік­­ті облыс әкімдері де бұл баста­ма­ны қолдап, өздерінде осындай танымал азаматтарды билік бас­пал­дақтарына көтеруде. 

Біздің қоғамда кейде «қыл­шы­ғын аламын деп былшы­ғын шы­ғаратын» жайлар жиі кезде­седі. Қазақ рухын жаңғырту, қазақы­­лықты жандандыру, ұлты­мыз­дың өрісін кеңейту деген сияқ­­ты ұрандарымызды тегіс Алаш сөзімен байланыстыратын бол­дық. Ең жеңілінде «Алаш рухын жаң­­ғырту керек» дейміз. Бұл тү­сін­­ген адамға әрине дұрыс. Алай­да, осы сөз ұзақ жылдардан бері ұлтшылдық, қазақты басқа­дан асыра бағалау деген ұғыммен астастырылып, әбден қорланып, әбден зәбірленген сөз еді ғой. Қазіргі барлық орыстілді басшылар одан азды-көпті хабардар. Өйт­кені бәрі де орыс мектебінде оқы­ды немесе орысша оқыған мұ­ға­­лімдерден дәріс алды. Сон­дық­тан өзі де жауын жаумай су болып жүретін кейбір қорған­шақ басшыларымыз бұл сөзден аза бойы қаза болып, әлі күнге үр­кіп тұрады. Елдік сананың ұтуы үшін нақты Қазақ атауын ғана жиі айт­қан өтімдірек болар ма еді деп ойлаймыз.

Қанаты қатаймаған мемле­кеті­мізге ұлттық идеологиялық жұ­мыс­тардың белсенді және өтім­ді болғаны керек. Біз түгілі жүз­деген жылдық тарихы бар, демо­кратиялық құндылықтарды бойы­на әбден сіңірген Англия, Фран­ция сияқты мемлекеттер де оның тізгінін босатпайды. Ал идео­логияның басты бағ­дары – хал­қымыздың санасына Қазақ мем­лекеттілігінің ұста­ны­­мын терең сіңіру. Барлық мәде­ни ша­ра­лардың, толып жата­тын конфе­рен­циялар мен симпо­зиум­дардың діңгегі, түпкі мақсаты осы болуы керек. Қазақтың ұлы мемлекетін берік орнату барлық деңгейдегі шенеуніктердің, қызметкерлердің есінен ешқашан шықпағаны жөн. Бұл ұлтшылдық емес, ұлтымызды өсіруге, сапасын арттыруға бағыт­талған нысана.

Ал оны қазақ тілінен қашып тұрған, қазақы болмыстан үркіп тұр­ған жас кадрымыз, бас­шы­лық­тың жұмсақ тағына отыр­ғыз­ған шала піскен жігіттеріміз жасай алар ма? Ойсыз істер, мағы­насыз шаралар, көбінесе фор­мальды түрде жасалатын жұ­мыс­тар Президент сөзінде атап айтқан «мемлекеттіліктен айры­луға әкеліп соғуы» мүмкін екенін олар сезе алар ма? 

Қазір ел ішінде жүрген соң жер­гілікті жердің тынысына, іс-қи­мылына куә болып жүрміз. Көбі­­несе болмашы, пайдасы аз дү­­ниеге үлкен назар аудары­лып, ал ұлт мүддесі үшін жасалуға тиіс­­ті дүниелер көзге ілінбей қа­ла­ты­­­нына қарның ашады. Идео­ло­­гия­­ны жүргізуге тиісті басшы­лар ұлт­тық мемлекетіміздің ұста­ны­­­мын өрістетуге өресі жете бер­мей­ді, өйткені тәжірибесі жоқ, тым жас.

Дана қазақтың білмейтіні жоқ қой. Аталарымыз ең жаман қарғыс ретінде «өзің білме, біл­геннің тілін алма» дегенді қалай дөп айтқан. Кейде қазіргі жас басшылар сондай қарғысқа ұшырағандар ма деп қаласың. Жоғарыдан түсетін тапсырмаларды немесе өзі бастамашы болғысы келетін істе олар ешкіммен ақыл­даспайды. Бұрын ондай жұмыс­тардың талайын істеген, қазір зейнетте жүрген ағалар мен апа­лардың бірнешеуін шақырып, алда тұрған міндетті қалай орындау керек екенін ақылдасса ғой. Сонда тәжірибесі зор мамандар жергілікті ахуалға байланыс­ты өздерінің ұсыныстары мен пікірлерін білдірер еді. Сөй­тіп іс нәтижелі де болар еді. Сабақтас­тық деген сол емес пе? Пре­­зи­дент Қ.Тоқаевтың Жол­дауда атап өткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген тұ­жы­­рым­­дамасы да осыны меңзеп тұр емес пе? Сонымен бірге Пре­зидент: «Билік пен қоғам ара­сында тұрақты диалог орнату ар­қылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады» деді. Жас басшылар осыны неге ескермейді?

Біздіңше, олар бұрынғы аға­лары мен апаларына түк біл­мей­ді деп жоғарыдан қарайды. Өздері­нің шетелде оқығанын, ағыл­шын ті­лін үйренгенін, компьютер­ді бі­ле­­тінін артықшылық санай­ды. Сондықтан істен еш тәжі­ри­­бе­­сі жоқ, жергілікті жердің ерек­шелігін білмейтін жас азаматтарды өңірлерге басшы­лық­қа жібергенде олар басқаратын мекеменің жанынан қоғамдық негізде ақылдастар кеңесін құру­ды міндеттеу керек. Бұл кемінде үш немесе бес адамнан тұрғаны дұрыс. Зейнет жасындағылар оған ешқандай ақы, пұл талап ет­пейді. Міне, сабақтастықты осы­лай жалғастыруға болатын сияқты. Әйтпесе жас басшылар «өзім білем» деушіліктен арылатын емес. Өзімшілдік саналарын улап алған. «Жаңаның бәрі ұмытылған ескі» деген даналық тегін айтылмаған. Бүгінгі істер де баяғыда болған, тек сыртқы фор­масында ғана өзгерістер бар, ал ішкі мазмұны сол қалпы еке­нінен өзімшілдердің хабары бола бермейтіні өкінішті.

Өңірге тағайындалатын бас­шы­лардың көбі сырттан келетін­ін көріп жүрміз. Оларға жер­гілікті мамандардан кеңес­шілер керек-ақ. Өйткені әрбір өңірдің өзіндік ерекшеліктері болады.

Үкімет төрт жыл бұрын «Сер­пін» бағдарламасын қабыл­да­д­ы. Оның түпкі мақсаты – халқы тығыз қоныстанған оңтүс­тік жас­тарын солтүстікте оқытып, қалдыруды көздеген еді. Өйткені солтүстіктің халқы жылдан-жылға азайып бара жатқаны белгілі. Жастар қалса, мұндағы халықтың саны да, сапасы да артар еді. Сол үшін мемлекет ауқымды қаражат бөліп, оларды тегін оқытып, стипендия да төлеп, жатақхана да беріп отыр. Ендігі міндет – жер­гілікті биліктің қолында. Об­лыс әкімдігі жастарды осында қалдырудың барлық амалын жасауы керек. Алайда, биыл оқу бітірген 300-ден артық алғашқы түлектің 8 пайызы ғана Солтүстік Қазақстан өңірінде қалды. Олар­дың ішінде магистратураға қал­ды­рылғандар да бар. Бұл жер­гі­лікті билік тарапынан жүр­гізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыс­тарының кемшілігінен бе деп ойлаймыз. Өзге өңірлерден келген жастарды бауырға тартып, оларды жергілікті жастармен қызу араластыратын түрлі мәдени шаралар, сауық кештері, спорт­тық жарыстар жүйелі емес, анда-санда бір болады. Онда да басым бөлігі орыс тілінде жүргізілеті­н көрінеді. Сондықтан сырттан келген жастар тек өз қазанында өзі қайнап жатады. Оңтүстік жас­­тарының болмыс-бітімі өзге­шелеу. Олар үлкендерді сыйлайды. Сондықтан ақсақалдар алқасы, ардагерлер ұйымы, әжелер клубы өкілдерімен де кездесулер өткізіп, әңгімелерін тыңдап, жиі араласып тұруға ықпал етуге болар еді ғой. Аға буынның әңгімелерінен жастар ел тарихын, жер тарихын тереңірек тани түсер еді. Әрине университет басшылығы мұндай іс-шараларды атқаруға тырысады. Бірақ күнделікті қарбалас­тан қарымдары жете бермейтін сияқ­ты. Жергілікті басшылық осы тарапта қызмет ететін үкіметтік емес ұйымдарды құруға, қолдауға ықпал етуге болар еді. Бірақ бұл шаруаны ескеріп жатқан басшылар жоқ. Осындай олқылықтардың нәтижесінде солтүстікке келген серпіндіктердің сегіз пайызы ғана қалды.

Сондықтан теріскей өңірлерге басшылық қызметке жібергенде олардың идеологияны жүргізе алудағы іскерлігіне көп көңіл аударылуы керек. Шекаралық облыстың ең басты мәселесі – халық санын тұрақтандырып, көшіп кетуді азайту, келушілерді жерсіндіру екенін естен шығар­маған жөн. Ал ондайды елдік көз­қарасы терең, тілді жетік білетін, мемлекетшілдігі жоғары жастар ғана атқара алады. Президент те өзінің Жолдауында «неғұрлым пайдалы қызметкерлер» керек екенін атап өтті емес пе? «Бәрін кадрлар шешеді» десек, біз ұлттық кадрлармен ғана ұта аламыз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы